Түркістан облысының әкімдігі өкілі боксшы Сәкен Бибосыновтың тұрғын үй мәселесіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін 26 жастағы спортшы өңірдің бұрынғы әкімі сыйға тартқан пәтер жалға берілетін тұрғын үй екенін айтқан болатын. Мемлекеттік мекеме өкілі осы жағдайды түсіндірді.
"Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру және пайдалану ережесі негізінде Түркістаннан пәтер кілтін алды. Оған жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы және коммуналдық тұрғын үй қорына бекітілген тұрғын үй қорынан 2 бөлмелі пәтер берілді. Құжатқа сәйкес көрсетілетін қызметті алушымен шарт 10 жыл мерзімге жасалады. Осы мерзім өткеннен кейін Бибосынов бұл үйді өтеусіз меншігіне ала алады. Сондай-ақ, 2021 жылы демеушілер есебінен оған жаңа Toyota Camry 70 автокөлігі сыйға тартылды", – деді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасынан кейін елге оралған боксшы Сәкен Бибосыновқа сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев салтанатты түрде екі бөлмелі пәтер берген еді. Алайда Олимпиада жүлдегеріне сыйланған баспана жеке атына емес, тек жалдау құқығымен беріліпті. Спортшы 2021 жылдан бері мұны өз атына рәсімдей алмай жүр.
"Токио Олимпиадасында Түркістан облысы бойынша мен жалғыз жүлдегер атанған спортшы болдым. Ал облыс жұрты мені қуана қарсы алып, әкімдіктегілер сол кезде уәдені берді. Көп күттірмей баспана да берді. Әрине, үйлі болғанға бәрі қуанады. Алайда менің қуанышымның соңы уайымға ұласты. Себебі рәсімдеу заң бойынша мүмкін емес. Тіпті Түркістан облысынан Олимпиада жүлдегеріне мәрттік танытатын еш кәсіпкер болмағаны да өкінішті. Әрине, менде үміт жоқ емес, бірақ жай ғана жарыстан орын алып келген спортшыға үй беріп жатқанда, менің жағдайым облыс үшін өте ұят нәрсе деп ойлаймын", – деді Сәкен Бибосынов сұхбатында.