Биыл бұл салада бірнеше салмақты жоба іске қосылды. Ал келесі жылы серпінді жобалардың үлкен тобы өмірге жолдама алмақ. Қазірдің өзінде сала қарқыны жақсы. Үкіметтің дерегінше, биыл шикізаттық емес сектор экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады.
Ел Президенті шикізаттық емес салаларды өркендетуде бірнеше мақсат-міндет белгіледі: осы арқылы біріншіден, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізі қалыптастырылады, екіншіден, қажетті тауарлармен өзімізді толық қамти алатын жағдайға жетуіміз қажет. Үшіншіден, жаһандық мамандануда Қазақстан тез таусылатын шикізаттың қоймасы болып қалмайды, дүниежүзілік нарықтарды дайын өнімдерімен жаулайды.
Мемлекет басшысы «ел тағдыры үшін айрықша мәні бар» бірқатар жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Үкімет соның ішінде бастапқы 15 жобаны 2024 жылы жүзеге асыруға тиіс. Бұл ретте мемлекет қазақ жерінің қойнауынан шығатын металдарды шикізат пен руда күйінде шетелге тасымай, терең өңдеуі, сондай-ақ мұнай-газ және көмір химиясына, ауыр машина жасауға, уранды конверсиялап, байытуға, автобөлшектер, тыңайтқыштар шығаруға айрықша назар аударатын болады. Қ.Тоқаев жаңа экономикалық саясат аясында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құрылатынын мәлімдеді.
Кластер құруға Үкімет бұған дейін де белсеніп көрген. Ештеңе шықпады. Сондықтан Президент «бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайтынын» нықтады. Бұл үшін жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетелдік инвесторларды, еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндігімізді пайдалану қажет.
Мемлекет жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуі шарт. Ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек.
Бұл іске кіріспес бұрын ел Үкіметі өңдеу өнеркәсібін дамыту саласына талдау жүргізіп, әрбір сектордың бәсекелі артықшылықтарын және халықаралық нарықта алуы мүмкін орнын айқындады. Белгілі болғанындай, соңғы бір жыл ішінде республика шетелден 47,2 миллиард доллардың дайын өнімін импорттапты. Осы көлемнің жартысына жуығы немесе 20 миллиарды – машина жасау секторының еншісінде. Ары қарай химиялық өнеркәсіпке – 4,5 миллиард, тамақ өнеркәсібіне – 3,8 миллиард, қара металлургия өнімдеріне 2,8 миллиард доллар тиесілі. Осының бәрі болмағанымен, үлкен бөлігін Қазақстан өзінде өндіре алады. Себебі қажетті шикізаттың бәрі өзінде бар.
Осыдан өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін аңғаруға болады: ол ішкі нарықтың мұқтаждығын өтеп, елдің экспорттық мүмкіндіктерін өрістетуі керек.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, ведомство талдау нәтижелеріне жүгіне отырып, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы серпінді инвестициялық жобалардың пулын түзді.
– Ол жобалардың бір бөлігі қазірден белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Тағы бір бөлігі – дайындық кезеңінде. Олар жоғары дәрежеде өңдеуге құрылған кластерлер қалыптастыруға мүмкіндік береді және алдағы уақытта «елдің өнеркәсіптік каркасына» айналады. Біздің министрлік ірі жобалар пулына іріктеу үшін шамамен 20 жобаны алдын ала ұсынды. Олар металдарды терең өңдеуді, ауыр машиналар жасауды, автомобильдердің бөлшектерін және тыңайтқыштарды өндіруді қарастырады, – деген Қанат Бисимбайұлы ақырғы 15 жобаның тізіміне енетін жобаның бәрі мол инвестиция тартатынына және жоғары технологиялы болатынын уәде етті.
