Сенат депутаты Әли Бектаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатына баға беріп, қасіретті Қаңтар оқиғасына қатысты бұрын-соңды айтылмаған тың деректер жария болғанын айтты.
Қасіретті Қаңтар оқиғасына қатысты бұрын-соңды айтылмаған ақиқатты айтты – Әли Бектаев
Фото: akorda.kz
1,074
оқылды

Сенат депутаты Әли Бектаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатына баға беріп, қасіретті Қаңтар оқиғасына қатысты бұрын-соңды айтылмаған тың деректер жария болғанын айтты.

 «Салиқалылық пен сабырлылық мықты саясаткердің негізгі қағидасы, қала берсе өмірлік принципі болса керек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланған сұхбаты жүректің түбінде жатқан салиқалы сырдың бетін ашқан, халқымыздың көкейінде жүрген талай түйткілді сұрақтарға шынайы жауап берген ашық әңгіме болды. Қасіретті Қаңтар оқиғасына қатысты да бұрын-соңды айтылмаған жаңа түйіндемелерді ашып айтқанын байқаймыз.

Қаңтар қасіретіне екі жыл толып отыр. Уақыт зымырап өтіп жатыр, бірақ сол кездегі халықтың жүрегіне түскен сызат әлі сыздап тұр, жазылар емес. Әрине, ол бір-екі жылда жазылатын да нәрсе емес. Біз сол қаңтарда егемендігіміз ғана емес, елдігімізден айырылып қала жаздадық. Шетті айтпағанда өзіміздің арамызда да түрлі саягөйлер әртүрлі пікір таратып, халықтың санасын сарсаңға салды. Дәл осы кездегі қосарланған биліктің екіұштылығы да күмән қиялында отырған халықтың сенімсіздігін тереңдете түсті. Бұрынғы биліктің құдіретінен айырылып қалғысы келмеуі және жаңа биліктің жасап жатқан жаңа реформаларын қабылдамау пиғылы алаңсыз отырған халықты ақыры дүрбелеңге салды. Осындай сындарлы уақытта Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың табандылығы мен қайратты мінезі, батыл шешімдері, айтқан орнықты сөздері, салиқалы саясаты, жасаған қадамдары, бар жауапкершілікті өз мойнына ала білуі, абдырап отырған елдің есін жиғызды, күмәнін сейілтті, үмітін оятты. Болмысынан ұлттық сана-сезімі биік, ел мүддесіне қатер төнген кездерде құрыштай ұйыса алатын, ақ-қараны ажырата білетін халқымыз Президентіміздің айналасына бірігіп, көк Туымыздың астына жиналып, қайсарлығын танытты. Елдік пен егемендікті таңдады»,  дейді депутат.

Әли Бектаев Президенттің Қаңтар оқиғасынан кейін  елдің болашаққа деген сенімін нығайта түсу үшін, экономикамыз тұралап тұрып қалмауы үшін көп еңбек сіңіргенін мәлімдеді.

«К.Тоқаев сол Қаңтар қасіретінен кейінгі екі жылдың көлемінде, елдің болашаққа деген сенімін нығайта түсу үшін, экономикамыз тұралап тұрып қалмауы үшін, әлем алдында жүзіміз жарқын, мәртебеміз биік, елдігіміз берік екенін дәлелдеу үшін, орнықты мәртебелі орнымызды нық алуымыз үшін тынбай еңбек етіп келеді. Әлемнің жартысын шарлап, әйгілі инвесторлармен кездесіп, мемлекетіміздің ішкі де сыртқы жағдайының тұрақты екенін дәлелдеу үшін күш-жігерін аямай келе жатыр. Өзінің халқының алдында, басым дауыспен заңды сайланған Президент ретінде қашан да шынайылығынан танған емес. Бүгінгі сұхбат  соның дәлелі. Ел көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бере отырып, Президентіміз біздің мемлекетіміздің болашағына қатысты сенімді және нақты қадамдардың жасалғанын, олардың саяси, экономикалық, заңнамалық негіздерінің толық қалыптасқанын және ел экономикасының серпінді дамуына барлық алғышарттардың бар екенін ашық және ашып айтты. Ол үшін еліміздің тұтастығы, оған негіз болатын халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің аса маңыздылығын баса айтты. Ұлтымыз бен ұрпағымыздың болашағы үшін, әрбір қазақстандықтың жан-жаққа тартқыламай, жұдырықтай бірігіп, жұмыла еңбек етуі маңызды екенн тағы да атап өтті. Шынында да, Тәуелсіздік – басымыздағы бақ. Оны аялай білу – бәріміздің міндетіміз», дейді халық қалаулысы.