Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда Жоғары аудиторлық палата­ның төрайымы Наталья Году­нова жеке аудиторлық іс-шаралардың қорытын­дысы бойынша су ресурста­рын басқару тиімділігін тал­дау туралы баяндама жа­сады.
Су – стратегиялық ресурс
806
оқылды

Жоғары аудиторлық палата­ның бағалауы бойынша бұл са­ладағы менеджменттің тиімділігі өте төмен деңгейде қалып отыр.

«Су ресурстарын басқарудың жүйелі проблемалары мен кем­шіліктерінің қатарында су ша­руа­шылығы объектілерінің тозуы, апатты жағдайы, сондай-ақ технологиялық тұрғыдан ес­кір­ген суару жүйелерін пайдала­ну бар. Гидротехникалық құры­лыс­тардың 25 пайыздан астамы қанағаттанарлық емес және апат­ты жағдайда. Осыған қара­мастан, ескірген технология­лар­ды пайдалана отырып, канал­дарды жобалау және салу жал­ғасуда. Су ысырабы су алу көле­мінің 50 пайызын құрайды»,– деді Наталья Годунова.

Сондай-ақ Жоғары ауди­торлық палата орталықтанды­рылған сумен жабдықтау, же­тілмеген тариф саясаты, білікті кадрлардың тапшылығы мен техникалық мамандардың кетуі, халықаралық несие жобаларын жүзеге асырудағы ішінара тиім­сіздік мәселелерін анықтады. Баян­дамада бағдарламалық құ­жаттың жоқтығы мен су шаруа­шылығын дамытудың норма­тивтік-құқықтық базасының жетілдірілмегендігіне ерекше назар аударылды. Наталья Году­нова Мемлекет басшысының тапсырмасына қарамастан, Су ресурстарын басқару тұжырым­дамасы мен жаңа Су кодексі әлі қабылданбағанын атап өтті.

«Бұл – екі негізгі құжат. Олар­­дың жоқтығынан саланы жүйелі, мақсатты түрде дамыту­дың орнына су инфрақұрылымы, кадр мәселесін шешу, суды үнем­деу және үнемдейтін жаңа техно­логияларды енгізу сияқты жүйелі мәселелерді шешуде «жыртығы­мызды жамауға» мәжбүрміз», – деді Н.Годунова.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та жалпы отырысқа қа­тысу­шылардың назарын осы мәселеге аударды. Мемлекет бас­­шысы екі жыл бұрын Су коде­ксін әзірлеу жөнінде тапсырма бер­ген болатын. Бірақ құжат жо­­басы әлі Мәжіліске түскен жоқ.

«Біздің ақпаратымыз бойын­ша ол құжаттың жобасы Мем­лекет басшысы қойып отырған талаптарға мүлде сай келмейді. Су мәселесі бірнеше мемлекеттік органның қызметімен тығыз байланысты. Дегенмен Үкіметтің су тапшылығын шешудегі нақты, кешенді ұстанымын көре алмай отырмыз. Министрліктер ара­сында өзара үйлесімді жұмысты бір жүйеге келтіру маңызды. Депутаттар бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды. Бұған әлі де қайтып ораламыз», – деді Ерлан Қошанов.

Депутаттар өз сұрақтары мен баяндамаларында да саладағы түйткілді мәселелерді көтерді. Талқылау нәтижесінде, Мәжіліс су ресурстарын басқару тиімді­лігін талдау туралы Жоғары ауди­торлық палатаның есебін қабыл­дау жөнінде шешім шығарды.

Сондай-ақ бүгін депутаттар 2022 жылғы 15 желтоқсанда Астанада қол қойылған Қа­зақ­стан мен Эстония үкіметтері ара­сындағы адамдарды реадмис­сиялау туралы келісімді ратифи­кациялады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Оның ай­туынша, келісімнің мақсаты – екі елдің құзырлы органдарының реадмиссия мәселелері бойынша ынтымақтастығын нығайту және заңсыз көші-қонмен күрестің тиімділігін арттыру.

«Келісім Қазақстан мен Эс­тония азаматтарын, сондай-ақ осы елдердің аумағына келу, болу немесе тұру шарттарын орын­дамаған немесе орындауды тоқ­татқан үшінші елдің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және қайтаруды ұйым­дастыру рәсімдерін жеделдетеді. Сондай-ақ мұндай тұлғалардың транзитін жеңілдетеді», – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Динара Наумова қосымша баян­дамасында.

Мәжіліс «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне ұлттық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету және Қа­зақстан Республикасының ар­нау­лы мемлекеттік орган­да­рын­дағы қызмет мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңына Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Палата комитеттері несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құ­қық­тарын қорғау мәселелері бо­йынша және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мә­селелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды. Жалпы, отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелер бойынша жауапты мем­лекеттік органдарға 8 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-ар­насында жарияланды. Солардың бірқатары «AMANAT» партиясы атынан жолданды. Мәселен, фрак­ция мүшесі, де­путат Аман­жол Әлтай Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында ұлт ұяты – ұрпақ тәр­биесі туралы аса өзекті мәселені сөз етті.

