Биыл облыстағы 12 елді мекенді көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сыр өңірінде бір күнде 5 елді мекен газға қосылды
1,460
оқылды

Сыр өңірінде жаңа жыл қарсаңында 5 елді мекен табиғи газға қосылды. Облысқа қарасты Жаңақорған, Шиелі аудандарына болған рәсімге аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жұртшылықтың қуанышын бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Алдымен облыс әкімі Шиелі ауданының Еңбекші, Жиделіарық ауылдарының тұрғындарына игі тілегін арнады.

«Облысты газдандыру қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Қазір барлық аудан орталығы мен Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы қалалары және 19 елді мекенге газ жеткізілген. Биыл 12 елді мекенді көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша өңірде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді деп күтілуде. Биыл Шиелі ауданындағы 40 мыңнан астам тұрғын табиғи газ игілігіне кенелді. Сондай-ақ, өңірдегі 6 елді мекенге газдың игілігін көру мүмкіндігі бұйырды. Атап айтқанда, Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Алмалы, Досбол датқа, Бестамға газ тарату желілерін орнату үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Соның негізінде алғашқылардың бірі болып Еңбекші ауылының тұрғындары көгілдір отын жаға бастайды. Келер жылға қаралған 4 млрд теңгеге тағы 12 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде 2024 жылдың соңында газдандыру деңгейі 78 пайызға жетеді. Ауылдарыңызға келген көгілдір отын көптің игілігіне айналып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсер етеді деп сенемін», – деді аймақ басшысы.

Шарада еңбек ардагері Сұлтанбек Оразымбетов жерлестерін құттықтап, жиналған қауымға батасын берді.

 

Өз кезегінде «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар мен аудан ардагерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар бұл күні Жаңақорған ауданындағы Жайылма, Шалқия, Құттықожа ауылдары да газға қосылып, тұрғындар қуанышы еселенді. 

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы