Мемлекет басшысы Словакия Республикасының президентіне құттықтау жеделхатын жолдады.
Қазақстан мен Словакия арасында ынтымақтастық қарқынды дамып келеді
1,385
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Зузана Чапутованы Словакия Республикасының құрылған күнімен құттықтады. Бұл туралы Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.  

– Егемендік пен бірлік құндылықтарын ту еткен еліңіз бүгінде өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтарының ырыс-берекесін еселеуде, сондай-ақ халықаралық аренадағы беделін арттыруда биік белестерді бағындырып келеді. Осы тұста Отаныңыз баянды өркендеуін жалғастырып, игі мақсат-мұраттарға жете беруіне тілектестігімді білдіремін. Қазақстан мен Словакия арасында қалыптасқан өзара тиімді ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтемін. Екіжақты ықпалдастығымыз келешекте де зор жетістіктерге толы болатынына кәміл сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Зузана Чапутованың аса жауапты қызметіне толайым табыс, ал Словакия халқына бақ-береке тіледі.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Мигель Марио Диас-Канель Бермудес пен  Куба халқын Бостандық күнімен құттықтағанын хабарлаған болатынбыз.