Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында ауқымды тақырыптарды қамтыған, елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындаған құжат ретінде қабылдау керек-ақ.
Президенттің парасатты пайымы
1,249
оқылды

Онда Әділетті Қазақстанды орнатудың маңызы жан-жақты айтылып, елдің сыртқы және ішкі саясаты, іске асырылып жатқан саяси-экономикалық реформалар туралы ақпараттарды оқуға болады. Ұлттың рухани-мәдени дамуы, сондай-ақ заң үстемдігін орнату, кадрлық саясатты тиімді жүргізу және тағы басқа құнды мәліметтерге қанықтық. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтар – қаңтар дағдарысының шығу мәні, ел тұрғындарының қарызға бату себебі, қымбатшылықтың себеп-салдарына да жауап табамыз.

Президенттің сөзінше, елде ұзақ жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблеманы шешу үшін саяси-экономикалық бағдарламаларды іске асыруды қолға алғанымен, ықпалды лоббистер ашық қарсылық білдіріп, өздерінің «ерекше мәртебесін» қорғауға кіріскені айтылған. 

– “Мұндай ұстанымдағы адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде ашық қарсылық білдіреді. Сөйтіп, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады. Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты”, – деп Қаңтар дағдарысының негізгі мән-мазмұнын ашып берді.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегеннің керін келтіріп, кісі өліміне, тонау-арбауға апарған жанұшырған жағдай жадымыздан, сірә шыға қоймас. Қазақ небір тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді, бірақ бассыздыққа бармаған, тектілігін сақтаған еді. «Жау жоқ деме жар астында» дегенді де қаперде ұстағаны тағы бар.

Ел қиын-қыстауда бар үмітін Мемлекет басшысынан күтті. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кемеңгерлік саясатының, кемел басшылығының арқасында мемлекет тағдырына ақыл-парасатпен, зиялы зейінмен қарай білді, нағыз мемлекеттік ірі қайраткер екенін көрсетті. «Аққа құдай жақ» деген осы, ол халқы үшін ештеңеден аянып қалмайтынын әлем алдында мойындатты. 

Ұлт мүддесін, тілін, дінін қорғауда енді ешкім тақымымыздан тайдыра алмайды, өйткені біздің сенімді Президентіміз бар! 

Ендігі жерде халық болып мемлекетке қолдау көрсетуіміз керек, бұл – әрбір перзентке парыз, Отанға деген адалдық деп білемін.

Сұхбатта халық арасында жиі айтылатын қос билік, қосарланған жүйе ұғымына да тұшымды жауап табуға болады. 

–“…бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекетті әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.

Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым”, – деген Мемлекет басшысының жауабынан аңғарғанымыз, елдің ішкі саяси дағдарысына ескі жүйеде тамырын терең жайған лоббистер әсер еткенін, тіпті өздерінің мүддесін қорғау үшін елдің іргесін шайқатып жіберуге дайын болғанын, сатқындыққа, опасыздыққа барған адамдарға кешірім болмайтынын білдік. Қазір ел арасында қанды оқиғаға себепкер болған қолы ұзын адамдар бостандыққа шығады деген әңгіме тарауда. Президент бұл сұрақтың нүктесін қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өтпелі кезеңде елде орын алған саяси-экономикалық дағдарыстардың себебін талдап, салдарын саралаумен қатар, алдымызға нақты міндеттер қойды. Ауқымды бастамалар қоғамда әділеттілік принциптері жүзеге асып, халықтың әлеуметтік жағдайы оңалуынан көрінетін болады. Яғни біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету.

Екіншіден, ел азаматтарының тұрмыс сапасын іс жүзінде жақсарту маңызды.

Үшіншіден, инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады.

Төртіншіден, «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.

Бесіншіден, ұлт үшін аса маңызды шешімдер референдум арқылы ғана қабылданады.

Конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады. Мұның көрінісін көп партиялы Парламент жасақталғанынан көруге болады. Сондай-ақ Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Енді Президент Әкімшілігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға жауап бермейді, саяси штаб ретінде жұмыс істейді. Яғни түрлі салаға қатысты шешімдерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқарады.

Сұхбаттан идеологиялық сұрақтарға да жауап алдық. Ұлық Ұлыс – Жошы Ұлысының 800 жылдығын дәйектеп, мыңжылдықтармен сабақтасқан тарихымыздың қайнар көзін ашты. Еуразия құрлығында империялық қуаты болған қағанатты төл тарихымыздың бір бөлшегі ретінде жасөспірімдерге дәріптеп, олардың тарихи санасын оятып, ұлт тарихы үшін мақтанышын сезіндіру маңызды деп білемін. Тіпті Ұлы Дала елінде салтанат құрған сақ, ғұн халықтарының ұлы мақсатын жастарға ұғындырудың мәні де зор дер едім. Отандық 200-ден астам, шетелдік 60-қа жуық маман жұмылдырып, тыңғылықты жасалып жатқан Қазақстан тарихының көптомдығын сондай жүйелі жұмыстың бірі ретінде қабылдауға болады. Президенттің түпкі ойы осыған саяды. 

Қорыта айтқанда, парасат-пайымға толы, ойы кемел, сөзі жүйелі сұхбатты үлкен құлшыныспен оқып, ендігі бағыт-бағдарымызды межеледік. 

Президенттің бұл сұхбаты ұлттық идеологиямыздың ұстыны мен ұстанымына айналуы тиіс. Сұхбаттан осындай ой түйдім.

Руслан РҮСТЕМОВ, Сенат депутаты