Министрдің айтуынша, сауда базарларын жаңғырту бағыттары бойынша шаралар қабылданады.
Қазақстанда үй жанындағы дүкендер кооперациясы құрылмақ
711
оқылды

Қазақстанда кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперациясын құрылмақ. Бұл туралы сауда саясатын дамытуға арналған Үкімет сағатында Сауда және интеграция министрі Арман Шaққалиев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Бизнес пен халық үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін арттыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазір Қазақстанда заманауи сауда форматтарының үлесі 31 пайызды құрады. Көрші Ресейде бұл көрсеткіш 70 пайыз. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 пайыз шамасында», – деді А.Шаққалиев.

Бұл ретте ол Қазақстанда сауда алаңдарымен қамтамасыз ету халықаралық деңгейден төмен екенін айтты.

«Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы 2027 жылға қарай сауданың қазіргі заманғы форматтарының үлесін 56 пайызға дейін арттыру. Осы жылы Бизнестің жол картасында құрылыс салуға, қайта құруға немесе жабдықты сатып алуға кредит алатын сауда объектілері үшін сыйақы мөлшерлемесін төмендету қарастырылған», – деді министр.

Министрдің айтуынша, сауда базарларын жаңғырту бағыттары бойынша шаралар қабылданады. Қазіргі кезде барлық сауда объектісіне қатысты зерттеу жасалып жатыр. Зерттелген ақпарат сауда объектілерінің интерактивті цифрлық картасында көрсетіледі. Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасау үшін әкімдіктермен бірлесіп сауда алаңдарымен қамтамасыз етудің облыстық нормативтері (санэпид шарттары, өрт қауіпсіздігі және т.б.) қабылданбақ. Өндірушіге тиісті жағдай жасау бағытында жәрмеңкелер, көше саудасы, көрмелер, «үй жанындағы» дүкендер сияқты көп форматты сауда-саттықты дамытуға ерекше назар аударылады.

«Біз кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперациясын құруды пысықтап жатырмыз. Бұл шағын дүкендерге бірлескен көтерме сатып алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Болашақта біз оларды ауыл шаруашылығының өнімді сақтау, іріктеу сияқты орталықтарымен байланыстырамыз. Бұл өнімдеріміздің ішкі нарығын көбейтуге жақсы әсер етеді», – деді ведомство басшысы.