Мұраны қорғау – маңызды міндет

Таяуда Перу мен Польша ғалымдары Анд тауларынан табылған 14 жастағы қыз ба­ла­ның мумиясының реконс­трукциясын жасап шықты. Археологтар оны осыдан 500 жылдай бұрын өмір сүрген Инк тайпасының өкілі деп жора­мал­дайды. Мумияланған мүр­де 6000 метр биіктікте еріген мұздың астынан шыққан.

Археологиялық қазба жұмыс­тарының негізінде жердің байырғы тұрғындарының сүйегін табу ғы­лымда ертерек ашылған жаңалық болғанымен, мұз құрсауында қал­ған адамдардың белгісі кейінгі табиғи үдерістердің «жаңалығы». 1991 жылы германиялық туристер Альпі тауындағы мұздықтардан му­мияланған қаңқаны тапқан бо­латын. Ғалымдар Аустрия мен Италияның шекарасынан табылған «мұз адамның» өмір сүрген кезеңін мыс-тас ғасыры (энеолит) деп болжам жасады. Тіпті, оны 15 жыл бойы зерттей келе 2016 жылы 11 қаң­тарда асқазан жарасынан зар­дап шеккен деген диагноз да қой­ды. Демек, бұл адам баласының ас­қа­занындағы кесел ерте заман­нан бері келе жатыр дегенді біл­дірсе керек.

Бір есептен климаттың өзгеруі археологтарға олжа әкеліп жатқан­дай. Мәселен, Аляскада мұз асты­нан ежелгі мекен, ескі қоныстар­дағы тіршілік белгілері білініп жатса, Антарктидадағы мәңгілік мұз­дықтар шетінен сөгіліп, ше­гін­ген сайын жердің табиғи геожүйесі де айқындалып келеді. Климат зерт­теушілері көне радиолока­циялық бейнелер көрініс беруде екенін айтады. Бірнеше жыл бұрын зерттеушілер Сібірде үш мамонт­тың сүйегін тапты. Ғалымдардың айтуы бойынша, олардың жасы миллион жылдан асады. 

Су деңгейінің күрт төмендеуі және құрғақшылық салдарынан Испанияда 150-ден астам мегали­тикалық тас ескерткіші, Амазонка аймағынан тас бетіне салынған өрнектер көрініс беріп жатыр. Алайда археологтардың айтуынша, мыңдаған жыл бойы суық әрі ыл­ғалды табиғат жағдайында қорғауда жатқан көне мұралар ашық кеңіс­тікке шыққан соң жойылып кету қаупі де жоғары. 

БАБАДАН ҚАЛҒАН БРЕНД

Әлем елдерінде мұз құрсауынан шығып жатқан мұндай сирек кез­десетін тарихи-мәдени мұралар бізде бұрыннан бар. Қазақ жерінің кез келген қиырынан петроглиф­терді кездестіруге болады. Қаратау, Ұлытау, Іле Алатауы, Жоңғар Ала­тауы, Тарбағатай және басқа да таулы аймақтарда тасқа бедерлен­ген таңба жазулар көптеп шоғыр­ланған. Өкінішке қарай, қолда бар байлықтың қадірі болмай тұр. Көне жазулар мен тарихи бейнелер са­лынған тасқа өз атын жазып, түрлі сурет шимайлап, тарихи ескерт­кішті бүлдіретіндер көбейген. Жақында Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова вице премьер-министр Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдап, мұндай бассыздық­тың алдын алуға шақырды. Депу­таттың айтуынша, ерінбеген жо­лаушы, тау-тасты кезген турист, тіп­ті әскери полигонда дайын­дықтан өтіп жатқан сарбаздарға дейін тас жазуларды талқандап, өз есімін таңбалап, сәлемдеме де жазып қалдыратын болған. «Әлем елдері табылған 5-10 петроглифі бар жартастарын туристік тартым­ды нысанға айналдырып жатыр. Бізде оның ондаған мың түрі бар. Біздегі петроглифтерде эпикалық шайқастар, жойылып кеткен жануарлар, киім-кешек, бұрын өмір сүрген тайпалар мен халық­тардың құралдары бейнеленген. Олар Ежелгі Египеттің папирус­тарынан немесе шумер сына жазу­ларынан еш кем емес. Сондықтан тастағы таңбалар елдің бренді болуы керек!», – дейді И.Смирнова.

