Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
Квазимемлекеттік сектор қызметіне парламенттік бақылау күшейтілмек
639
оқылды

Мәжілістің кезекті жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Бүгінгі талқылауға жаңа редакциядағы Бюджет кодексінің жобасы және оған ілеспе заң жобасы енгізді. Бұл жобалар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін әзірленді. Жаңа Бюджет кодексі бірнеше маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Біріншіден, бюджеттік процестерді жеңілдету ескерілген. Екіншісі – блоктық бюджеттің элементтерін енгізу. Үшінші міндет – мемлекеттік қаржыны шоғырландырып басқару үшін заңнамалық негіз құру. Төртінші – бюджетаралық қатынастарды жетілдіру. Бесінші – нәтижеге бағытталған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру», – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Бұл тұрғыда ол бюджеттік процесті жеңілдетуге нақты тоқталды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жоспарлау ақпан-наурыз айларында басталып, 30-желтоқсанда аяқталады, яғни 9-10 айға созылады. Бюджет процесінің бюрократиялануы мен ұзақтығы, стратегиялық әрі бюджеттік жоспарлаудың бір-бірінен алшақтығы, келесі қаржы жылында бюджет қаражатын толық пайдаланудың күрделілігі және соның салдарынан жобалар мен іс-шараларды іске асырудың біразға созылуы бөлігінде сын айтылады. Кодекс жобасында бюджет процесін екі есе қысқартуға және жеңілдетуге мүмкіндік беретін бірқатар норма қарастырылған», – деді министр.

Осы ретте меморгандар мен өңірлердің даму жоспарларын 3 жылда бір рет әзірлеу және бекіту ескерілген. Бұл даму жоспарларын жыл сайынғы қарастыру мен келісуді алып тастауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құжатта уәкілетті органдармен келісу және бюджеттік бағдарламаларды бекіту рәсімдерін алып тастау қарастырылған. Мұнда айтарлықтай жеңілдету болады, өйткені бюджеттік бағдарламаларды келісу әрі бекіту процестеріне көп уақыт кетеді.

Мұнымен қоса, бюджеттік бағдарламаны және бюджеттік өтінімді уәкілетті органдарға бір мезгілде енгізе отырып, бір құжатқа біріктіру ұсынылды. Оларды біріктіргеннен кейін, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бір уақытта екі уәкілетті органға бір пакетті енгізеді. Бұл өз кезегінде еңбек ресурстарын үнемдейді.

Бұдан бөлек, келесі қаржы жылында бюджет қаражатын пайдалану рәсімін оңайлату қарастырылған. Қазір былтырғы игерілмеген бюджет қаражатын пайдалану әдетте наурыз айында жүргізілетін бюджетті түзету аясында жүзеге асырылады.

Ал ілеспе заң жобасы аясында Бюджет кодексінің жаңа редакциясына сәйкес келтіру үшін түзетулер енгізілді. Барлығы 26 заң өзгертуге жатады.

«Түзетулердің жеке блогы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін біріздендіруге қатысты. Концессия да мемлекеттік жеке әріптестіктің бір түрі болғандықтан, концессиялық жобаларды жоспарлау және іске асыру «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңмен реттелетін болады, ал «Концессиялар туралы» заңның күші жойылады. Мемлекеттік жеке әріптестік нормалары бойынша жаңа Бюджет кодексінде бюджетпен тікелей байланысты бөлім қалады. Бұл – мемлекеттің олар бойынша міндеттемелері. Мұнда қабылдау, тіркеу, есепке алу, бағалау және транспаренттілік ескерілген», - деді ведомство басшысы.

Парламент Мәжілісінде аталған құжаттарды қарау аясында депутаттық корпус Үкіметпен бірлесіп олардың ережелерін жетілдіру жөнінде елеулі жұмыс атқарып, бірқатар мәселе қосымша пысықталды.

«Біріншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің дивидендтік саясат және қарыз алу мәселелерінде Парламент алдындағы есептілігі қарастырылды. Республикалық бюджет туралы заңда бюджетке таза кірістерді аудару нормативтерін және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сырттан қарыз алу лимитін белгілеу арқылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне парламенттік бақылау күшейтілді. Екіншіден, бюджетаралық қатынастар ескерілген. Республикалық бюджеттің бірқатар түсімін облыстық бюджеттерге, сондай-ақ облыстық бюджеттің түсімдерін аудандық бюджеттерге беру жолымен жергілікті бюджеттердің фискалдық орталықсыздандыру және қаржылық дербестігін арттыру жөніндегі әдістер пысықталды», - деді Ә. Қуантыров.

Құжатта Үкіметтің және бюджеттік процеске қатысушылардың есептілігіне ерекше мән берілген. Бұл ретте, бюджетке парламенттік бақылауды күшейту іс-шаралары қамтылған.

«Жаңа Бюджет кодексін қабылдау мемлекеттік экономикалық саясатты және әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін іске асыруға оң әсер етеді», - деді министр.