Әкім орынбасарының пара сұраған сәтін кәсіпкер диктофонға жазып алған.
Қамауда отырған Шымкент әкімі орынбасарының 187 миллион теңге пара сұраған аудиосы тарады
shymkent.gov.kz
7,683
оқылды

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған Мақсұт Исахов биыл жазда қамауға алынған еді. Ол 200 мың доллар көлемінде пара алған деген күдікке ілінген болатын. Шымкенттік блогер-заңгер Айгүл Орынбек қамауда отырған Мұрат Әйтеновтің бұрынғы орынбасарына қатысты тағы бір істің шетін шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап. 

Заңгер өзінің YouTube арнасында жергілікті кәсіпкермен сұхбаттасқан. Кәсіпкер 2020 жылы қаладағы жылу құбыр жүйесін ауыстыратын мемлекеттік конкурсқа қатысқан. Ең төменгі бағаны ұсынса да, ашық конкурстан шеттетіліпті. Кейін сотқа беріп, жеңіске жеткен. Әкімдік сот шешімінен кейін бес күннен соң келісімшарт ұсынуға тиіс еді. Алайда олай болмай шыққан.

«Пандемия тұсында екі конкурсқа қатыстық. Біреуі 600, екіншісі 700 миллион теңгені құрайды. Сол кезде өзге фирмалар жеңіске жетті. Кейін құжаттарды ашып қарасақ, бізді заңсыз шеттеткенін білдік. Амал жоқ, сотқа шағымдандық. Қаладағы экономикалық сот хаттаманы қайта қарауға шешім шығарды. Содан қайта қарау болған кезде қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов хабарласып, шақырды. Бұрын ол кісімен араласпағанмын. Исахов маған екі конкурстан да бас тарт деді. Мен олай істемейтінімді айттым. Сол кезде ақыры істейтін болсаң, 187 миллион теңге бересің деді. Яғни, пара сұрады», – дейді кәсіпкер.

Әкім орынбасарының пара сұраған сәтін кәсіпкер диктофонға жазып алған. Мақсұт Исахов нақты талап қойған: Яғни, конкурстан бас тарт немесе 187 миллион теңге әкел деген. Оның үстіне, ақшаны қолма-қол әкелу қажет екенін жеткізген. Кәсіпкер осы бойынша да құқық қорғау органдарына шағымданыпты, бірақ ешкім мән бермеген.