Маңғыстау облысы Жеті­бай кентіндегі жұмысшылар наразылығы басылмай тұр. 11 желтоқсаннан басталған West Oil Software Жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі мұнайшыларының митингісі жалғасып жатқанына он күн болды.
Мұнайшылар талабы қаншалықты орынды?
коллаж: Елдар ҚАБА
2,164
оқылды

Ереуіл жасап жатқан жұмыс­шы­лардың басшылыққа қоятын үш бірдей талабы бар. Олар: West Oil Software компаниясын «Қаз­МұнайГаз» ҰК (ҚМГ) балансына қосу, еңбекақыға бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материал­дық-техникалық базаны жаңарту. 

Жұмысшылардың бірінші талабындағы «ҚазМұнайГаздың» (ҚМГ) балансы» деп отырғаны – Oil Transport corporation ЖШС. Бұл компания ҚМГ-нің еншілес кәсіпорыны саналады. Яғни, мер­­­дігер компания. Аталған ЖШС 2002 жылы «Бозащы тех­нология­лық транспорты», «Жеті­бай тех­но­логиялық транспорты», «Маң­ғыс­тау технологиялық транс­­­­­­пор­ты» кәсіпорындары мен «Арай» кәсіпорнын біріктіру арқылы құрылған. Ал West Oil Software ЖШС болса, осы Oil Tran­sport corpo­ra­tion-ға көлік қыз­­метін көр­сететін қосалқы мер­дігер. Демек, ҚМГ-ның бала­н­сына өту дегеніңіз – еңбекақы­ны да ҚМГ-ның бірыңғай төлем жүйесінде алу деген сөз. Ереуілге шыққан 500-ге тарта мұнайшы­ның сұрап отыр­ған екі талабы осылайша, бір-бірімен тығыз байланысып жат­қан мәселе. Ал үшінші талап – материалдық-тех­ни­калық ба­заны жаңғырту. Жұ­мыс­шылардың мініп жүрген кө­ліктері мен қолда­нып жүрген тех­­­ни­каның тозға­ны­на қатысты шағымы көп. «Жеке­меншік ком­паниялар мұнайды тек сорып алуды біледі, жұмысшы­лар пай­даланып жүрген техника жаңар­майды. Сол үшін талап етіп тұр­мыз», – дейді ереуілшілер желіде тараған видео үндеуінде.

Еске сала кетейік, West Oil Software жұмысшылары 2021 жылы тамыз айында да жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққан болатын. Екі жыл бұрын олар жалақыны көбейтуді, кәсіподақ жұмысына басшы­лықтың кедергі жасамауын талап еткен-ді. Сондай-ақ былтыр да қазан айында осы талаптарын алға салып, мәселе көтерген. Содан бері олардың еңбек дауы жалғасып келе жатыр. «Біз WestOilSoftware ЖШС компаниясының қызмет­керлері өз бас­шылығымызға орындата алмаған 3 түрлі талабымыздан кейін өз конститу­­­циялық құқығымызды пайда­лана отырып көшеге шықтық», – дейді мұнайшылар әлеуметтік желілерде тара­ған видеода. 15 желтоқсан күні Жетібай ауылының тұрғындары мен жұмысшы­лардың туыстары мұнайшы­ларға қолдау көрсетіп, Жетібай кенті әкімдігінің алды­­на келіп, жұмысшы­лар­дың талаптарын орындауды талап етті. Осыған дейін West Oil Software жұмыс­шыларының талабын Маңғыстаудағы өзге компа­ниялар: «БозащыТрансҚұрылыс» пен мұнай иге­­руді химияландыру кәсіпор­нының жұ­­­мысшылары қолдаған болатын.

Алайда оларға жұмыс беруші тарап мұнайшылардың талабы орынсыз екенін айтады. West Oil Software ЖШС таратқан мәлімдемеде ұжымдық шарттың және еңбек заңнамасының талаптарын толық орындап отырғанын, жұмысшыларға беретін еңбекақы басқа мұнай сервис кәсіпорындарының жалақысынан артық екенін айтады. 

Ал митингке шыққан мұнайшылардың алатын айлығының қанша екеніне келсек, табыс тым төмен емес сияқты. «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС бас директоры Ербол Тұрниязовтың блогер Азамат Сәрсенбаевқа берген сұхбатындағы мәліметке сүйенсек, 2018 жылы кәсіпорын қаржылық жағдайына байланысты «5/50»  бағдарламасын іске асырған. 

«Сол кезде қазіргі наразылыққа шық­қан жұмыс­­шылардың көпшілігі «5/50» бағдарламасы бойынша 10-12 млн теңге көлемінде өте­мақы алып, өз ерік­терімен жұмыстан шық­ты. Өтемақы төлемдерінің жалпы сомасы 46 млрд теңгеден асты. Енді бұл жұмысшылар өздері жекеменшік компа­нияда қызмет етіп жатып, ұлттық компа­нияға қайтадан штатқа қабылдауды талап етеді. Сондық­тан бұл әрекеттері заң­сыз», – дейді ол.