ВАНДАЛИЗМГЕ ҚОҒАМ ҚАРСЫ

Бұл мәселе қараша айында «AMANAT» партиясының респуб­ли­калық қоғамдық қабылдау алаңында талқыға түсіп, тарихи нысандарды қорғау ісіне қоғам болып қарсы тұру керегі айтылды. Көп ұзамай партияның Жетісу облыстық филиалы алғашқы бо­лып партиялық бақылау комис­сиясы арқылы жұмысты бастап кетті. Өйткені таңбалы тастардың ең көп шоғырланған әрі туристер көп баратын аймақтың бірі осы – Жетісу аймағы. Өкінішке қарай, елімізде туристің табаны тиген жер тез бүлінетін жағдайға жетіп отыр. 

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатына топтасқан жетісулық жастармен экобелсенділер «Вандализмге жол жоқ!» деген ұранмен экоакция өткізіп, ел ішінде «Тасбақа тас» ата­лып кеткен алып жартас бетін­дегі шимай-шатпақ жазулар мен суреттерді өшірді.

Айта кетейік, «Тасбақа тастан» 5 мыңға жуық петроглиф табылған. Ол бүгінде Орталық Азиядағы ең үлкен петроглифтер жиынтығы са­налады. Жетісулық жастар экоак­ция аясында Панфилов, Кер­бұлақ, Ескелді, Алакөл аудандары мен Те­келі қаласындағы ескерткіш­тер мен сакральды орындардағы ван­дал­дардың бүлдірген істерін қал­пына келтірген.

Жалғыз Жетісу емес, табиғат туындысын қасақана қирату ісі барлық өңірде кездеседі. «Жастар Рухының» белсенділері 20 қазаннан бері «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы «Жұм­бақтас» жартасындағы, Алматы облысындағы «Тамғалы-Тас» шатқалындағы шимайды кетіріп, қоқысын тазалап шыққан. Осындай іс-шаралар бүкіл ел аума­ғында өткізіліп, 1 500-ден астам белсенді жас 500-ден астам ескерт­кіш пен киелі орынды тазартты.

Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, депутат Еділ Жаңбыршиннің пі­кірінше, мұндай қылық әр аза­маттың тәрбиесі мен мәдениетіне байланысты. «Қазақстандағы мәдени-тарихи ескерткіштерінің 60%-ы Маңғыстау облысында орналасқан, өңірді «ашық аспан астындағы музей» деп атауға бо­лады. Бірақ соңғы кезде заңның әлсіздігіне байланысты көптеген қорымды темір іздейтін құрыл­ғымен қараушылар қопарып, бүл­діріп кеткен. Олар тек сол жердегі ұлттық қазынаны ұрлап қана қоймай, нысанның іргетасын да бұзған. Вандалдар мыңдаған жыл бойы пайда болған мұраны бүлді­реді және бұл үшін ешқандай жауап­кершілік арқаламай, құты­лып кетеді», – дейді депутат.

Вандализм демекші, жыл ба­сынан бері еліміз оларға қатысты жазаны қатаңдатқан. Ол бойынша қоғамдық орындарда құқық бұзған, тарихи-мәдени ескерткіштерге нұқсан келтіргендерге 50-ден 100 АЕК-ке дейін айыппұл қарасты­рылған. Одан бөлек, 160 сағат қо­ғамдық жұмысқа тарту немесе 40 тәу­лікке дейін қамауға алу көз­делген. Бірақ қолы қышып, бүтінді бүлдіруге құмар жандарға бұл жаза аздық етіп тұрғандай.

Ұлағат БЕКБОЛАТ