Апат шахта маңайында болған.
«Шахтаға құлаған автобус табылмады» – қаза тапқандардың отбасына қанша қаржы беріледі?
Фото: Видеодан скриншот
1,103
оқылды

Павлодар облысындағы «Майқайың-алтын» кенішінде 150 метр тереңдіктегі шахта шұңқырына құлаған автобус әлі табылмады. Автобус ішінде болған төрт адамның екеуінен де еш хабар жоқ. Себебі, кен орнында топырақ опырылып, құтқарушылардың жұмысы қиындады. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.   

Шахта айналасындағы үлкен тастар мен топырақ төмен қарай сырғып, құтқару қызметі құлаған автобусқа жете алар емес. Шахтадан шақырту алып түн ішінде келген кәсіби әскери апаттан құтқару жасағы мінген автобус кенішке жақындағанда жер опырылып кеткен. 

Ішіндегі үш сарбаз бен жүргізуші 150 метрлік тереңдікке құлап кетті. Құтқарушылар кеше екі адамның мәйітін жоғарыға шығарды. Қалған екі адам мен автобус әлі іздестіріліп жатыр. 

Оқиға орнында жүрген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қайтыс болған азаматтардың отбасына 4,5 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетілетін айтты. 

Қазір апат болған жерге өзге облыстардан құтқарушылар шақыртылып, жүзден астам адам жоғалғандарды іздеп жатыр.

«Алтын кенішіндегі қаупі жоғары жағдайға қарамастан, құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Астанадан екі, Екібастұздан бір кинология есеп топтары тартылды. Оқиға орнына 116 адам және жергілікті атқарушы органдардың 23 техникасы жұмылдырылды», – деді Павлодар облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Олег Трещев.

Еске сала кетейік,  бұған дейін шахтаға құлаған екі адамның мәйіті табылғанын хабарлаған болатынбыз.