Демалыс күні ішім пысты.Сізге өтірік, маған шын, қазақ ертегілерінің әлеміне саяхат жасадым. Кәдімгідей төбеден түскендей сол жаққа топ ете қалдым. Жазық далада жалғыз ағаш үй тігулі тұр. Ішіне кіріп бардым.
Ертегілер еліне саяхат
1,450
оқылды

–   Армысыздар, ағайын!

–   Тәңір жарылқасын! –   деді орта бойлы шал. Қасында кемпірі ұршық иіріп отыр.

–   Ата, бұл қай ертегі?

–   Қаңбақ шал. Мұндай ертегіні естуің бар ма?

–  Әрине, бала кезімде әжем айтып беруші еді.

–  Шырағым, баяғыда құлағым көп шулайтын, қазір тиыш. Соған қара­ғанда қазіргі қазақтың балалары бізді көп біле бермейді-ау, –  деді Қаңбақ шалдың кемпірі күңкілдеп.

–  Кемпір, бұлар бізді не қылады? Өмірі онсыз да ертегі ғой.

–  Бәсе, солай ма?

–  Балам, мұнда жай келдің бе? –   деп Қаңбақ шал қасыма жақындады.

–  Осы сіз түйені түгімен жұтатын жалмауыз дәулер мен біреуді-біреуге айдап салатын жағымпаз, өтірікші қу түлкіден қалай құтылып кеттіңіз?

–  Ее, балам, шамасы ертегіні дұрыс тыңдамаған екенсің. Оны неге сұрадың? Еліңде дәулер мен түлкілер пайда болды ма?

–  Солай болып тұр.

–  Естуімше сендерде жалғыз көзді дәулер үшеу емес, көп қой. Түлкілер то­лып жүр. Оған менің шамам жет­пейді. Алдар көседен көмек сұра, –  деді

–  Ол қайда тұрады?

–  Екі көлді кешіп, жеті қырдан асып өтіп жетесің.

–  Алдарға баруға менің уақытым аз. Басқа амалы жоқ па? –  дедім.

–  Оған барлық қазақ ертегісінің кейіп­керлері Ер Төстік, Таусоғар, Көл­тауысар, Желаяқ, Саққұлақ, Күнекей қыз, тіпті Қылкеңірдек пен Шибұттар қол ұшын беру керек. Айтпақшы, менде «Ұр,тоқпақ» бар. Бұл қоғамыңды жайлаған жағымсыз кейіпкерлермен күресуге көп көмек береді, –  деп ағаш үйдің керегесінде ілулі тұрған тоқ­пақты қолыма ұстатты. Қуанып кеттім. Өз елімнің таусылмайтын шым-шытырман ертегісіне қайта оралдым. 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН