Дамыған елдерде бұл салада кез келген қаржылық институт қызмет көрсете алады. Алайда Қазақстанда аталған жүйеге өзгелердің кіруіне заңмен тыйым салынған. Әділетті Қазақстанда бұл әділетсіздік жойылуы мүмкін. Бүгінде бірден екі ведомство – антимонополиялық орган мен қаржылық реттеуші Үкіметке ұсыныс енгізді.
Республикада тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде әлі күнге дейін жалғыз қаржы институты жұмыс істейді, заңнамада солай бекітілген. Бұл – «Отбасы банкі». Басқаларының бұл салаға «тұмсық сұғуына» қатаң тосқауыл қойылған. Антимонополиялық агенттік бұдан бәсекелестікті шектеуді көріп отыр.
Саладағы монополизм – бұрынғы биліктің сарқыншағы. Оның үстемдігі 20 жылдан жалғасып келеді. 2003 жылы Үкімет «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ деген алпауытты құрды. Оның атауының өзі сөздердің ұзын тізбегінен тұратын кеңестік кәсіпорындарды елестететін: «КазПромСтройСнабРемМонтаж» деген сияқты.
2020 жылғы желтоқсанда ҚТҚЖБ өз атауын «Отбасы банк» деп өзгертті. Алайда елімізде тұрғын үй құрылыс жинақтарын қабылдайтын жалғыз қаржылық институт болып, монополистік жағдайын сақтап қала берді. Енді бұл жағдай біртіндеп өзгере бастағандай.
Таяуда Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат елді бір дүрліктірді.
Себебі «Отбасы банкін» толыққанды даму институтына айналдыруды қарастыратын бұл заң жобасы оны екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) жүйесінен шығарып тастауды қарастырады. Салдарынан бұл халықтың сонда жинаған жинақтарының депозиттерге кепілдік беру жүйесінен алып тасталуына соқтырады. Өйткені «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ның кепілдігі тек банктердің депозиттеріндегі ақшаларға ғана таралатыны мәлім.
Құжатты Парламентте қорғаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, осыған байланысты «Отбасы банкінде» орналастырылған салымдардың сақталуына мемлекеттің өзі кепілдік беретін бөлек норма заң жобасына енгізіліп отыр. Кепілдендірілетін тұрғын үй құрылыс жинағының әр адамға арналған көлемі 20 миллион теңгеден аспайды.
– Заң жобасының басты жаңалығына тоқталсам, қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті әкімдіктер тұрғын үйді есепке қояды, сондай-ақ салынған мемлекеттік баспананы бөлу және беру функцияларын жүзеге асырады. Ал осы құжатта бұл функцияларды «Отбасы банкіне» беру ұсынылған. Бірақ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті әкімдіктердің мойнында қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асыруы тиіс. Жаңа функциялар алуына байланысты «Отбасы банкін» ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. «Отбасы банкіне» аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше, ол банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асырады, – деді Қанат Шарлапаев.
«Отбасы банкі» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы (ТҚО) құрылады, оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан баспанаға мұқтаж барлық азамат өтініш бере алатын болады. Әрбір өтініш иесінің кірістерін, мүлкі мен активтерін анықтайтын «Отбасының цифрлық портреті» жасалады. Бұл азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамасын анықтауға мүмкіндік береді.
Халық неге наразы?
Осылайша, жаңа функциялармен бірге «Отбасы банкінің» басқа да табыс көздері, қаржыландыру тетіктері пайда болады. Сондықтан болса керек, мемлекет оның басыбайлы астына басып келген саласында басқаларға да орын босатып берудің қамына кірісті.
«Отбасы банкіне» қатысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де төл заңнамалық түзетулерін пысықтап жатыр. Оның сарапшылары даярлаған «Кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бұл салаға «Отбасы банкінің» өзге бәсекелестерін, яғни коммерциялық банктерді де жіберуді қарастырады.
Әйтпесе, саладағы монополистік жағдайын пайдаланып, «Отбасы банк» өзінен несие алу шарттарын нашарлатты, шектеулер енгізді, сыйақысының ставкасын күрт көтерді. Сөйтіп, халықтың наразылығын да туғызып жатыр.
Сонау 2000 жылғы 7 желтоқсанда қабылданған және әлі күнге қолданылатын «Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» заңының 3-бабында «тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесiнің субъектiлерi» ретінде үш тарап қана белгіленген. Бұлар – тұрғын үй құрылысы жинақ банкі (Отбасы банк), оның салымшылары және мемлекет. Соңғысы «Отбасы банкіндегі» салымдарға республикалық бюджеттен мемлекеттiк сыйлық ақыларды төлейді.
