Экономикада айтарлықтай өсім бар

Жыл аяқталуға жақын. Демек, осы кезең ара­лығында ел экономикасын алға жылжытып, елеулі өз­герістерге себепкер болған реформалар мен атқарыл­ған жұмыстардың бірсы­пыра­сына тоқталып өтуге болады.

Жақында Үкімет «биыл эко­но­мика өсім көр­сетіп, инф­ляция баяу­лады» деген жыл қорытын­дысымен бө­лісті. Ендеше, әлеу­метпен астасып жа­татын бұл саладағы атау­лы жоба­лар нақты секторды нығай­туға қалай әсер етті? 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Үкімет алдына ұлттық экономика көле­мін 2 есеге арттырып, 450 млрд АҚШ долларына жеткізуді мін­деттеген. Бұл межеге жетудің бас­ты тетігі – жыл сайынғы тұ­рақ­ты экономикалық өсім көр­сеткішін кем дегенде 6 пайыздық деңгейге көтеру. Үкімет страте­гиялық мақсатқа қол жеткізуде өңдеу өнеркәсібі жобаларына басымдық береді. Экономист Юрий Масанов өз шолуында бұл бастамаларды «әлемдік күйзеліс­тердің салдарымен күресу емес, керісінше, орнықты дамуға көшу жолы» деп сипаттады. 

Статистикаға сүйенсек, был­тырғымен салыстырғанда эконо­мика барлық сала бойынша өсім көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жыл­дың қаңтар-қараша айла­рында елдегі барлық тауар мен қызметтің өндірісі 2,7%-ға өссе, қазір – бірден 4,9%-ға өсті. Ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 11,5 мың АҚШ долларынан 13,3 мың АҚШ долларына дейін жетіп отыр. 

Үкімет хабарламасынан биыл жаһандық құбылмалы жағдай­лардағы сыртқы сын-қатерлерге еліміз лайықты төтеп беріп, стра­тегиялық мақсаттарды жүзеге асырғанын көреміз.

«Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында және Қазақстан халқына Жолдау­ларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру жал­ғасын тапты. Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енді, бірқатар ірі мемлекеттік бастаманы, соның ішінде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жоба­ларын іске асыру басталды. Сонымен қатар Үкіметте дағ­дарысқа қарсы шаралар қолға алын­ды, бұл сыртқы күйзе­лістердің әсерін төмендетуге және алдағы кезеңге экономика­лық дамудың негізін қалауға мүм­кіндік берді», – делінген хабарламада.

Сарапшылар ел экономи­касын дамыту бағытында атқа­рылған негізгі жұмыстар Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы сайлауалды бағдар­ламасында және соңғы Жолдауда белгілеген ауқымды реформа­ларға негізделгенін айтады. Сонымен қатар 2023 жыл жаһан­дық экономикадағы өзгерістерге бейімделе отырып, инфляцияның артуы секілді айтулы мәселелерді ауыздықтай алуымен ерекше­ленеді деп есептейді.

Джорджтаун университетінің түлегі, экономист Әсел Нүсіпова­ның пікірінше, Қазақстан биыл да өндіріс саласын әртараптан­дыру бағытында елеулі өзгеріс­терге қол жеткізе алмағанымен, сауда-саттық серіктестерінің географиялық шекарасын ке­ңейте түскен.

«Атап айтқанда, өткен жыл ішінде Қазақстан Түркия және Орталық Азияның басқа да елдері сияқты бауырлас елдермен ынтымақтастыққа ұмтылды. Маусым айында Президент Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен жоғары деңгейде өткен кездесу Еуропамен байланысты одан әрі нығайтты. Нәтижесінде, Штайн­майер қазақстандық ин­вес­тицияларға 50 миллиард доллар бөлу туралы уәде етті. Еуропамен байланысты дамыту­мен қатар, Қазақстан екінші бір стра­тегиялық әлемдік держава сана­латын Қытаймен ынтымақ­тас­тықты кеңейтуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ал 2023 жылы американдық-қазақстан­дық өзара іс-қимылдың шарық­тау шегі Нью-Йоркте өткен C5+1 саммиті болды. Мұндай кездесу­лер бұрын да болғанымен, АҚШ президенті Орталық Азияның барлық бес мемлекет басшылары­мен тікелей кездескен бірде-бір  болған емес. Саммит АҚШ үшін геосаяси және жа­һандық тұ­рақсыздық кезеңінде Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерімен неғұрлым терең байланыстың маңыздылығын көрсетті. Осылайша, басқа ел­дермен байланыстарды нығайту­мен қатар, Қазақстан елдің Ресеймен тығыз экономикалық байланыстарының жалғасуына қарамастан, сауда және инвести­циялық бағыттарды әртарап­тандыруға басымдық берді», – дейді маман.

Дегенмен Мемлекет басшы­сының негізгі реформалары импортты отандық тауарлармен алмастыруға негізделіп отыр. Өңдеуші өнеркәсіп пен халық­аралық саудадан түсетін пайданы асыруға баса назар аудару отан­дық экономикаға үлкен тұ­рақтылық беріп, жаһандық өз­герістердің әсерін төмендетеді. Қазақстан халқына Жолдауында Президент еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптас­тыруға баса маңыз беруді тап­сырған болатын. «Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте, металды терең өңдеу, мұ­най-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды кон­вер­сиялау және байыту, авто­бөл­шектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға ай­рықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», – деді Президент. 

Дүниежүзілік тәжірибе көр­сеткендей, ішкі экономиканы шикізат бағасына байлау дамушы елдердің экономикасына тән кемшілік. Экономикалық шолу­шы Ю.Масанов бұл бағытта Қазақстан экономикасы қазірдің өзінде жетістіктерге жеткенін баяндайды. Мысалы, статисти­каға сүйенсек, жыл басынан бері экономиканың барлық салала­рында 19,5 мың жұмыс орны құрылып, 967,7 млрд теңгеге 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылған. Жыл соңына дейін 1,6 трлн теңгеге барлығы 291 жоба іске қосылады деп күтілуде.

«Мәселе мынада, Қазақстанда шикізатты қайта өңдеу және дайын өнімді сату, оны шетелге жіберуден гөрі тиімдірек. Бұл жобалардың барлығы нарық үшін жаңа өнім болса, қазақстандық мамандар үшін тұрақты жұмыс орындары. Демек, әр отбасы үшін тұрақты табыс көзі. Ал нақ­ты сектордағы кей салалар екі таңбалы өсімге қол жеткізген. Мы­салы, машина жасаудағы өн­діріс, яғни техника мен жабдық­тар өндірісі төрттен бір бөлікке өсті. Оның ішінде, автомобиль жасау 41%-ға өсті. Автокөлік өндірісі – бұл дайын өнімді шы­ғаратын ондаған ірі және шағын кәсіпорындарды қамтитын технологиялық жағы­нан күрделі салалардың бірі екенін түсіну маңызды», – дейді маман.

Бұл саладағы өзгерістер көзге ұрып тұр. Мысалы, Қостанайда Kia автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Сонымен қатар Skoda компа­ниясы да Қазақстанда жұмыс істеу жоспары барын мәлімдеді. Осының арқасында ел азаматтары үшін қолжетімді автомобиль брендтерінің саны артты. Мұндай кәсіпорындардың айналасында әдетте, автомобиль бөлшектерін шығаратын бүтін бір экожүйе құрылып, нәтижесінде аймақтағы шағын орта бизнестің дамуына серпін беріліп, нарыққа мульти­пли­кативті әсер етпек. Сондай-ақ биыл Қазақстан $65 млрд-тың өнімін экспорттады, сонымен бірге өңделген тауарлардың экс­порты $21 млрд-қа жетті.

Үкімет баяндамасынан басқа салаларда да оң үрдістер барын көруге болады. Мысалы, елі­міздегі құрылыс жұмыстарының көлемі жыл басынан бері 12,6%-ға өсті. Нәтижесінде, 15,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 15,6% - ға ұлғайған. 

Жылдың тағы бір нәтижелі жетістігі инфляцияның екі есе төмендеуі болды. Биыл ақпанда 21,3%-ды құраған бұл көрсеткіш қарашада 10,3% деңгейіне тұ­рақтады. Бұл халықтың әл-ау­қаты үшін маңызды, себебі тауар құны азаматтардың кірістерінен асып түспеуі қажет. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк Прези­денттің тікелей тапсырмасына сәйкес 2023 жылы инфляциямен барынша күресті.

Оған әсер етуші ең маңызды факторлардың бірі базалық мөлшерлеменің өсуі болды. Со­нымен қатар министрлер каби­неті жедел және орта мерзімді сипаттағы шаралар кешенін қабылдады. Биыл елдегі негізгі жұмыс беруші әрі сұранысқа ие тауарлар мен қызметтерді өн­діруші ШОБ-ті қолдауға да басымдық берілді. Мәселен, бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам артық талаптар жойылып, жаңа жылдан бастап бизнесті тексеру саны екі есеге азаяды. 

Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету жыл сайын артып келеді. Атап айт­қанда, бұл мақсаттарға «Бәй­терек» холдингі желісі арқылы 2,3 трлн теңге бөлінді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау 209 млрд теңгеден 288 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Үкімет мемлекет қабылдаған шаралар нәтиже­сінде, биыл алғашқы алты айда ШОБ өнімі 29 трлн теңгеге дейін ұлғайғанын мәлімдеді. Ал осы сек­тордағы жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 4,3 млн адам­ға дейін өскен. Бұл ретте, елдің ЖІӨ-гі ШОБ үлесі 36,4%-ға жетті. 

Экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссия жұ­мысы басталғаннан бері рес­публикалық және коммуналдық меншікке 15 компания, 7 ғимарат, 160-ден астам теміржол мен құ­рылыстар және басқа да мүлік­тердің акциялар пакеті мен қа­тысу үлестері қабылданды.

Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылайтын болсақ, Қазақстан экономикасы әлемдік экономикадағы жаңа жағдайға бейімделе түсті. Статистикадағы бұл сандар еліміздегі нақты өз­геріс­тердің, соның ішінде жаңа кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарының айқын көрінісі.

К.ЕРКІН