Шымкент қаласындағы Фосфоршылар сарайының үшінші қабаты құлап, бір адам үйінді астында қалып кетті. Артынша іздеу жұмыстарының нәтижесінде оның мәйіті табылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің сөзінше, бала ғимарат ішіне видео түсіремін деп кірген болуы мүмкін.
«Жастар қазір TikTok түсіруге құмар. Жақында ғана «Жездуха» деген сериалдың бір сериясы осында түсірілген екен. Клиптер түсірілген. Бала еліктегіш келеді. Сондай бір мақсатпен келген болса керек. Полиция әр бес минут сайын патрульдеп жүрген. Дегенмен баланың аты бала, бір қуыстан өтіп кеткен болуы мүмкін», - деді ол.
Оқиға орнына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те барды. Қайғылы хабарды да Ғабит Сыздықбеков өзінінің Instagram парақшасында жариялады.
«Өкінішке қарай, бүгін Фосфоршылар сарайында қайғылы оқиға болды. Бірнеше студент сарайға кірген. Алдын ала ақпарат бойынша, жігіттердің бірі екінші қабатқа көтерілген. Онда ішкі құрылымның бір бөлігі құлап, үйінді астында қалған. Арнайы техниканың көмегі және құтқарушылардың күшімен жас жігіттің денесі үйінді астынан шығарылды. Марқұмның отбасына көңіл айтамын», - дейді әкім.
Бұған дейін ғимараттың айналасында ескерту таспалары тартылып, жақын жерде полиция патрулі кезекшілік еткен. Апаттың алдын алу мақсатында осындай шаралар жасалған.
Қазіргі кезде аталған ғимараттың аумағында полиция экипаждарының бірнеше посты қойылды.
«Осы орайда ата-аналарды бос тұрған объектілерге, сондай-ақ құрылыс, қайта құру сатысындағы нысандарға бару қаупі туралы балаларға дұрыс кеңес беруге шақырамын», - дейді Ғабит Сыздықбеков.