Сарапшылар «Отбасы банкінің» жинағы баспана алуға жетпейтін салымшыларының ақшаларын айналдырып, бюджеттен де миллиардтар алып, делдалдықтан күреп табыс тауып отырғанын сынап жүр. Бұрын ол арзан, қолжетімді тұрғын үйлердің салынуына серпін беретін. Біраздан бері мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары тегіс тоқтады. Ендеше, бұл саланы бәсекелестік ортаға беруге болады.
«Кәсіпкерлік кодексе сәйкес, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының басты бір қағидаты – тұтынушылардың, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету. Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер екінші деңгейлі банктерге халықтың тұрғын үй құрылыс жинақтарын тарту арқылы салада саламатты бәсекелестікті қалыптастыруға бағытталған. Соның арқасында халықты баспанамен қамтудың тиімділігі артады, тұтынушылардың таңдау құқығы да кеңейтіледі», – деп түсініктеме берді антимонополиялық орган.
Сонымен, жаңа заң жобасы бойынша «тұрғын үй құрылыс жинақ банкі деген мәртебесі жоқ екінші деңгейдегі өзге банктерге халықтың ақшасын тұрғын үй құрылыс жинағы түрінде тарту құқығын беру» ұсынылады.
«Екінші деңгейлі банктерге де тұрғын үй құрылыс жинақтарын нарықтық ставкалармен қабылдау және жинақтау мүмкіндігін беру қажет. Сонда азаматтар баспана үшін бастапқы жарнаға оларда «Отбасы банк» АҚ депозитімен салыстырғанда, әлдеқайда көбірек қаражат жинай алады», – деп түсініктеме берді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Салаға әркімнің-ақ бар таласы
Бұл заң жобасын Парламент құптайды деген үміт бар, себебі қараша айында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі төл заңын таныстырғанда, Мәжіліс депутаттары «елдегі осы салада 1 ғана ұлттық қаржы операторының болуы бәсекеге қабілеттілікті төмендеткенін» сынаған болатын.
Бұл өзгерістер халықтың да көңілінен шығуға тиіс. Өйткені Антимонополиялық агенттік әзірлеген заң жобасы тек «Отбасы банкінің» ғана емес, оған бәсекелес коммерциялық банктердің тұрғын үй құрылыс жинақ өнімін тұтынатын клиенттердің де депозиттеріне 20 пайыздық мемлекеттік сыйлықақы төлеуді қарастырады.
Тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі алда екінші деңгейлі барлық банкке қолжетімді болуы мүмкін екенін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова растады.
– Бұл мүмкін болады. ЕДБ-лар осы жүйеге қатыса алады. Сондай ұсынысты Үкіметке енгіздік. Заң қабылданса, онда бүкіл коммерциялық банктер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысу, өзіндегі депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы алу құқығына ие болады. Сөйтіп, «Отбасы банкінің» монополиясы жойылады. Бұл – бір. Екіншіден, банктерге осы салада арзан несие ұсынылатын арнайы бағдарламалар қажет болады. Мысалы, естеріңізде болса, кезінде 7-20-25 бағдарламасы аясында Ұлттық банк банктерге 7 пайыздан арзан қаражат ұсынған болатын. Үкімет бұл ұсынысты қолдайды деген үміттеміз» – деді журналистерге Мәдина Әбілқасымова.
Оның болжауынша, банктер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысуға мүдделі. Себебі қазір комбанктер бүкіл қаржысының 80 пайызын өзінде есепшот пен депозит ашқан халықтан және бизнестен тартып отыр. Бұған арзандау ипотекаға баспана алу үшін жылдап ақша жинайтындар легі қосылса, банктердің қаржы тасқыны артары сөзсіз.
Бұл саланың табысы – ұшантеңіз. «Отбасы банк» бір ғана 2022 жылы делдалдықтан 96 миллиард теңге таза табыс тапты. Бұл алдыңғы жылғыдан бірден 47 пайыз көп.
Бүгінде мемлекеттік осы банктің қаражаты 3,4 триллион теңгені құрайды. Алайда банк былтыр тек 1,6 трлн теңге аралық заем мен 814,7 млрд теңге алдын ала тұрғын үй несиесін беріпті.
Елдос СЕНБАЙ