Шымкенттік әйел 6 баланы жалыннан аман алып шықты.
10 айлық баланы 10 жасар ағасы қолына ұстап тұр: әйел Шымкентте 6 бүлдіршінді өрттен құтқарды
1,381
оқылды

Өртке оранған үйге жалаң аяқ кірген ержүрек әйел терезені сындырып, бүлдіршіндерді сыртқа алып шыққан, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оtyrar.kz-тің мәліметінше, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Марина Гафарованы көзсіз ерлігі үшін марапаттады.

Оқиға 16 желтоқсанға қараған түні сағат екі шамасында болған. Ол балаларын ұйықтатып, есік алдына шыққан екен. Сол сәтте көрші үйде қызыл жалын болып жатқанын көреді. Марина өрт шыққан үйге кіру қауіпті екенін білсе де, терезені сындырып ата-ана қарауынсыз қалған балаларды сыртқа шығарған.

"Кішкентай он айлық баланың даусын естимін, оны 10 жасар ағасы жанып жатқан жерде қолына ұстап тұр. Қашпаған, бала қорқып тұр. Бізде дарбаза үш метр, содан секіріп, екі баланы дарбазаға дейін алып келдім. Сөйтіп, үйдің ішіне қайта кірсем, түтін, жанып жатыр. Ар жақта газ баллон тұр, ол бірнеше секунд ішінде жарылуы мүмкін. "Кім бар?" деп айғайладым, 12 жасар бала «біз бармыз» деді, сөйтіп оларға терезенің алдына бару керектігін айттым", – дейді Марина Гафарова.

2 баланы жалаң аяқ жүріп құтқарған Марина, газ баллонды көргенде, көмекке жары мен інісін шақырған. Олар екінші терезені сындырып, балаларды сыртқа алып шыққан. Осылайша, өрт сөндірушілер келгенше қызыл жалынды өшіруге тырысыпты. Ал басқа көршілерден балаларға алғашқы көмек көрсетуін өтінген. Төтенше жағдай қызметкерлері өрт балалардың отпен ойнау салдарынан туындағанынын жеткізді.

"Өрт орнына келген кезде жеке тұрғын үйдің бірінші қабатында өрт болғаны мәлім болды. Өртті сөндіру, оның салдарын жою мақсатында өртке қарсы қызмет келмей тұрып сол үйдің көршісі Марина деген ханым батырлық танытып, ерлік көрсетіп, сол үйден 6 кәмелетке толмаған балаларды құтқарып, аман алып қалды. Өрттің шығу себебі балалардың отпен абайсыз болу салдары", - деді Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Оқиға орнына 17 қызметкер, 4 техника жұмылдырылған. Төтеншеліктер 4 баланың анасының еңбегін ескеру үшін министрлікке марапатқа ұсыныс білдіріпті. Ал құтқарушылар қала тұрғындарына балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті.