Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында партияның Шымкент қалалық филиалының белсенділері 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында көп балалы аналарға құрмет көрсетті.
Қаратау ауданына қарасты «Мәртөбе» бастауыш партия ұйымында өткен шарада аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әбдез Рахманұлы мен «Мәртөбе» Бастауыш партия ұйымының төрағасы Оразәлі Кенжебеков аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, 15 анаға гүл шоқтарымен қоса электр пешін, тігін машинасын сыйлады.
Әбдез Рахманұлы бұл демеушілердің көмегімен «Бақытты отбасы» жобасы аясында көп балалы аналарды қолдауға және бизнестерін дамытуға бағытталған көмегі екенін айтып өтті. Ал, аналар мұндай сый-құрметке риза болып, Nur Otan партиясына алғысын айтты.
Айта кетейік, жоба аясында Шымкентте партия белсендісі Оразали Кенжебековтың демеушілігімен 100-ден астам көпбалалы анаға тұрмыстық техника табысталған. Бұл шара нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға және көп балалы аналарға өз кәсіптерін өркендетуге көмек береді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы.