Отандық кәсіпкер Фазылбек Әбсаттарұлы Португалияның «Брагалона» клубына құрылтайшы болды.
Қазақстан балаларына Еуропа футболының есігін ашсақ дейміз –  Фазылбек Әбсаттарұлы
1,919
оқылды

Қазақстандық кәсіпкер Фазылбек Әбсаттарұлы Португалияның «Брагалона» клубына құрылтайшы болды. Осыған орай ол Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

 Фазылбек Әбсаттарұлы, мұндағы мақсатыңыз қандай еді?

 Негізгі мақсат   футболды дамыту. Меніңше, футболды дамытудың жалғыз жолы бар. Ол – осы спорт түрі өркендеген Еуропаға барып үйрену, білімін алу, тәжірибесімен бөлісу.

Қазақстан футболын дамыту үшін 32 жылда не жасамады? Барлық талпыныстар істелді. Алайда мардымды нәтиже шықпады. Неге? Себебі футболды дамыту үшін оған ғылыми тұрғыда қарамады, Еуропада футболшы дайындалмады. Оның орнына қайдағы Бразилияға апарып әзірледі. Бразилияға бюджеттің қаншама қыруар қаржысы жұмсалды. 32 жылда жүздеген млрд қаржы кетті. Нәтиже жоқ. Ал  ең дұрысы, футболды ғылым арқылы дамытып отырған Еуропадан үйрену керек. Біз қанша жерден «Бенфика», «Спортинг», «Аякс» секілді футбол академияларын Қазақстанда саламыз десек те, ол жай ғимарат болып қалады. Және қалды да, «Қайрат» футбол академиясы секілді. Әлемдік ТОП академиялар секілді бой көтергенімен, осы күнге дейін «Қайрат» академиясының бірде-бір әлемдік футбол жұлдызын дайындай алмауы   осыған дәлел.

Мысалы, Гарвард, Кембридж, Оксфорд секілді университеттер салғанымызбен, бәрібір ондай деңгейге жете алмайды.

 Ендеше, таңдау неліктен Португалияға түсті?

 Өйткені Португалия футболшылар дайындау жөнінен әлемде алдына жан салмай тұр. «Бенфика», «Спортинг» академиялары әлемдік ТОП үштіктің қатарында.

Әлемдік даму тәжірибесі көрсеткендей, алдымен мамандар дайындалады. Мысалы, Жапония осыдан 100 жыл бұрын дамымаған елдер қатарынан шығу үшін алдымен балаларын Еуропа, Америкаға білім алуға жіберді. Сосын сол жас жеткіншектер маман болып келіп, Жапонияны көтерді. Сол секілді футболды дамытамыз десек, алдымен ойыншылар дайындауымыз керек.

Енді соларды дайындайтын «фабрикамыз» болмаса, футбол қайдан болады? Футболшы дайындайтын «фабрикамыз» әлі жоқ. Жалпы, Қазақстанда өндіріс орындары ғылыммен байланыста дамуы керек, сонда ғана өрге басады. Жанында зертханалары болуы қажет. Керісінше, бізде ашылған өндірістер артынша жабылып жатады. Себебі оның іргетасында ғылым жоқ. Бір нәрсені енгізу үшін сараптамалық қорытынды, апробациясы, эмпирикалық зерттеу тәсілдері болуы керек.

Ал аяқдоп шеберлерін дайындауда әлемдік рейтингте бірінші және екінші орында жүретін Португалияны таңдап, сол жақтан футбол клубын ашуды жоспарладым. Кейіннен футбол клубын ашу емес, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, жұмыс тәжірибесі бар, бэкграунды жақсы, жүйесі қалыптасқан клубты сатып алсақ па деп шештік. Сонымен, «Брагалона» футбол клубына тоқтадық. Келіссөздер жүргізіп, құрылтайшы ретінде кірдік. Енді сол клуб арқылы Қазақстан балаларына Еуропа футболының қақпасын ашсақ па деп отырмыз. Себебі осы күнге дейін Қазақстанның жас ойыншылары Еуропа футбол федерацияларынан лицензия ала алмай, есіктерінен ене алмай жүр. Бұдан кейін «Брагалона» арқылы лицензия алып, өзге Еуропа футбол клубтарына трансфер жасауына жеңілдік болады. Енді осындай мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан балалары Португалияның футбол академиялары мен клубтарына барулары керек деп ойлаймын.

 Клубтың құрамында қыздар да, ұлдар да ойнайды ма?

Клуб болғандықтан, онда ұлдар мен қыздар командасы да бар. Бірақ қыздар ғана Португалия кәсіби футбол лигасының 3-дивизионында өнер көрсетеді. Футбол клубы болып тіркелу үшін барлық командасы болуы шарт. Жалпы, шарттары көп. Соларды орындағаннан кейін тіркеледі.

 Спорттың басқа саласына емес, неге футболға назарыңыз ауды?

 Себебі футболдың Қазақстан экономикасына ықпалы күшті. Қазір біз 100 пайыз дерлік Еуропа футболының тұтынушысымыз. Экипировка, трансфер, телетрансляция, букмекерлік кеңселер арқылы миллиардтаған қаржы шетелге кетіп жатыр.

Футбол – әлемдегі аудиториясы ең үлкен сала, яғни №1 спорт түрі болып есептеледі. Екіншіден, ол адамның денсаулығын кішкентайынан шыңдайды. Балалар мен жастардың теріс әдет-қылықтардан бойын аулақ салуына септігін тигізеді. ЮНИСЕФ-тің соңғы 10 жылдағы статистикасына сәйкес, балалар арасындағы физикалық және психикалық аурулар күрт артқан. Мұның себебі мынада, технология дамыған сайын дене қозғалысы бәсеңдейді. Пандемиядан кейін компьютер мен смартфонға деген тәуелділіктің артуы да әсерін тигізеді. Мамандар балалар арасындағы мұндай келеңсіздіктер мен ауруларға қарсы дәрінің жоқтығына, оның жалғыз емі спорт екеніне екпін түсіреді. Сондықтан Еуропа ғалымдары футболдың адамзат үшін маңыздылығын алға тартып, осынау спорт түрін балалар арасында кеңінен насихаттауға көшті. Футболы дамыған ел боламыз десек, біз де осы көштен қалмауымыз керек.

Әңгімеңізге рақмет, талпынысыңызға табыс пен сәттілік тілейміз.