Степногор қаласының іргесіндегі Бестөбе кентінде екі бірдей кішкентай баласы бар әйел із-түзсіз жоғалып кетті.
Бестөбелік әйел екі кішкентай сәбиімен ұшты-күйлі жоғалып кетті
993
оқылды

Степногор қаласының іргесіндегі Бестөбе кентінде екі кішкентай баласы бар әйел із-түзсіз жоғалып кетті. Полиция іздеу шараларын ұйымдастыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Степногор қалалық Полиция басқармасының Бестөбе кентіндегі полиция бөліміне 21 күні түнгі 23.52-де телефон шалған жергілікті тұрғын анасы мен екі кішкентай бауырын іздеуге жанұшыра көмек сұраған. Оның айтуынша, анасы 42 жастағы Әлфия Нуретдинова мен 2022 және 2023 жылғы туған бауырлары іңір қараңғысында шығып, ізім-қайым жоғалып кеткен. Қыз анасының телефоны байланыстан тыс жерде болғанынан қатты қорыққан. 

– Хабар-ошарсыз жоғалған әйелді іздеуге Бестөбе кентінің полиция бөлімінің жеке құрамы мен қалалық полиция басқармасы толықтай жұмылдырылған. Іздеу шараларына волонтерлер де қосылып, барлық әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге бағдарлар таратылды, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Альфия Нуретдинова үйден шыққанда күрең көк түсті куртка, ақ етік және күрең түсті шалбар киген. 2022 жылы туған қызы Данель Нуретдинова қызғылт түсті куртка, қызғылт етік басында қызғылт бас киім мен қызғылт бөкебай оранған. Екінші қызы Анель Нуретдинова құлағы бар сұр комбинезон мен сұр түсті бас киім киген. 

Полицейлер Альфия Нуретдинова мен оның қыздары жайлы қандай да бір ақпарат білген адамдар болса дереу ішкі істер органдарына хабарласуды сұрайды. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