Өрге бастар серпінді жобалар
Қара металлургияда ыстық брикетті темір өндірісін жолға қоятын жоба ұсынылып отыр. Оған 920 миллиард теңге инвестиция құйылады деп күтілуде. Бұл өндірістің іске қосылуы темір рудасы шикізатын елімізде терең өңдеуге мүмкіндік береді және отандық болат балқытушы зауыттарды қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді.
Сарапшылардың айтуынша, ыстық брикетті темір – соңғы ширек ғасырда қолданыла бастаған жаңа өнім: болат жасаушы кәсіпорындар бұл өніммен шойын мен металл сынықтарын ауыстырады. Бұл материалды болатқа не темірге қосса, металл жоғары температураларға мейлінше шыдамды, берік болады, деформациялану мен зақымданудан сақтайды.
Шарлапаев ұсынып отырған тағы бір жоба – арнаулы мақсаттағы болат өндіретін электрлі-металлургиялық жоба. Оған шамамен 300 миллион доллардай инвестиция салынбақ. Кәсіпорын шикізат ретінде әлгінде аталған ыстық брикетті темірді тұтынатын болады. Дайын өнімнің шамамен 80%-ы ішкі нарыққа жеткізіледі деп жоспарланған. Мысалы, одан рельстер, вагондар, теміржол машина жасау және оның құрауыштарын шығару көзделуде.
Түсті металлургияда мыс балқыту зауытының құрылысы қолға алынуы мүмкін. Оның құны шамамен 2,4 миллиард доллар тұрады. Осының арқасында сыртқа арзанға кететін мыс шикізатының жылына 300 мың тоннасы елімізде катодты мысқа дейін толығымен өңделеді. Бұл өнімге әлемдік нарықта сұраныс өте жоғары.
Кәсіпорын мыс шикізатын өңдеу барысында одан алтын мен күкірт қышқылын бөліп алады: олар ішкі нарықта өткізіледі. Дәл осы жобаны іске асыру нәтижесінде қазақ елі мыс өндірісі бойынша жаһандық бестіктің құрамына енеді. Алдымызда тек Қытай, Жапония, Чили және Ресей болады.
15 серпінді жоба пулына швейцариялық Stadler Rail AG компаниясымен бірге жолаушылар вагондарын шығару кіреді деп жоспарланған. Өнеркәсіп министрінің сендіруінше, бұл 100 пайыз импорт алмастыратын, Қазақстанда жасалатын өнім болады. Жылына отандық 540 вагон жасалуға тиіс.
Мұның бәрі алда қолға алынуы мүмкін жобалар. Ал бүгінде өңдеу саласы несімен мақтана алады? Ресми мәліметке жүгінсек, биыл елімізде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 488 миллиард теңге тұратын 126 жаңа жоба іске қосылды. Оларда 8,9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Үкімет соның ішінде жұмысқа орналастыру шараларымен моноқалалар және ауыл тұрғындары да қамтылып жатқанын мәлімдеді.
Жаңа отандық брендтер құрылуда
Ілкімді жобаларына тоқталсақ, биылғы тамыз айында Дөң тау-кен байыту комбинатының жиналған шламдарын өңдейтін Байыту фабрикасы іске қосылды. Зауыттың қуаты жылына 400 мың тонна хром концентратын құрайды, жалпы инвестиция көлемі – 96 миллиард теңге. Жоба аясында 400-ге жуық жұмыс орны ашылыпты. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде бұрыннан жинақталып қалған 14,5 млн тонна қалдық өңделетін болады.
Қараша айында Қарағанды облысында «спецкокс» шығаратын ауқымды жоба техникалық түрде іске қосылды. Қуаты жылына 400 мың тонна өнім шығаруға жететін кәсіпорында 184 жұмыс орны ашылды. Арнайы кокстан бөлек, зауытта жылына 72 мың тонна көмір шайыры мен көмір майын өндіру де жоспарланып отыр.