Компания басшылығының айтуынша, жұмысшыларға еңбекақы разрядына қарай төленеді. «Мәселен, жөндеу жұмы­­­сы жөніндегі 3-разрядты слесарь қолына 302 000 теңге алса, 5-разрядты жөндеу слесарына 478 000 теңге төленеді. Жоғары разрядты мамандықтарға келсек, автомо­биль кранының машинисі 709 000 теңге, цементтеу агрегатының машинисі 665 000 теңге, цистерна жүргізушісі, бесінші раз­ряд – 598 000 теңге алады. Ал ПАЗ авто­бусының жүргізушісінің жа­­лақысы – 533 000 теңге», – дейді Ербол Тұрниязов.

Оның айтуынша, West Oil Software ЖШС қызметкерлері 5 күндік жұмыс кес­тесімен 8 сағат жұмыс істейді. Ішінара 12 сағаттық ауысыммен істейтіндер бар, бірақ оларға қосымша ақы төленеді. 

Ереуілдің сегізінші күні 18 жел­тоқсанда West Oil Software ЖОО бас­шылығы өз қызметкерлерінің әрекетіне түсініктеме беріп, ереуіл салдарынан мұнай өндіруші компанияларды көлікпен қамтамасыз ісіне кесірі тиіп жатқанын атап өтті. Осы­ған бай­ла­ныс­ты компания күн сайын келісімшарт талаптарын орын­­­­дамағаны үшін 23 млн теңгеден ас­там шығынға ұшы­­рауда екенін мәлімдеді. Одан бөлек, ЖШС ереуілге байланысты «мұнай ұңғы­маларында апат қаупі бар, бұл қор­шаған ортаға және аза­маттардың денсау­лығына зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ тапсырыс берушіге эконо­ми­­калық шығын келті­реді», – деп мә­лімдеді. Дегенмен компа­ния Oil Transport corporation ком­­пания­сымен 2027 жы­л­­ға дейін жасалған ұзақ мерзімді келі­сім­шартты орындауға қатыс­ты өз мін­­­­­­­­дет­темелерін жүзеге асыруға дайын екенін хабарлады. 

Желтоқсанның 13 күні «Қаз­Мұнай­Газ» ҰК компаниясы West Oil Software ЖШС жұмысшылары қойған талаптарға қа­­тысты мәлімдеме жасап, алғашқы екі та­­­лаптың орынсыз екенін жеткізді. «ҚМГ-нің еншілес кәсіпорнының штатын ауыс­­тыруға қатысты талапты орындау мүмкін емес. Өйткені бұл жұмысқа орна­ласу ке­зегін күтіп отырған басқа жұмыссыз тұрғ­ындардың құқығын бұзады. Ал бірың­ғай еңбекақы төлеу жүйесі (ЕСОТ) – ком­панияның ішкі жүйесі болғандықтан ҚМГ компаниялар тобына кірмейтін ұйым­дарда қолданылмайды», – делінген мә­лімдемеде. Осылайша, ұлттық ком­пания Жетібайлық мұнайшылар айтқан үшінші талапты ғана қисынды көріп отыр. Бұл туралы таяуда БАҚ-қа берген жауа­бында «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасы Мағзұм Мыр­зағалиев алдағы үш жыл ішінд­е ҚМГ техниканы жаңартуға көмек­теседі деген шешімге келгенін айтты. 

«Ол 200-ден аса техниканы жаңартуға қатысты мәселе. Бұл оңай емес. Десе де, бұл та­­лап­ты қабылдадық», – дейді ол. 

Осыған орай, «ҚазМұнайГаз» компа­­ниясы West Oil Software ЖШС жұмыс­­шыларын еңбек тәртібін бұзбауға, орын­далуы мүмкін емес талаптар қоймауға және жұмыстағы міндеттеріне қайта ора­луға шақырып отыр. Айта кетейік, Жеті­бай кентінде өтіп жатқан жұмыс­шылар ереуілін Қарақия аудандық соты заңсыз деп таныған бо­латын. Кеше аудандық прокурор Аманжол Айтуғанов та ми­­тин­гіге шыққан мұнай­шыларды ақылға ша­қырып, үндеу жол­дады. Қоғам­дық ком­му­­­никациялар орталы­­­ғының хаба­р­­­лауынша, А.Айтуғанов мұнайшы­­­лардың митингісін сот заңсыз деп танығанын ескертіп, заңды сақтауға ша­қырған. Қарақия аудандық прокуроры Аманжол Айтуғановтың жұ­­мысшыларға ба­ғыттаған видео мә­лім­демесі Маңғыстау облыстық проку­ра­турасының Инстаграм парақша­сында жарияланды. 

