Биыл қазақтан шыққан тұңғыш академик, даңқты геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толады.
Сәтбаевтың шарапатын көрген апа
4,261
оқылды

Дара болмысты тұлғаның мерейтойы қарсаңында ол кісінің көзін көріп, мейірім-шапағатына бөленген ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері, Жезқазған қаласында тұратын Шабал Бейсенбековаға телефон шалып, әңгімесін жазып алуды жөн көрдік.

– Шабал апа, сіз Қаныш Сәтбаевпен бірнеше рет кездесіп, әңгімесін тыңдаған екенсіз. Сол естелігіңізді Aiqyn газетінің оқырмандарына да айтып берсеңіз деп едік.

– Хабарласып әңгіме сұрап жатқан­дарыңа рахмет! Мен Қаныш ағаны өмі­рімде үш рет кездестірдім. Қазақ «жақсы­дан шарапат» деп жатады ғой. Шын мәнінде, ол кісінің шарапатын көрдім. Әйгілі академикті алғаш рет көргенде 7-сыныпта оқып жүрген едім. Ол кезде жазғы демалыста оқушыларды түрлі қоғамдық жұмысқа тартатын. Ұл-қызы­мыз аралас бір топ болып, колхоздың кірпіш құю жұмысына қолғабыс етіп жүрдік. Бір күні жұмыс басына атпен шауып келген бір адам: «Сүйінші, сүйін­ші бізге Қаныш Сәтбаев келе жатыр!  Тура осы жерге келіп жұртпен амандас­­пақшы екен» деді. Үлкендер абыр-сабыр болып, қонақ күтуге дайындық істеп кетті. Ауылымызда Әбдіғаппар деген ақсақал бар еді. «Ау, ағайын, күтіп отыр­ғанша  тойды бастай берейік. Қазір ол кісі келгенде ауылдың алты ауызын айта­­тын қайсың бар?», – деді. Содан жалма-жан естеріне мен түстім. Мектептегі кештерде ән айтатынмын. «Қазір үлкен кісі келгенде әніңді айтасың, дайындала бер» деді. Кірпіш құйып жатқан жерден ауылымыз біраз қашық, атпен адам жі­беріп, домбыра алғызды. Бір уақытта Қаныш аға келді, қасында бір топ адам жүр. Бойы ұзын, сом денелі кісі екен. Үл­кендермен құшақтасып, қол берісіп аман­дасып жатыр. Түскі астың мезгілі ғой, колхозшылардың барлығы әйгілі академикті көрмекке жиналып тұрған. Қаныш аға жағалай көз тастап, жөн сұрасып, жұмыстың жайын білген соң алқа-қотан жайғастық. Басқарма бас­­шысы: «Қанеке, мына қызыңыз өнерлі, біздің ауылдың алты ауызын айтсын» деп мені жетелеп апарып қасына отырғызды. Екі өлең айттым. «Тағы өлеңің бар ма, айта ғой» деді тағы айттым. Содан Қа­ныш аға риза болып, кекілімнен сипап отырып: «Таудай талабың бар екен, келе­шегің заңғардай биік болсын! Өнеріңді өшірме!» деп батасын берді. Сол күнгі ауыл адамдарының қуанышында шек болмады. Колхоздың жұмысында  таң­­нан кешке дейін тыным таппай жүрген жандар бір жадырап қалды. Қаныш ағаны алғаш көрген кезім сол. 

– Екінші рет қашан жолықтыңыз?

