Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастар тіркелген жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды "Хабар-24".
"Соңғы күндері күнделікті ақпараттарды беріп жатырмыз. Сонымен қатар арнайы Денсаулық сақтау министрлігі және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтында және телеграмм каналында бүкіл ақпарат беріліп жатыр", - деді Елжан Біртанов.
Соған қарамастан халықтың арасында, әлеуметтік желілерде түрлі-түрлі ақпарттар тарап жатқанын айтып өтті.
"Мысалы, бүгін Whatsapp желісі арқылы Нұр-Сұлтанда 2 кісі қайтыс болды деген ақпарат тарады. Қытайдың азаматтары қайтыс болды немесе кеше Алматыда көп қытайлықтар емделіп жатыр деген сияқты басқа да жалған ақпараттар тарап жатыр", - деді министр.
Еліміздің барлық азаматын түрлі аурулар мен инфекциялардан қорғау, сонымен қатар толық, ашық ақпарат беру негізгі міндеттері екенін айтып өтті.
"Фейк ақпараттарға сенбеңіздер. Күндіз-түні телефонға түрлі ақпарат келеді, оған сенбеңіздер. Нақты ақпарат қажет болса, біздің арнайы телефондарымыз бар немесе 1406 нөміріне телефон соғып, толық ақапарат алуға болады", - деді ол.