Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жалпы отырыста еліміздің трансшекаралық өзен-су мәселесін көтерді.
Депутат биылғы құрғақшылықтың келешекте қайталанбауын талап етті
729
оқылды

Депутат Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке Жамбыл облысын басқарған тұста шаруаларды судан тарықтырып алғанын алға тартып, биылғы құрғақшылықтың келешекте қайталанбауына қандай кепілдіктер бар екенін сұрады.

"Жамбыл облысы ағын суды трансшекаралық өзендерден алады. Оның 82 % Қырғыз Республикасынан келеді. Осы жылдың шілде-тамыз айларында Қырғызстаннан берілетін 3,5 млн текше метр судың таусылуына байланысты су беру тоқтатылды.  Осыған байланысты шілде-тамыз айларында Жамбыл облысының алты ауданында ағын су тапшылығы орын алып, 9 мың гектар алқаптағы егіс зардап шеккен. Шығын көлемі 3,6 млрд теңге. Бүгінгі күні Жамбыл мен Түркістан облысында суармалы жерлер 300-500 мың гектарға жерге дейін жетеді", - деді Қайрат Балабиев.

Депутаттың айтуынша, бұл облыстың бәрі трансшекаралық ауыл шаруашылығы өңірі болғандықтан су әр уақытта қажет.

"Өзіңіз Жамбыл облысын басқарған тұста шаруаларды судан тарықтырып алдыңыз. Су саласының министрі болып жүрген кезде мақташыларға су жеткізе алмадыңыз. Күнгейдегі шаруалардың шырылдап жүргенде күз де өтіп кетті. Біздің елімізде берілетін трансшекаралық өзен суларын арттыру мәселесі қарастырыла ма? Мәселені қандай жолдармен шешпексіздер? Қашанғы кісідегінің кілті аспанда демекші көршілердің көңіліне қараймыз? Кіріптарлықтан айырылатын жол бар ма? Биылғы құрғақшылықтың келешекте қайталанбауына қандай кепілдіктер бар?» - деді депутат министрге.

Өз кезегінде министр Нұржігітов биыл Жамбыл облысында су тапшылығына байланысты шаруа қожалықтар зардап шеккенін айтты.

"Бұл жылдың Жамбыл облысындағы Талас пен Шу өзені бойынша сулығына байланысты болды. Себебі Қырғызстанда су мөлшері сондай деңгейде болды. Ал енді трансшекаралық өзендер бойынша келісімді қалай жүргіземіз? Қырғызстанмен мысалы 2000 жылы екіжақты трансшекаралық өзендерді пайдалану жағынан келісімшартымыз бар. Сол келісімшартқа байланысты Талас өзені 50 де 50 мөлшерінде, ал Шу өзені 42-де 58 пайыз бөлінген. Сондықтан, әр жылдың өзінің сулылығына байланысты су көлемі бөлінеді. Біздің тараптан оны көтеру мәселесін біз қарастырып жатқан жоқпыз. Себебі нақты өзінің пайыздық мөлшері бар", - деді министр.

Министрдің пікірінше, Орталық Азиядағы бес мемлекет 1992 жылы тура сондай келісім жасаған. Сол келісімде бұрынғы Кеңес одағындағы су қалай бөлінеді – тура сондай көлем расталған. Атап айтқанда, Сырдария өзенінде су көп болса бізге Қазақстанға 12 текше шақырым су беріледі. Сондықтан, бұл жұмыстар тек келіссөздер арқасында атқарылып жатыр.