«Заңсыз ереуіл орнында ағаш үй, ша­тыр құру, бей­неүндеу жасау және басқа да құрылғыларды табыстау немесе жәрдем­десу әрекеттері жоғарыда аталған баппен сараланатынын ескертемін. Сот шешімі­мен заңсыз деп танылған ереуілге қаты­­суды жалғастырған бірқатар қызмет­кермен еңбек шарты бұзылды. Бұл – жұмыс берушінің заңды құқығы. Келе­шекте бұл мәселені келісу комиссиясында қарауға мүмкіндік бар. Қа­зір ҚК 402-бабы бойын­ша ереуілді жал­ғастыруға арандату әре­кетіне байланысты қылмыстық іс тер­гелуде», – деді Айтуғанов үндеуде. 

Сондай-ақ прокурор әлеуметтік желі­лерде таратылатын жалған ақпарат Қыл­мыстық кодекстің 274-бабы (Көрінеу жал­ған ақпарат тарату) бойынша қылмыс­тық жауаптылыққа әкеп соқтыратынын ескертті. Дегенмен жұмысшылар ереуілге шығуды жалғастыруда. Он күн бойы суық­­­қа қарамастан наразылығын жалғас­тырып жатқан мұнайшылар қойған талап­тары орындалмайынша тарамайтынын айтады. 

Олжас БАЙДІЛДИНОВ, 

Энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Сот жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп тапты, мен ол шешіммен келісемін. Олардың бұл әрекеті компанияның технологиялық жұмыс үдерісіне кедергі келтіріп, шығын әкеліп жатыр. Сол себепті ереуіл­шілердің мұндай әрекетіне тыйым салу керек деп білемін. Жұ­мыс­­­шыларды айдап-салып отырғандардың аты-жөнін құзырлы органдар анықтап, арнайы база құру керек. Сол кезде ол база арқылы жұмыс беруші өзіне қандай қызметкерді жұмысқа қабылдап жатқанын анық біліп отыратын болады. Осы уақытқа дейін министр де, «ҚазМұнайГаз» ком­паниясы басшылары да олардың талабы орын­­­далмайтынын айтып, нақты уәждерін келтірсе де олар ереуілдерін тоқ­­­татпай, жұмысқа шықпай жатыр. Мен батыс аймақтың тума­сымын. Сол себепті ол жақтағы жағдайды жақсы біліп отырмын. Егер істеп жатқан жұмысың өзіңе ұнамай ма, жабысып отырудың қажеті жоқ, өзіңе ұнайтын кәсіпорынға барып жұмыс істе. Жұмыс істеп жатқан өзге адамның көңіл-күйін, ойын бұзып, ондай әрекетке бармау керек. Мәселен, мен әуежайдың қасында тұрсам ұшқыш болып қызмет етуге міндетті емеспін ғой. Сол сияқты бұл жерде де сондай көзқарас болуға тиіс. Әр компания өзіне іскер, тәртіпті жұмысшыны алғысы келеді. Жұмыс істемейтін, шатақ шығарғыш адамды кім алғысы келеді?! Нарық заманында кәсіби адамға қайда да жұмыс бар, табады. Оның үстіне кен орындарының да көзі бар, біраз жылдан кейін түсім азаяды, сол кезде басқа жұмыс іздеуге тура келеді. 

Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ, 

Energy monitor қоғамдық қорының жетекшісі:

– Биыл Жаңаөзен тұрғындары да «Өзенмұнайгаз» компаниясына жұмысқа тұру туралы талап айтып, шу көтерген болатын. Ал Жетібай ауылының тұрғындары 30 наурызда аштық жариялап, «Маңғыс­таумұнайгаз» компаниясына жұмысқа алсын деп талап қойған. Одан бөлек, көктемде «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы қыз­меткерлері бас көтеріп, «Өзенмұнайгаз»-ға кіреміз деп талап етіп, Астанаға дейін келді. Бір жағынан Үкімет пен ұлттық мұнай-газ компанияларының өзі осындай шу шыққан сайын мәселені уақытша шешудің тетігін қарастырады. Түпкілікті шешім шықпай, бұл мәселе қайталана береді. «ҚазМұнайГазда» жыл сайын ЕСОТ бағдарламасы бойынша жалақы өсіп жатыр. Оны көріп отырған басқа компаниялардың немесе сол «ҚазМұнайГазға» қызмет көрсететін компаниялардың жұмысшылары біздің де ақшамыз өссін деп талап етеді. Алайда бәрін ұлттық компанияға алу мүмкін емес қой. Жергілікті тұрғындар ойлауы мүмкін, осылай ереуіл жасап, сұрай берсек бере береді деп. Жоқ, әр нәрсенің шегі бар, оны түсінуіміз керек. Әр компания өз мүмкіндігіне байланысты қызметкерін қамтамасыз етеді. Егер компания басшылары шығынға жұмыс істесе, компаниясын жауып кете береді. Онда бюджетке түсетін табыс тоқтайды. Инвестициялық ахуал төмендейді, имиджге нұқсан келеді. Сондықтан ондай жағдайға жеткізбей, шешім шығару қажет.

Бауыржан БАЗАР