«Қазақтың сары тентегі» атанған айтыскер ақынның асқаралы 60 жасқа толған мерейтойына орай жарық көрген туынды негізгі үш бөлімнен тұрады. Кітаптың бірінші бөліміне поэзия, екіншісіне – бардтық, шансондық туындылары, үшіншісіне – қаламгердің ой-толғамдары, көсемсөз жазбалары жинақталыпты. AlphaPrint баспасынан заманауи технология жетістіктері қолданылған кітаптағы автордың музыкалық туындыларын оқырман арнайы QR-код арқылы тыңдап, ақынның жеке YouTube арнасындағы ақпараттармен таныса алады.
Қуаныш Мәжкенұлы 1963 жылы 23 ақпанда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Халықаралық, республикалық ақындар айтыстарының, республикалық «Жігер» фестивалінің, университеттердің бүкілодақтық фестивальдарының лауреаты. «Қазақстан» телеарнасының тікелей эфирінде өткен республикалық «Аламан айтыс» жарысында «Орақ тілді, от ауызды ақын» атағы берілген (2006-2008). Алаштың кіші отаны атанған Ақтоғай, Тоқырауын бойы көкірегі қазынаға толы ертегіші қариялар мен азаттық жыршысы Нарманбет Орманбетұлы, Жидебай, Қарамеңде, Сеңкібай, Шабанбай сынды от ауызды, орақ тілді билер мен Ағыбай, Жалаңтөс батырлар, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан шыққан қасиетті мекен. Топырағына тартып туған Қуаныш Мәжкенұлының шығармашылығына, адамгершілік келбетіне халық ақыны Қонысбай Әбіл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сияқты өнер қайраткерлері баяғыда-ақ баға беріп қойған. «Мәңгілік мұңның әуені» атты бардтық туындылары мен шансондары топтастырылған альбомы арқылы бард ретінде таныла бастаған Қуаныш Мақсұтов – айтыстағы алғыр, шыншыл ойларымен нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» сырбаз ақын. Сонымен қатар ол – «Мәңгілік мұңның әуені» атты бардтық әндер (2013) және «Тәкаппар мұңның кербез тамшылары» атты жыр жинағының (2013), бірнеше интелектуалдық жобаның авторы.
– Қуаныш ақынның өлеңдерінде, жырларында бүгінгі күннің әлеуметтік шындығы, қоғамның бейнесі жатыр. Қазіргі махаббат та, қазіргі адамдардың жансарайын жалаңаштау да бар. Сонысымен мені тартады. Адамның жанын ешқандай бояумен бүркелемей, шыңғырған шындықты жеткізу – ерекше құбылыс. Менің ұғымымда айтыстан басталып, жазба поэзияға жалғасқан, кейін әнге ұласқан Қуаныш ағаның шығармашылығы жиырмасыншы ғасырдың аяғы, жиырма бірінші ғасырдың басындағы мен үшін бір құбылыс. Сондықтан оның шығармашылығын көбірек насихаттап, өскелең ұрпаққа көбірек дәріптеу керек. Сонда таза, саф өнердің қандай болатынын, жалпы біздің бұрынғы дәстүрлі ән мектептеріндегі сал-серілердің болмысы қандай болғанын көрсете аламыз. Ақындық, сазгерлік және орындаушылық секілді үштаған өнердің бір арнада тоғысуы сирек кездесетін жағдай, – дейді «Мәңгілік мұңның әуені» поэтикалық-музыкалық қойылымының қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Кеш барысында сан қырлы өнер иесі өзінің бардтық туындылары мен шансондарын орындап, қонақтарға қайталанбас рухани-мәдени сәттер сыйлады. Мәдени шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, елімізге белгілі ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, оқырмандар қатысты. Ақын, бард, қазақтың сары тентегі Қуаныш Мақсұтовтың 60 жасқа толған мерейтойы биыл қараша айында Қарағанды облысында да кең көлемде тойланған.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