Ақмола облысында Астана-Петропавл тасжолының бойында 15 көлік соқтығысты. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 2 қаңтар күні Астана-Петропавл тасжолының 216-шақырымында болған.
«Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері бір мезгілде 15 шақты көліктің апатқа ұшырағанын анықтады. Құрбан болғандар жоқ. 37 жастағы ер адам, 33-тегі әйел және 9 жасар бала түрлі жарақаттарымен Макинск ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендер ештеңеге шағымданбады», – делінген ведомство хабарламасында.
Полиция қызметкерлері Mitsubishi көлігінің иесі 69 жастағы әйелге, Suzuki Vitara көлігінің 34 жастағы жүргізушісіне ҚР ҚК-нің 610-бабы ("Көлік жүргізушілерінің адамдардың денсаулығына зардабын тигізіп, көлік немесе өзге мүлкін бүлдіруге алып келген жол ережесін бұзу") бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.