Қарашада сондай-ақ осы облыстағы Сораң (Сарань) қаласының индустриялық аймағындағы Silk Road Electronics зауытында отандық тұрмыстық техника өндірісі ашылды. Автоматтандырылған осы кәсіпорында Artel брендімен жартылай автоматты кір жуғыш машиналар мен теледидарлар, су жылытқыштар, шаңсорғыштар, асүй плиталары, шағын пештер, асүй ауатазартқыштары сияқты 7 түрлі өнім шығарылады. Зауыт 2025 жылға қарай толық қуатына шыққанда жылына 1,1 миллион дана өнім шығаратын алмақ.
Мысалы, Көкшетау шаһары ел аузында «Аристондар қаласы» деп аталатыны мәлім. Өйткені орталықтандырылған жылу жүйесі дамымаған бұл облыста Көкшетау, Шучинск және басқа да қалалар мен ауылдар қалпымен ресейлік «Аристон» бойлерлерін пайдаланады: суды жылытып, суға түседі. Әрине, олардың бәрін орталықтандырылған желіге қосу маңызды. Ол мүмкін емес жерлерде жатжұрттық бойлерлерді отандық Artel ауыстырып жатса, бұл да жаңа экономикалық бағдардың бір игілігі болмақ.
Қыркүйекте Жетісу облысында жаңғыртудан кейін керамикалық тақтайша өндірісі ашылды. Оның қуаты жылына 1,2 миллионнан 3,5 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл еліміздегі осы өнім импортының 10%-ын өтеуге мүмкіндік береді. 226 жұмыс орны құрылды.
Қостанайда әлемдік өндірушілермен өнеркәсіптік кооперация аясында бірқатар жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жылына 10 мың дана қытайлық Jetour автокөліктерінің сериялық өндірісі, сондай-ақ жылына 15 мың дана чехиялық Skoda автомобильдерінің өндірісі іске кіріскен.
Қазақстандық үлесті, локализацияны өрістету аясында қуаты жылына 25 мың кореялық Kia Sportage және Kia Cerato автомобильдерін дәнекерлеу мен шанақ-кузовын бояуды қоса алғанда, ұсақ тораптық әдіс арқылы құрастыру ұйымдастырылады. Қуаты жылына 30 мың дана Chevrolet Onix автокөліктерін ұсақ тораптық әдіспен шығару жобасы қолға алынды.
Қостанай индустриалдық аймағында қуаты жылына 70 мың автомобильді құрайтын жаңа Kia зауытының құрылысы басталды. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің қатысуымен автокомпоненттер шығаратын орталықтың құрылысы жүріп жатыр.
Алматыда Hyundai Trans Almaty зауытын жаңғырту аяқталды: Golden Dragon қалалық автобустарын, сондай-ақ Hyundai жүк көліктерінің барлық моделін дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операциялар іске қосылды.
Мұның сыртында Алматыда автокресло, мультимедиа жүйелері мен пластикалық бөлшектер шығаратын Hyundai автомобильдік локализациялау паркінің құрылысы басталды. Локализациялауды тереңдету аясында инвестиция көлемі 12,4 млрд теңгені құрамақ. 400-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Шымкентте жалпы құны 4,9 млрд теңге инвестиция салынған дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабын өндірісі өмірге жолдама алды. Зауыт жылына шамамен 15 мың тонна өнім шығара алады. Батыс Қазақстан облысында жалпы инвестициясының көлемі шамамен 1,3 млрд теңгеге жеткен бигбег (жұмсақ контейнерлер) шығару жобасы іске қосылды. Кәсіпорынның қуаты – жылына 5 млн өнім.
Биыл Қазақстанда бұған дейін елімізде өндірілмеген жаңа тауарлардың өндірісі жолға қойылды. Олардың қатарында мұнай-химиялық реагенттер, айнымалы жиілікті жетектер, күн батареясының картридждері, жоғары тұрақты электр үнемдейтін кварцтық генераторлар, электронды температура түрлендіргіштері және мембрандық бөлгіштер жүйелері, сондай-ақ жоғары вольтті вакуумдық автоматтық ажыратқыштар және көпфункциялы есептегіштер бар.
Қарқынды кедергілер шектейді
Сенатор Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, 15 ірі жобаны жүзеге асыру арқылы басым бағыттарда терең өңдеу кластерлерін құру ісі кедергілерге жолығуы мүмкін. Түйіні тарқатылмай тұрған күрмеулі проблемалардың ішінде басты үшеуін бөліп көрсетуге болады.
Бірінші базалық проблема – жобалардың шикізатпен жете қамтамасыз етілмеуі, ресурстық базаның, газдың, электр және жылу энергиясының өсіп келе жатқан тапшылығы, қымбатшылығы, инфрақұрылымның қолжетімсіздігі.
Сондай-ақ кәсіпорындар салынатын алаңдардың жеткіліксіздігі, дайын болмауы. Атап айтқанда, Үкімет бәсекеге қабілетті өндірістер өркен жаюы үшін арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтарды қаптатып құрды. Алайда бүгінде барлық 13 АЭА-ның тек үшеуінде инфрақұрылымды құру жұмыстары толыққанды аяқталған. Қалған АЭА-ларда қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін кем дегенде 378 миллиард теңге талап етіледі.
Бюджетте сонша басы артық қаражат жоқ. Бұл бағытта бюджеттен жыл сайын 3,6 миллиард теңге немесе мұқтаждықтың 1 пайызынан азы ғана бөлінеді. Сонымен бірге АЭА-лардың басқарушы компаниялары төл функционалдық міндеттемелерін толыққанды орындамай отыр.
Дәл осы проблемалар топтамасын шешпей, бірде-бір жоба табысты жүзеге аспайды, ашылғанның өзінде артынша жабылып тынуы мүмкін. Әсіресе, кәсіпорындарды шикізатпен жеткілікті көлемде және барынша арзан, тиімді бағамен қамту мәселесі өткір тұр.
Проблемалардың екінші топтамасы – жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелер. Бұған озық технологияларды қолдану, қаржыландыру көздері мен жоба операторларын анықтау, құрылыс нормативтерін жетілдіру, өнеркәсіптік қауіпсіздік, білікті кадрларды даярлау, кластерлер құру, EPC-контрактілерді қолдану және тағы басқа мәселелер кіреді.
Үшінші топтама – маркетинг мәселелері. Қазақстан экономикасы үшін өнімге қажеттілікті айқындау, өнімді экспортқа жеткізу, шетелдік клиенттер табу, сондай-ақ оффтейк-келісімшарттарды пайдалана отырып ішкі нарыққа тасымалдау, өткізу сияқты мәселелер бар.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осы және басқа мәселелер зерделеніп жатқанын жеткізді.
«Министрлік жобаларды жүзеге асыру жағдайларын пысықтайтын болады. Бірқатар жобаны біз «қолмен басқару режимінде» сүйемелдейтін боламыз. Мысалы, олардың жобалық құжаттамаларының сараптамадан өтуіне, энергетикалық ресурстармен және өзгесімен жабдықталуына жәрдемдесеміз. Бірінші кезекте, шикізатпен қамтуға көңіл бөлінеді. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүргіздік, бүгінде үш базалық металды – алюминийді, мыс пен қорғасынды жеткізу бойынша 25 келісім бекітілді», – деді министр.
Мемлекет басшысының серпінді жобаларды, өңдеу өнеркәсібін шикізатпен жеткілікті көлемде және тиімді бағамен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында шикізат өндірушілерге қосымша міндеттеме жүктеледі. Олар отандық өңдеуші кәсіпорындармен шикізат жеткізу жөнінде өзара шарт жасасуға міндеттеледі. Мұның бәрі табысты жүзеге асса, онда салада жылдар бойы қатқан «тоң» жібіп, өңдеу өнеркәсібінің өнімі «жас өскіндей» жаппай өнуі мүмкін.
Айхан ШӘРІП