Марқұм әйел жедел жәрдем көлігімен клиникалық өлім жағдайында перзентханаға жеткізілген.
Көкшетаудағы жүкті әйелдің өлімі: облыстық  Денсаулық сақтау басқармасы тың дерек айтты
961
оқылды

Көкшетауда айы-күні жетіп тұрған әйелдің жүкті әйел қазасы жайлы тағы бір тың дерек пайда болды. Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы әйелдің өлімі жөнінде толыққанды мәліметпен бөлісті, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Естеріңізге сала кетсек, Көкшетауда 34 жастағы айы-күні жетіп қалған жүкті келіншек қайтыс болған. Адам өлімін Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы да мойындады.

Басқарма мәліметінше, марқұм әйел 23 желтоқсан күні таңғы сағат 04.16-да жедел жәрдем көлігімен клиникалық өлім жағдайында перзентханаға жеткізілген. Жедел жәрдем көлігінде реанимациялық шаралар өткізілген. Стационарға келгеннен кейін де адам жанын арашалап қалу үшін реанимациялық шаралар жалғасқан. Бірақ арада 46 минут уақыт өткенімен, еш нәтижесіз болған. Әйелге алдын ала ауыр деңгейдегі ЖРВИ және өкпе артериясы эмболиясы диагнозы қойылған. 

- 23 желтоқсан күні таңғы сағат 05.02-де биологиялық өлім тіркелді. Осыған дейін жүкті әйел дене қызуы көтерілгеніне, катаральды белгілерге және бел ауруына шағымданып,жедел жәрдем көлігімен қаланың емдеу мекемелеріне жеткізілген. Онда жүкті әйелге медициналық көмек көрсетілген. 23 желтоқсанда консилиум өткізілгеннен кейін емделуші Көкшетау көпбейінді қалалық ауруханада жатқызуға көнбеген. Дәл сол күні сағат 03.48-де оның жағдайы қиындауына байланысты тағы бір рет жедел жәрдем шақыртылған. Перзентхананың қабылдау бөлімі таңғы сағмт 04.10-да жүктілігі 35 айлық әйелдің клиникалық өлім жағдайында тасымалданып келе жатқаны хабарланған. Өкінішке қарай,әйелді құтқарып қалу мүмкін болмады. Жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз, - деді Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасынан. 

Ведомство жүргізілген қызметтік тексерістен және сот-медициналық сараптамасының нәтижелері алынғаннан кейін толығырақ мәлімет бермек. 

Көкшетау қалалық Полиция басқармасының мәліметінше, кезекші бөлімге перзентхана мейірбикесі 23 желтоқсан күні таңғы сағат 05.53-те перзентхананың қабылдау бөлімінде 34 жастағы әйелдің қайтыс болғаны туралы хабарлаған. 

- Аталған факт тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Нәтижелері бойынша процессуалды шешім қабылданады, - деді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Әзірге полиция Қылмыстық кодекстің қандай бабымен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарламады. Дегенмен ана мен баланың өлімі бойынша іс қозғалғаны рас. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы