Осыдан 9 жыл бұрын түктi бала ретінде елге есімі тарап кеткен Бекзаттың жасы бүгінде 20-ға келді.
«Бала күнімнен мазақтайды»: ақтаулық түкті баланың қазіргі жағдайы қалай?
8,780
оқылды

Алайда, бозбаланың қазіргі жағдайы аса мәз емес, өзі қатты күйзеліске түсіп кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Түкті баланың беті толған безеу. Үлкен ісіктен бір көзінің көруі де нашарлаған. Елдің көзіне түсуге ұялатын көрінеді. "Астарлы ақиқат" бағдарламасына әкесімен бірге келген Бекзаттың қазіргі ахуалы көпшілікке осылайша мәлім болды.

"Бала туғаннан терісі түкті болды. Өсе келе балалар мазақтайтын болды. Сөйтіп, ортадан шеттетіле бастады. Бұдан кейінгі бала да үйден оқи бастады. Жасы 11-ге толғанда баланың басында ісік бар деп айтты. Дәрігерлер миллиардтан бір бала бұлай туылады дегенді жеткізді. Көп жерге көрсеттік. Ақылы дәрігерге де бардық. Диагноз қоя алмады", – дейдi әкесі Ұзақбай Хожаев қиналып.

Бекзаттың өзі де ішіндегі сырын ақтарды.

"Өз түрімнен ұяламын. Бәріне шыдап келдім. Бала күнімнен мазақтайтын. Бетіме қара бетперде ғана тағып шығамын. Ортадан, қоғамнан шеттетілдім десем болады. Оқу оқып, жұмыс жасасам деп ойлаймын. Безеу 16 жастан бастап шықты. Асқынып, көбейіп кетті. Безеу iрiңдеп шығады", – дейді ол.

Бүгінде Бекзат осы жағдайы үшін ата-анасына ренжулі көрінеді. Әкесі 15-16 жасынан бастап арақатынасымыз нашарлап кетті дейді. 20 жасар жiгiт бағдарлама барысында түрін жасырған бет пердені шешіп, көпшілікке жүзін көрсетті.