Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің 20 желтоқсанда Мәжіліс отырысында қаралған «Жекелеген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша су ресурстарының басқарылу тиімділігін талдау» Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы төрағасының есебі бойынша әзірлеген қосымша баяндамасы.
Құрметті әріптестер!
Жасыратыны жоқ, су мәселесі – еліміздің ең әлсіз тұсы. Өйткені біз трансшекаралық су ресурстарына өте тәуелді, әрі шөлейтті мемлекетпіз.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстан жылына табиғаттан 25 миллиард текше метр су ресурстарын алады. Оның 21 миллиарды тұтынуға кетсе, қалған 4 миллиард су шығынданып, далаға кетіп жатыр. Өкініштісі, соңғы жылдары су шығындары – 48 пайызға өскен. Бұл – өте қауіпті жағдай.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін», – деп айтты. Аталған дефициттік сан қазір елімізде алынатын су қорының 60 пайызын құрап отыр. Болашақта осы су тапшылығы болса, 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірлері сусыз қалуы әбден мүмкін. Эколог-ғалым ретінде пайымым, Мемлекет басшысы осы бастан бекерден-бекер су дефицитін қауіп етіп отырған жоқ. Жағдай қазірдің өзінде мәз емес.
Құрметті қатысушылар!
Осы ретте, су мәселесі бойынша біраз жүйелі проблемаларға тоқталып өтуді жөн көрдім.
Бірінші. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі 20 жылдан бері толық шешілер емес. Біз әртүрлі бағдарламаларды қабылдауды қатырамыз.
Мәселен, 2002-2010 жылдары «Ауыз Су», 2011-2020 жылдары «Ақ Бұлақ», ал 2020-2025 жылдарға арналған «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жол» сияқты 5 бағдарламаға бюджеттен 1,5 трлн теңгені нақты бөлдік.
Дегенмен әлі күнге дейін 51 пайыз ауыл таза ауызсуына қол жеткізе алмаса, 36 пайыз ауылда орталықтандырылған су жүйелері жоқ. ХХІ ғасырда, қыстың күні қырауда қол арбамен, бидонмен су тасыған ауыл тұрғындары жетерлік.
Екінші. Негізгі су ресурстарын тұтынушы сала – бұл ауыл шаруашылығы. Агроөндірістік кешендердегі судың шығыны 40 пайызға жетіп отыр.
Оған себеп, 30 жылдан бері ирригациялық каналдардың әбден тозуы, иесіз қалуы, уақытылы жөнделмеуі.
Келесі мәселе – салада су үнемдеуші технологияларды пайдалану деңгейінің өте төмендігі. Бізде тамшылатып суаратын әдістер жоқтың қасы. Игерілетін жерлердің тек 14 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады.
Мысалы, құнарлы жері жоқ, тас пен құмның үстінде агроөндірісті дамытып отырған Израиль, суды үнемдеу тәсілдерінің арқасында 1 гектар жерге небәрі 6 метр куб су пайдаланады. Біз сондай жерге екі еседей су шығындаймыз.
Үшінші. Алдағы бес жылдықта еліміздің ішкі жалпы өнімін екі есеге өсіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін өндіріс дамуы керек. Ал өндірістің ең негізгі ресурсының бірі – су. Қазір кәсіпорындар су ресурстарымыздың 28 пайызын тұтынса, алдағы 5 жылда бұл цифра кемі 1,5-2 есеге өсетіні анық.
Сондықтан өндірісте суды қайта пайдалану мәселесін заңмен шегелеп, міндеттеу керек. Өйткені өндірістік кәсіпорындардың тек 30 пайызы суды қайта пайдаланып отыр.
Бір ғана мысал, көліктерді жууатын нысандар суды қайта пайдалануды жолға қоймаған. Ал олардың көбі ауызсумен көлік жуады. Қаншама су ысырап болып жатыр.
Төртінші. Еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге шешімін табар емес. Құдайдың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Тасқын, ерінді қар, жауын-шашын сулары да Жаратушының бізге берген сыйы. Мұның бәрін ішкі су қорымыз деп қабылдауымыз қажет.
Мәселен, Қытай, Аргентина, Бразилия, Араб пен Таяу Шығыс елдерінің көбінде әрбір жауын-шашынның тамшысын мүмкіндігінше ішуге де, өндіріске де пайдаланады. Мысалы, Германияның Франкфурт аэропорты жауын суын пайдалану жүйесі арқылы жылына 1 миллион куб суды үнемдейді. Біз Астанамыздың еріген қар суын тіпті пайдаланбаймыз.
Бұдан басқа, кәріз, ағынды лас суларды да әлемнің көптеген Сингапур сияқты елдері 100 пайыз қайта өңдеп, тіпті ауызсуға пайдаланады.
Ал бізде суды қайта пайдалану небәрі – 2,5 пайыз.
Бесінші. Қазақстанның су қорларының бірі – жерасты сулары. Қолымыздағы бар деректерге сүйенсек, тұщы су қорымыз 43 млрд текше метр. Бірақ бұл мәлімет Кеңес Одағынан кейін қайта актуализациядан толық өткен жоқ. Яғни, жерасты суларын қайта зерттеп, бағалап, нақты қорын анықтау мемлекет үшін аса маңызды.
Бұдан басқа, жаңа әріптестерім депутаттар Садықов және Абден айтып кетті, өңірлерде жерасты суларының зияндануы мен оны үнемсіз пайдалануы болып отыр. Жерасты су қорын – мұнай, газ, уран сияқты еліміздің стратегиялық қоры деп есептеуіміз қажет. Оны қорғау, үнемдеу аса маңызды міндет!
Жерасты суларын басқаруда да кемшіліктер бар. Бұл маңызды ресурстарды басқаруды жүйелі іске асыру үшін, жерасты суларын басқару компетенциясын жаңа құрылған Су министрлігіне берген дұрыс болар еді. Бұл жөнінде жаңа Су министрі Нұржан Молдиярұлы да өз позициясын айтты.
Тағы бір күрделі мәселе – Каспий теңізінің тартылуы. Кейбір жағалаулар 3-4 шақырымға кетіп қалды. Жайықтың теңізге құятын жері 30-40 см болып қалған. Ертең теңіз порттарымыздың жағдайы қандай болмақ. Бізге көрші мемлекеттермен бірлесіп кешенді зерттеулер жүргізіп, оның нақты себептерін анықтау қажет. Каспийді жоғалтсақ, елдің әлеуметтік экономикасы былай тұрсын, ол Арал теңізінің тағдырын қайталап, планетарлық масштабтағы экологиялық катастрофаға алып келетіні айтпаса да түсінікті.
Алтыншы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығын шешу үшін арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды.
Бірақ бүгінгі Үкіметтің салғырт, әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін толық таппайтындай көрінеді.
Қорыта келе, еліміздегі саяси реформалардың нәтижесінде Жоғарғы аудиторлық палата жылына екі рет Мәжіліске есеп беруі тиіс. Бұл – Ата заңымызбен бекітілген норма.
Жоғары аудиторлық палатаның негізгі функцияларының бірі – бюджет қаржысын тиімді жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізу.
Сондықтан болашақта әрбір есептеріңіз қаралып отырған проблеманы жан-жақты, ауқымды, терең зерделеп, жалпымемлекеттік деңгейде қарастырылуы қажет. Өйткені сіздер заң шығарушы билік – Парламенттің мінберіне келіп отырсыздар.
Ал Үкімет, ең бірінші кезекте суды үнемдеу идеологиясын Президент айтқандай, ұлттық идеяға айналдыруды қолға алуы тиіс. Ол үшін барлық потенциалымызды қолдану маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Тасбақа аяң десек те болады.
Бағана депутат-әріптестерімнің тарапынан көтерілген кадр мәселесі, ауызсумен қамтамасыз ету, суды үнемдеу, трансшекаралық су дипломатиясы, әділ су тарифі, суды қайта пайдалану, жалпысалалық цифровизация, жерасты суларын дұрыс пайдалану сияқты мәселелермен жан-жақты, жүйелі түрде айналысу қажет.
Құрметті Үкімет мүшелері!
Мына менің қолымда сіздерге арналған ондаған нақты ұсыныс бар. Осыны іске асырсаңыздар суға қатысты біраз шаруа шешілетіні анық.
Дана халқымыз айтқандай: «Судың да, сұрауы бар!».