Атбасар қаласында шаһарды жылумен қамтитын жылу қазандығынан шыққан оттың ұшқыны жанындағы үйлерді өртеп жіберуі әбден мүмкін.
«От жағушы емес айдаһар»: Атбасарда жылу қазандығы тұрғын үйлерді өртеп жіберуі мүмкін
807
оқылды

Атбасар қаласында шаһарды жылумен қамтитын жылу қазандығынан шыққан оттың ұшқыны жанындағы үйлерді өртеп жіберуі әбден мүмкін. Тұрбадан шығып үйлердің үстіне қонып жатқан жалынды ұшқындар тұрғындардың зәресін ұшырды,-  деп хабарлайды Aikyn.kz  тілшісі. 

Құбырдан қою түтін емес, қызыл тілін жалаңдатқан ұшқынды жалынның ұшқанын көрген атбасарлықтар жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметіне мәселені реттеуді сұрап, ащы жанайқайын жеткізді. 

- Мен осы үйлердің бірінде тұрамын. Мынау сұмдық қой! Отты осылай жаққанды өмірі көрген емеспін. Ал егер түн ортасында үйлеріміз өртеніп кетсе қайтпекпіз? Бұған кім жауап бермек? Мен мұны осылай тастай алмаймын. Қажетті органдарға жүгінемін. Мұны жөнге келтірсін, - дейді Анастасия Мусина есімді Атбасар қаласының тұрғыны. 

«Атбасар Су» компаниясы бірден қазандықтың өздеріне тиесілі емес екенін айтып ат-тонын ала қашты. 

- Бұл біздің қазандық емес. «Атбасар Су» коммуналдық кәсіпорнының теңгерімінде тіркелмеген, - деді «Атбасар Су» коммуналдық кәсіпорнынан. 

Ал жергілікті қала әкімдігі жылу энергиясымен қамтитын жекеменшік компанияға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы нұсқау берілгенін айтумен шектелді. 

- Аталған жылу қазандығы қаланы жылу электр энергиясын беру қызметін жүзеге асыратын «Байсбай О.А.» ЖК-ға тиесілі. 20 желтоқсанда температуралық режимнің күрт төмендеуі себепті көмірдің жануы кезінде түтін шығатын құбырда күл-қоқыс қалып қойған. Осыған байланысты түтінтартқыш жүйесіне тазарту жүргізілді. Қала әкімдігі аталған ұйымға өрт қауіпсіздігі ережесін бұзбау және сақтау туралы нұсқау берді, - деді Атбасар қаласы әкімдігінен. 

Қала тұрғындары жылу қазандығынан шыққан өрттің қауіптілігін айтып, құзырлы органдардан тиісті шешімді тезірек қабылдауын сұрады. Кейбірі тіпті тұрбадан шашыраған жалынды айдаһарға теңеді. 

«Осылай үйлер өртенеді», «Өрт сөндіру қызметі қарамай ма, айтпақшы кеше кітапшалар әкеліп тастап еді», «От жағушы емес айдаһар», «Атбасар -  қатал қала» деп жазды тұрғындар. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы