Президент тапсырмасын іске асыру шеңберінде бүгіннен бастап елімізде ең төмен жалақы мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін өсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ең төменгі жалақыдан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті.
Осы ретте 85 мың теңгеге дейін жалақы алатын түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің табысы өспек.
Бірінші кезекте ең төмен жалақыны арттыру «айлығы аз» қызметкерлерге қатысты болады.
Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысы қайта қаралады.
Ең төмен жалақы еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт саналады және жыл сайын тиісті қаржы жылына сәйкес Республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.