Адамның денсаулығы – қоғам байлығы.
Елнұр Бейсенбаев: Қазақстан медицинасының ғылыми әлеуеті жоғары
1,715
оқылды

Әрбір адам өз денсаулығын сақтай отырып, елімізде салауатты, саламатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосуына болады. Ал медицинаның халық үшін қолжетімділігі мен ауыл медицинасын дамыту, маман тапшылығын шешуде біршама мәселе бары рас. Осы орайда, біз, Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаевпен сұқбаттасқан едік.

– Еліміздің денсаулық саласында шешімін күткен біршама мәселелер бар. Әсіресе Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру өзекті болып отыр. Өзіңіз де естіген боларсыз, МӘМС-ке тұрақты түрде ақша аударып отырса да, 300 мұғалімнің тиісті медициналық көмекті ала алмағаны туралы шу болды. Бұл мәселе шешімін тапты ма?

– Иә, бұл мәселеден хабардармын. Мәжіліс депутаттары жазда өңірлерді аралаған кезде мұғалімдер осы мәселе бойынша шағымдарын жеткізген болатын. Бұл бойынша әріптесім, депутат Жұлдыз Сүлейменова өзі жетекшілік ететін «AMANAT» партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте де, Мәжіліс қабырғасында да мәселе көтерді.  

Бұған жауапты Медициналық сақтандыру қоры медициналық қызметпен толық қамтамасыз ете алмай жатқандығын тарифтің өсуіне байланысты қаржыландырудың тапшылығымен түсіндіріп отыр. Олардың мәліметінше, қазіргі таңда қорға қосымша қаражат тарту мәселесі қаралып, алғашқы бөлігі түскен көрінеді.  

МӘМС бойынша түйткілдер тек мұнымен ғана бітпейді. Онда бұдан басқа да жетілдіруді қажет ететін тұстары көп. Осыған байланысты еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайы, ондағы олқылықтар, оны шешу жолдары Мәжілісте қазан айында өткен «Үкімет сағатында» арнайы қаралды. Парламентке Денсауық сақтау министрі мен басқа жауапты мекеме басшылары шақырылып, осы бойынша ақпарат алдық, тиісті сұрақтар мен талаптар қойылды. МӘМС жүйесін жетілдіру жайы депутаттық корпустың тұрақты назарында.

– Ал МӘМС-і жоқ, жүйеге тіркелмеген азаматтар бар. Олар медициналық көмекті қалай алады?

– Бұл да өзекті мәселе. Қазіргі таңда МӘМС жүйесіне тіркелмегендердің саны – 3,5 миллондай адамды құрайды. 

Осынау сақтандырылмаған жандардың медициналық көмек алуына келсек, елімізде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бекітілген. Аталған құжатта қамтылған санаттар бойынша емдік шаралары ақысыз көрсетіледі. Яғни, бұл азаматтар сырқаты асқынып кеткенде, жедел медициналық көмекке жүгіне алады.

– Жалпы МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша нақты қандай жоспар жасалуы керек деп ойлайсыз?

– Жоғарыда айтқанымдай, Мәжілісте өткен Үкімет сағатында бұл мәселе егжей-тегжейлі қарастырылды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Менің ойымша, тек МӘМС қана емес, аталған салаға түбегейлі реформа қажет. 

Ал МӘМС жүйесін дамытуда, ең алдымен, халықтың осыған қатысты наразылығы мен ұсыныстары мұқият қарастырылып, барынша ескерілгені жөн. Бұл – бір. 

Екіншіден, ресурстарды ашық әрі тиімді басқаруды, жүйенің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуді және халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді пысықтау керек. Әсіресе, медицина саласын қаржыландырудың әлемдік тәжірибесін зерттеп, соның ішінде бізге ыңғайлы модельді бейімдеп пайдалануға назар аударған орынды.

– Ресми ақпаратқа сәйкес, бүгінгі күні денсаулық сақтау саласында 8 мыңнан аса маман жетіспейді. Маман тапшылығын жою үшін қандай шаралар қабылдау жоспарланып отыр?

– Иә, елімізде медицина саласына кадр дайындау бағытында шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Дәрігерлердің тапшылығы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің төмендеуіне алып келетіні белгілі. Аталмыш мәселе әсіресе, ауылдық елді мекендер үшін аса өзекті. Оның ішінде акушер-гинекологтар, педиатрлар тапшы. 

Бұл ретте, ең алдымен, дәрігер мамандығының тартымдылығы мен табысын арттыру қажет деп есептеймін. Бұл тұрғыда елімізде оң өзгерістер бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған айрықша назар аударып, 2027 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу жөнінде тапсырма берді. 

Денсаулық сақтау саласын дамыту «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. Оны жүзеге асыру аясында биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, ал орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға өсті. 

