Мәдениет – қоғам өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ұлттың рухани келбеті, халықтың парасат-пайымы. Мәдениет үнемі дамып, өркендеп отыратын құбылыс. Мәдениет – әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші.
Мәдениет – рухани өмір мәйегі
1,065
оқылды

Биыл еліміздің мәдениет саласында да ілкімді жаңалықтар, ілгері қадамдар жасалды. Әдебиетте, кинода, музыкада жеткен жетістігіміз, бағындырған белесі­міз көп болды. Әсіресе, кинотеатрлар мен театрларда үнемі аншлаг болатыны қазір жаңалық емес. Сала мамандарының айтуынша, мемлекет бұрынғыдай театр­лар­ды толық қаржыландырмайды, себебі олар шығынының жартысын өзі өтейтін дәрежеге жетті. Театрдан бөлек, биыл қа­зақ киносы да жаңа серпін алды. Ре­­корд­тар жаңарып, халықаралық жүл­­делер көбейді.

Ендеше еліміздің мәдениетіндегі елеулі оқиғаларды санамалап көрсек. 

Көрермен саны артты

Көрермен саны 2,5 миллионға жетсе, «Астана Опера» театры ең көп көрермен жинаған. Оның қойылымдарына 134 мың­­ға жуық өнер сүйер қауым кел­ген, оның төрттен бірі гастрольдік іс-сапарлар екен.

Қазақ хандығының Еуропадағы көне картасы табылды

Еуропа тұрғындарының назарына Қазақ хандығының көне картасы ұсы­­­ныл­ды. Зерттеушілердің пікірінше, тарихи құжат ХV-ХIX ғасырларды қамты­­ған. Бұл Қазақстан үшін мәдениет пен тарих са­­­ла­­­сындағы ең үлкен жаңалық болды. Себебі мыңнан астам еуропалық және америка­­лық көне карталарда қазақ мем­­­­лекеті көр­­­сетілген. Мұны ғалым Мұ­­­хит-Ардагер Сыдықназаров әлемнің әр түкпірінен, Еуропаның кітапхана­­лары­нан жинаған екен. Қазақ хандығы жайлы алғаш атласта көрсеткен бельгия­лық, нидерландтық картографтардың құрметіне Брюссельде тарихи кітап та жарық көрді.

Ұлттық мәртебе алған мәдениет орталығы

Президент Жарлығымен «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорығына және Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық му­зыкалық-драма театрына «Ұлттық» мәр­тебе берілді.

Бейбарыс Сұлттанның туғанына – 800 жыл 

Жыл басында түбі бір түркі әлеміне ортақ тұлға, қайраткер, ел басқарған әмірші Бейбарыс Сұлтанның 800 жыл­ды­­­­­ғына арналған ғылыми конференция өтті. Сарапшылар Бейбарыс Сұлтанның мұраларын ғылыми айналымға енгізу мәселесін де талқылады.

Үздік әйел рөлі

Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен Daegu International Musical Festival (DIMF) халықаралық фестивалінде қазақстандық «Роза Бағланова» мюзиклі үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Ал басты рөлді сомдаушы Зарина Ма­­­кина «Үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Домбырашылар дуэті гран-при иегері 

Жас домбырашы таланттарымыз Open Italy конкурсында 24 елдің ішінде үздік деп танылды. «T&Y» домбырашылар дуэтінің әртістері Темірлан Олжабай мен Ернат Нұрбергенұлы Оpen Іtaly 2023 ас­пап­тық орындаушылардың халықаралық музыкалық байқауында өнер көрсетіп, гран-при жеңіп алды. «Дарын» мемле­­­кеттік жастар сыйлығының лауреаттары «Адай», «Көроғұлы», «Әлкисса» күйлерін және Олжас Сүлейменовтің West компо­­зициялық шығармаларын орындады. 

Қазақ пианисі халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Қазақстандық жас пианист Бекзат Ра­қымов Ресейде Владимир Крайнев атындағы бесінші халықаралық байқау­дың бас жеңімпазы атанды. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын жарыста 8-22 жас аралығындағы жүздеген му­зыкант бақ сынаған. Ахмет Жұбанов атын­дағы республикалық қазақ музы­ка­лық мектебінің талантты шәкірті кәсіби шеберлерден кем түспеді. Көбіне ырғақ­ты әуендерді орындайтын жас пиа­н­­ист әлемдік байқауда ел мерейін үстем етіп, гран-при иеленді.

