Мәжілістегі Respublica партиясы фракциясының депутаттары өңдеу өнеркәсібіндегі жұмысшылар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Депутаттық сауал Премьер-министрдің бірінші орынбасар Роман Склярға жолданды.
Депутат Динара Шүкіжанованың айтуынша, бүгінде өңдеу өнеркәсібіндегі білікті кадрлар сауда, құрылыс салаларына кетіп жатыр. Себебі мұндағы жалақы – бәсекеге қабілетсіз.
"Кадр тапшылығы барлық деңгейде сезіледі: жұмысшылардан бастап инженерлерге дейін. Бүгінде өңдеу секторында 590 мың адам жұмыс істейді. Саладағы қызметкерлердің орташа жалақысы – 415 мың теңге. Бұл еңбекақы – басқа салалармен салыстырғанда төмен. Мысалы, тау-кен өндіру секторында орташа жалақы – 757 мың теңге, ақпарат және байланыс секторында – 530 мың теңге, құрылыста – 484 мың теңге, көлікте және қоймада – 474 мың теңге", – деді ол.
Динара Шүкіжанова кәсіпорындардың жұмысшыларды ұстап қалу үшін барлық жағдайды жасап жатқанын атап өтті.
"Мен өндіріс секторының өкілі ретінде бизнестің зауыт қызметкерлерінің жалақысын үнемі көтеріп отыратынын, оларды өз қаражаты есебінен оқытып, жатақханамен және қолжетімді баспанамен қамтамасыз ететінін растай аламын. Кадрлардың экономикадағы басқа секторына ауысуына көбірек ақша тауып, жеке баспана сатып алуға деген ұмтылысы – негізгі себеп. Өкінішке қарай, бизнес тұрғын үйге деген сұранысты өз күшімен қанағаттандыра алмайды", – деді депутат.
Сондықтан Respublica партиясы жұмысшылар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеу керек деген ұстанымда.
"Біз бизнеспен бірлесіп, «Әскери баспана» бағдарламасына ұқсас жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Бұл бағдарлама өңдеуші өнәркәсіп саласындағы жұмысшыларға арналады. Мұндай бағдарлама Татарстанда сәтті іске асып жатыр. Онда өнеркәсіптің үлесі – 44%", – деді Динара Шүкіжанова.
Оның пікірінше, қазіргі жалақымен қарапайым жұмысшы ипотека ала алмайды.
"Қазір банктер пайыздық мөлшерлемесі жылына 15,5-25% болатын ипотека ұсынады, бастапқы жарна – 10%-дан 50%-ға дейін. Сондай-ақ баспана бағасының 1 шаршы метрі – 300-720 мың теңге аралығында. Мысалы, құны 19 млн теңге болатын пәтерді, 10 жылға 25 пайыздық мөлшерлемемен ипотекаға алдық деп есептейік. Онда ай сайынғы төлем 341 мың теңге болуы мүмкін. Орташа айлық 415 мың теңге деп есептесек, онда сіз 10 жыл ішінде 26 млн теңгені артық төлейсіз", – деді депутат.
Respublica партиясы жұмыс орындарын сақтау және өңдеу өнеркәсібі саласына білікті кадрларды тарту үшін мыналарды ұсынды: өңдеу өнеркәсібі саласының жұмысшылары үшін яғни өнеркәсіптік ипотекалық бағдарламасын әзірлеу. Онда пайыздық ставка – 6%, баспананың құнына байланысты алғашқы жарна – 15%.
"Біз бағдарламаны әзірлеу кезінде шарттарды талқылауға дайынбыз. Бұдан басқа, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру және қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін «Отбасы банк» АҚ-на халықтың барлық санаты үшін нөлге тең бағалау көрсеткіші мәнімен аралық қарыз алудың бұрынғы шарттарын қайтаруды ұсынамыз", – деді депутат одан әрі.
Оның айтуынша, өңдеуші өнеркәсіптегі жұмысшыларға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама саладағы білікті кадларды сақтап қана қоймай, бұл жұмыстың беделін айтарлықтай арттырады. Жастар зауыттарда жұмыс істеуге ұмтылады.
"Осылайша, біз отандық өнеркәсіпті дамыта аламыз", – деп түйіндеді сөзін Динара Шүкіжанова.