Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды», – деп Прездиент Жолдауында атап өткендей орта білім саласындағы сапа мәселесі бойынша биыл біршама жұмыстың нәтижелі, жемісті межеге жеткені жайлы тарқата айтқан жөн.
Әуелі, «Жайлы мектеп» деген ұлттық жобаның атауына мән берейікші. Ол қандай мектеп, несімен жайлы дейтін де боларсыз?
«Жайлы мектептің» ең басты ерекшелігі – мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек блокта оқиды. Әр блок оқу кабинеттерімен, дәретханалармен және спортзалмен қамтамасыз етілген. Балаларға бейнебақылау, дыбыстық хабарлау секілді күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделген. Бұрынғыдай таласып-тармасып, киім ілгішке жүгірмейтіндей ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтарына дейін қарастырылған. Мұның бәрі баланың шығармашыл, еркін ойлы, бар ынта-жігерін білім мен шығармашылыққа арнаған сапалы ұрпақ болуы үшін жасалып жатқан дүние.
Мұндай мектептерде физика, химия, биология, робототехника пәндеріне арналған кабинеттер заманауи техникалармен жабдықталған. Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында биыл 18 өңірдегі 718 мектепте 1 004 кабинет, атап айтқанда, химия – 248, физика – 261, биология – 232, STEM – 172, робототехника 91 кабинет іске қосылуда. Ал бұған дейін 1 200 орындық мектептерде бір ғана спортзалы бар болса, «Жайлы мектепте» бірнеше спортзал болмақ. Бұл да бір еркін дамудың, спорттық идеяларды іске асырудың жақсы мүмкіндігі дер едім. Сондай-ақ бұл мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруімен салынады. Бұл дегеніміз – рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуде ең оңтайлы жол.
Білім саласы осы жылдар ішінде бірнеше реформалық кезеңнен өткенін білесіздер. Оның ішінде нәтижелісі де, іске аспағаны да бар. Демографияның, ауылдан қалаға қоныс аударушылардың нақты статистикасына талдау жүргізілмегендіктен, үш ауысымды меткептер жазылмас жарадай халықты мезі қылғаны өтірік емес. Бұл туралы да Президент: «Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын», – деп айтқанын негізге алып, біршама жұмыс атқарылды.
Ал енді мысал ретінде кейінгі 10 жылды алып қарасақ, мектеп оқушыларының жалпы саны 1 млн балаға өскен. Бүгінде жалпы бала саны 3,7 млн-ға жетті. Оған келіп урбанизация, көшіп-қонып жатқан халық, уақыттың сырғуына сәйкес тозып, құлайын деп тұрған мектептерді де қосайық. Сол баяғы, үш ауысымды мектептің себебі өзінен-өзі шыға келеді. Әр нәрсенің есебі осылай нақты талданса, мұндай олқылық болмас еді. Алайда бүгінде бұл – күн тәртібінде тұрған мәселе. Сенаттағы жұмыс топтары үш ауысымды мектептердің жайын тұрақты бақылауда ұстап, заңнамасын жіті қадағалап отыр. Президент Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деген сөзіне сәйкес, 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап 88 мың орындық 96 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Ал жылдың соңына дейін 49,8 мың орындық 69 мектеп қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Осы орайда айта кетейік, бұл жаңа мектептердің қолданысқа берілуі үш ауысымдық 29 мектеп пен апатты жағдайда тұрған 12 мектептің мәселесін шешеді деп жоспарланып отыр.
«Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп жемқорлардың заңсыз тапқан ақшасының қайда жұмсалатынын Президент халыққа Жолдауында нақтылап атап өтуіне сәйкес, сыбайлас жемқорлардың қаржысы өндіріліп, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап қордың арнайы шотына 151,7 млрд теңге түсті. Соған орай Оқу-ағарту министрлігі қор қаражаты есебінен жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76 738 орындық екі ауысымды 62 мектептің құрылысын қаржыландырды. Ал осының ішінде 28,6 мың орындық 17 мектеп 1 желтоқсанда қолданысқа берілді.
Түйіндей келсек, 2023-2024 оқу жылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 740 мың оқушыға арналған 369 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 461 мың орындық 217 мектептің құрылысы биыл басталған еді. Сондай-ақ мектеп ішіндегі қауіпсіздік мәселесі де қайта қарастырылып, мектептердегі үздіксіз қызмет ететін қауіпсіздік жүйесі үшін жергілікті бюджеттен 23 млрд теңге қарастырылып отыр.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдыққа ие екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарға депутаттық корпусты жұмылдыру үшін Парламенттік комиссия құрылды», – деп Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев өз сөзінде атап өткендей, бүгінде әріптестерімізбен бірлесіп, орта білім беру саласында сан түрлі мәселені уақытылы әрі жүйелі түрде шешу үшін жұмыла кірісіп, елге қызмет етеді.
Амангелді ТОЛАМИСОВ, Сенат депутаты