– Ол кезде студентпін. Қасымда құр­бы қызым бар, Жезқазғаннан Алматыға оқуға түсуге бардық. Құрбым көпбалалы отбасынан шыққан қыз болатын. «Еке­уің бірге жүріңдер» деп  жол шығынын, басқа да керек  қаражатты менің әкем тауып берді. Ол кезде Алматыда қазір­­гідей ағайын-туыс жоқ. Атақты ҚазПИ-ге оқуға тапсырып, түсіп кеттік. Бірақ жа­тақханадан орын табу қиын болды. Екеуміз бір төсекке жатып, оқып жүрдік. Кейбір студенттердің араға кісі салып, орын тауып жатқанын естиміз.  Содан не керек, «Қаныш ағадан көмек сұраймыз» деген ойға бекіндік, баяғыда 7-сыныпта оқып жүргенде алдында ән айтқаным бар ғой енді. Сұрастырып отырып, жұ­­­мыс орнын білдік. Кабинетінің алдына барып, хатшы қызға айттым, осылай да осылай, Жезқазған жақтан іздеп келіп тұрмыз деп. Көп күттірген жоқ, «кірсін» депті. Енді кіреміз деп тұрғанда қасым­­дағы қыз ұялып, кірмей тұра қашқаны, содан жалғыз кірдім. Сәлем беріп, жө­­нім­ді айтуға именіп тұр ем, бетіме ба­жай­­­­лай қарап: «Баяғы әнші қызым емес­сің бе?» дегені. Жады мықты екен. Қуанып кеттім. Содан әңгімеміз жараса жөнелді. Ол кісі біздің «Талап» колхо­­­зындағы адамдардың атын атап, түсін түстеп түгел сұрап жатыр сұрағын жау­дыртып. Біраз отырған соң жайымды айттым, «екі қыз бір төсекке жатып жүр­міз, орын табуға көмектессеңіз» деп. Бірден қаламын қолына алып, тілдей қағазға жазды да, «мынаны ректорларыңа апарып тапсырыңдар, мен айтты десең­­­дер көмектеседі» деді. Ол кезде ректо­­­­рымыз – әйгілі ғалым, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин. Енді жаңағы дос қызымды ертіп, ректордың кабинетін іздедім. Хатшы қызға хат беріп кетіп бара жатсақ, артымыздан қуып жетті. «Сен­­дерді ректор шақырып жатыр, жылдам жүріңдер деп. Кірдік, ректорымыз көңіл­ді адам екен. «Қаныш ағаларыңа ән ай­тып берген қыз кім? Қане, маған да ай­тың­даршы» деп күліп қарсы алды. Қа­­ныш ағаны қатты сыйлайды екен, сол күні-ақ менің төсегімнің қасына бір төсекті артық қостырып қойдыртып бер­ді. Осылайша, екінші рет Қаныш Иман­тайұлының шарапатын көрдім. 

Үшінші жолы кездесуіңіз қалай болды? Қай жылы еді?

– Ол – 1961 жыл. Қаныш Имантайұлы бір топ академикті ертіп, Жезқазған өңі­ріне келді. Сол жолы Үлкен Жезқазған­­ның келешегі туралы ғылыми конфе­ренция өткізді. Конференция бо­­­ла­­­­ты­­нын, Қаныш Имантайұлы ғалым­­дарды өзі бастап келетінін алдын ала естіген соң мен іштей бекініп жүріп, ол кісіге арнап бір өлең жаздым. Алғысымды өлеңмен жеткізгім келді.

– Ол өлең есіңізде ме?

– Әрине есімде, тіпті сақтап қойған­мын. Оқып берейін, тыңдайсың ба?

– Оқыңыз, тыңдайық...

Тыңдасаң, қазір тауып алайын... Мі­­­некей, өлең «Озық ойлы ағаға» деп ата­­лады. 

«Оң болсын, сапарыңыз Қаныш аға!

Жаһанға атың заңғар, таныс аға.

Телегей кенін ашып Жезқазғанның,

Елге құт, байлық бердің осыншама.

Жезқазған – мыс даласы, кен қаласы,

Өзіңе өңін ашты кең даласы.

Күміс те, қорғасын да рений де бар,

Секілді бір ананың көп баласы.

Паш еттің кен барлаудың неше түрін,

Ұлытау жайып салды, алуан сырын

Күнбе күн өміріңді өрістетіп,

Келесіз халық үшін таппай тыным.

...Сарқылмас еңбегіңіз қайнар бұлақ,

Сөнбейді өзің жаққан алуан шырақ.

Жасай бер, озық ойлы, асыл аға

Жыр – шоқ гүл арнау еттім, 

өлең құрап», – 

деп жазып қойдым, дайындап. 

– Бұл өлеңді өзіне оқып бердіңіз бе?

– Иә, өлеңді жазуын жаздым ғой. Енді оны қалай ұсынамын деп басым қатты. Ол кезде бір дәстүр бар болатын. Өңір­ге барған лауазымды тұлғалар жұмыс­тың соңында жергілікті телеарнаға барып сұхбат беретін. Соны біліп алғам, облыстық телестудияның алдында күтіп жүрдім күні бойы. Кешке қарай келді. Амандасып, «өзіңізге арнауым» деп қағаз­дағы өлеңімді ұсындым. Оқып шық­ты да: «өзің әншілігіңнен бөлек, ақын екенсің ғой» деп күлді. Разы болып, алғысын айтты.

Осылайша, халқымыздың ұлы тұлға­сын үш рет көру бақыты бұйы­рыпты. Қаныш ағаның бойындағы парасат­тылық, кішіпейілдік, үлкен-кішіге бір­дей көрсете алатын құрметі маған өмір бойы азық болды, қарағым. 

– Әңгімеңізге рахмет, апа! 

Сұхбатты жазып алған 

Ұлағат БЕКБОЛАТ