Жалпы, медициналық кадрларды даярлау саласына да жүйелі өзгерістер қажет. Әсіресе, грант бөлу, медицина саласындағы педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру қажет.  

Сонымен қатар, маман тапшылығын шешудің бір жолы ретінде телемедицинаны дамытуды ұсынуға болады. Пандемия кезінде біздің дәрігерлер қауымы қашықтан көмек көрсетуге, кеңес беруге едәуір машықтанды. Осыны ары қарай өрістете түссе, бұл да өз жемісін береді деп ойлаймын.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл медицинасын дамыту бағытында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?

– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Оның мақсаты – барлық ауылдық елді мекендерді бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарымен қамтамасыз ету, шалғайда өмір сүріп жатқан тұрғындарға сапалы медициналық қызметті қолжетімді ету. 

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, ауылдарда биылдың өзінде 100-ден астам медициналық нысандар қызметін бастайды. Солардың бір парасына өзім таяуда Қызылорда өңіріне барған жұмыс сапарымда куә болдым. Өңірде денсаулық сақтау саласы бойынша 12 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталған. 

Сонымен бірге, жоба аясында елімізде заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған 32 көпбейінді орталық ауданаралық ауруханалар желісі ұйымдастырылмақ. Оларды білікті дәрігерлермен қамтамасыз ету, ауылдық емханалар жанынан дәріханалар ашу да – осы жоба аясында қолға алынған шаралар.

– Ауылдардағы медициналық мекемелерді жаңғырту және медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында тағы қандай жұмыстарға назар аудару керек деп ойлайсыз?

– Ауыл – ұлтымыздың алтын бесігі. Кең-байтақ жерімізді игеріп, ұлтымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтарын сақтап отырған ауыл тұрғындарының денсаулығын қамтамасыз ету – маңызды міндет. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының берері көп. Онда ауылдағы медицина саласын дамытуға серпін беретін шаралар қатары жеткілікті. Осы жоба іске асырыла бастаған екі жылдың ішінде көптеген емдеу нысандары салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Жоба аясындағы істердің тиімді жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейту керек. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының да, депутаттар корпусының да бақылауында.

– Жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі қалай жүзеге асып жатыр?

– Әрине, сапалы құралсыз кез келген маманның қолы байланатыны белгілі. Сондықтан еліміздің медицина саласын заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Бұл сауал негізінен осы салаға жауапты Денсаулық сақтау мекемесіне бағытталғаны жөн болар еді. Мен тікелей осы саланың маманы болмағандықтан, сала өкілдері ұсынған қолда бар мәліметтермен ғана шектелуіме тура келеді. Ол бойынша, бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын құрал-жабдық алу үшін трансферт арқылы әрбір облысқа тиісті қаражат бөліп отыр.  

Жалпы, медицина саласы қомақты қаражатты қажет ететін – инновациялық сала. Өмір бір орында тұрған жоқ. Соған сәйкес ғылым да, технологиялар да үздіксіз даму үстінде. Жаңа емдік құралдар, дәрілер ойлап табылуда. Еліміз де бұл салада қарап отырған жоқ. Ғылыми-зерттеулер мен ізденістер жүруде. Шет елдерден жаңа жабдықтар алынуда. Сонымен бірге, отандық мамандарымыз да өз өнімдерін ұсынуда. Ұзаққа бармай-ақ, ғалымдарымыздың пандемия кезінде «QazVac» вакцинасын әзірлеп, енгізгенін айтсақ та жеткілікті. Бұл біздің осы салада зор әлеуетіміз барын көрсетеді. Осы бағыттағы ізденістер мен жобаларға қолдау көрсету жалғасын таба беруі тиіс.

– Саланы цифрландыру бағытында нақты атқарылуға тиіс жұмыстар қандай?

– Қазіргі таңда, цифрландыру барлық саланы қамтыды. Бұл ретте, медицина саласы да қарқынды түрде цифрландырылу үстінде. Әсіресе, қаржыландыруды тиімді басқаруда, телемедицинаны дамытуда цифрландырудың тигізетін пайдасы мол. 

Осы бағытта елімізде «Е-Денсаулық» платформасы енгізілген. Бұдан бөлек, «Damumed» және тағы да басқа бірқатар медициналық ақпараттық жүйелер жұмыс істейді. Алайда осылардың арасында байланыс әлсіз. Сондықтан олардың арасында байланысты қалыптастырып, бірыңғай жүйе жасау керек. Сонда дәрігерлердің науқастардың деректерін түрлі медициналық ақпараттық жүйеге енгізуге кететін уақыты үнемделетін еді. Артық жүктемеден арылған соң науқастарға да жеткілікті көңіл бөлуге уақыт табылып, қызмет сапасы арта түспек.

– Рақмет!

Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