Тұңғыш рет «Қымыз-fest» фестивалі өтті

Түркия астанасы Анкара қаласында тұңғыш рет «Қымыз-fest» фестивалі өтті. Қазақ этноауылында ұйымдасты­­­рыл­ған іс-шараға келген қонақтар ұлттық су­сыннан дәм татты. Көпшілікті, әсіресе желіге құлын байлау мен бие сауу тәсілі қызықтырды. Түркиялықтардың қымыз сусынынан хабары болғанымен, оның қалай дайындалатынын көбі біле бер­мейді. ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қазақ­станның Түркиядағы елшілігі ұйымдас­тырған қымызмұрындық аясында ұлттық ойындарымыз дәріптелді.

«Ұлы дала зары» фильмі халықаралық байқауда бас жүлде алды

Еуразия фильмдерінің бесінші фес­тивалінде Марина Қонарованың «Ұлы дала зары» фильмі бас жүлдеге ие болды. Көркем дүние ашаршылық кезінде қазақ халқының басынан өткерген шынайы тарихи оқиғалары туралы сыр шертті. Бұ­дан бөлек, Әбіш Кекілбайұлы шығар­масының желісі бойынша түсірілген «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты деректі фильмі «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар қазақстандық киногер Жорабек Мұсабаев «Орыс тіліндегі үздік сцена­рий» және Саид Әшірбаев «Үздік жас режиссер» аталымдары бойынша мара­­патталды. 

Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы тойланды

Солтүстік Қазақстанда Алаш қайрат­кері, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жыл­дық мерейтойы аталып өтті. Ұлы тұл­ғаның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылында өткен мәдени іс-шараға Әзер­байжан, Түркия, Қырғыстан және Ресей мемлекеттерінен қонақтар кел­­ді. Сах­нада ақындар сөз сайысына түссе, боз кілемде балуандар белдесіп, аламан бәй­геде сәйгүліктер жарысты.

Үздік әдеби сыйлықтың жеңімпазы анықталды

«Меценат» әдеби сыйлығының же­ңім­пазы белгілі болды. Екінші мәрте өт­кен байқауға 58 роман ұсыныл­ған. Соның алтауы кәсіби іріктеуден өтті. Шешуші кезеңде оқырман қауым онлайн дауыс берді. Нәтижесінде, жазушы Тұрысбек Сәукетай 800-ден ас­там ұпаймен «Өлгендер қайтып келеді» атты фантастика жанрындағы туынды­мен топ жарды. Автордың сөзінше, бұл – «Мен – жындымын» деген әжуа ара­лас мұңлы романының екінші бөлімі. Әдеби сыйлықтың ерекшелігі сол – жазушы енді өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып отырады.

«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кинотеатрларда көрсетілді

Ақын, жазушы, Алаш қайраткері Мір­­жақып Дулатұлының өміріне қатыс­ты түсірілген фильм отандық кинопро­катта бой көрсетіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. «Қазақстан» телера­диокорпорациясы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының негізіндегі толықметражды көркем туынды биыл көрерменге жол тартты. Режиссері – Мұрат Есжан. Фильмде ақынның 1909-1935 жылдардағы өмір кезеңі қамтылды. Фильм телехикая ретінде былтыр Қазақ­стан Ұлттық арнасының эфирінен көр­сетіліп, жұртшылықтың қызығушы­лы­ғы­­на ие болды. Ал биыл Nauryz ұлттық телесериалдар байқауында «Үздік се­риал» атанды.

Нью-Йорк пен Бостонда басылған қазақтар жайлы кітап табылды

Америкадан мәдениет саласына қа­тысты қуанышты жаңалық келді. Себебі АҚШ-ғы кітапханадан «Алдар көсенің сиқырлы тоны» атты ертегісі табылды. Ағылшын тіліне аударылған бұл туынды 1961 жылы баспадан шыққан Әлем ерте­гілерінің антологиясына енген. Ал 1925 жылы Нью-Йорк пен Бостон қ­ала­сында басылған ағылшын тіліндегі кі­­тапта қазақтар туралы дерек көп. Мә­се­­­­­­­лен, 1967 жылы жарық көрген кітапта Міржақып Дулатұлы секілді тарихи тұлға­­­лардың суреті жарияланған. Соны­мен қатар Есет Көтібарұлы жайлы да түсініктеме берілген. Мұны журналист, ақын, АҚШ-та білім алып жатқан Дүй­сенәлі Әлімақын тауып, отандық БАҚ-қа бірнеше рет пікір берді.

Халық жазушысы мен халық әртісі марапатталды

Биылдан бастап, құрметті марапаттар қатарына енген «Қазақстанның Халық жазушысы» және «Қазақстанның Халық әртісі» атақтары иегерлеріне табысталды. Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның Халық жазушысы» ата­­ғын иеленді. «Қазақстанның Халық әр­тісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мә­дениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Р. Стам­ғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.

Т. МҰҚАНАТ