«Қыз тәрбиесі бұзылса — ұлт тәрбиесі әлсірейді. Өкінішке қарай, жастарымыз Тик-Ток пен Инстаграмның тұтқынына ай­налған бүгінгі қоғамда ғасыр­лар бойы көздің қарашығындай сақтаған құндылықтарымыздан, ұлттық тәрбие өнегесінен ажы­рап барамыз. Нақты дәлел: күні кеше ғана Астанада өткен AKON-ның концертіне байла­нысты бірнеше аспектлерге тоқ­талайын: Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен мо­ральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан кел­тірді. Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар ән­дердің контекстінде бай­қалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті. Үшіншіден, smack that әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аң­ғарамыз. Төртіншіден, ұйымдас­тырушылардың әншіні ұлттық киіммен қарсы алып, домбыра сыйлағандары тіптен орынсыз деп санаймын. Біз мәдени атри­буттарымызды ілгерлетуде, на­сихаттауда талғамды болуымыз керек. Ұлттық музыкалық мұра­мыздың символы - қасиетті дом­быраны жезөкшелік пен әйел­дерді қорлауды насихаттаудың айқын сипатына ие Smack that, hypnotiser сияқты әндерді орын­дайтын әншіге беру – парық­сыздық, ұлттық құндылықтарды табанға таптау деп қабыл­дай­мын», – деді ол. 

Сөз соңында депутат Үкімет құ­рамындағы құзырлы ведомс­тволарға келесідей шараларды қолға алуды ұсынды.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, га­сроль­дік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиын­тығын әзірлеуі тиіс. Айғай­лағанның бәрі әнші емес! Біздің нормамыз бен ұстанымда­ры­мызға қайшы келетін өнімдерді таратпау үшін шетел әртістерін таңдауда қатаң талаптар сақтал­сын! Мәдени қауіпсіздіктің сақ­талуы үшін, елімізде өткізілетін концерттердің біздің ұлттық құн­дылықтарымызға зияны тимеуі қадағалансын. Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарла­ма­сына «Салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар» пәні енгізілсін. Ғылым және жоғарғы білім ми­нистрлігі жастар арасында ұлт­тық тәрбие жұмысын жетл­діруі тиіс», – деді Аманжол Әлтай.

Депутат Ринат Заитов Бас Про­курорға жолдаған депутат­тық сауалында Мәжіліске халық­тан кеп түсетін хат-хабарлардың арасында аймақтардағы күштік құрылымдардың қызметкер­леріне шағымданушылар қатары көп екенін айтады. Осы уақытқа дейін Алматы, Шымкент, Өс­кемен, Семей, Жаңаөзен және т.б. қалалардан хаттар кеп түскен. Онда Ата Заңымызда бекітілген адам және оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты айрықша құқыққа ие – күштік құрылым қызметкерлері өзде­рінің «жедел іздестіру іс-шара­ларын» жамылып, жеке мақсатта әрекет ететіндері мәлімделуде. Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана 

А.Мамаева мен оның ұлы алаяқ­қа тап болып, шамамамен 4 млн теңгеден айырылған екен. Бұл факті бойынша Шымкент қала­сы Еңбекші аудандық Полиция басқармасына арызбен жүгінген. Алайда өтініш иесінің айтуынша, Құқық қорғау органдары қызмет­керлерімен таныстығының ар­қа­сында айыпталушының үстінен қозғалған қылмыстық іс белгісіз себептермен бірнеше рет тоқта­тылған. Ал жәбірленуші мен оның ұлына ашық түрде қоқан-лоқы көрсетілген. Сонымен, 2021 жылдың тамызында қозғал­ған іс бүгінгіге дейін сотқа жет­пе­ген. Тізе берсе мұндай деректер көп.

«Ішкі істер министрлігіндегі «құжаты бар қарақшылар мен қаруы бар қорқаулар» қызметтік мансабын асыра пайдаланып, қыздарды зорлау фактісімен өздері ұсталып отырғанда оларға сенім қайдан болсын?! Құ­зыретін қылмысты азайту үшін емес, табысын көбейту үшін пайда­ланатын қызмет­керлерге неге шара қолданбаймыз? Осы­ған орай, құқық қорғау сала­сындағы жекелеген бассыз­дықты жою үшін Бас Проку­ратура, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппараттарының өкіл­де­рінен Тұрақты әрекет ету то­бын құ­руды, аталған топқа қыл­мысы дәлелденген күштік құры­лым қызметкерлерінің құзыре­тін­де болған істерді қайта қарап, шын кінәлілерді анықтауды ұсы­намыз», – деді ол.

Нұрлан ҚОСАЙ