Дара болмысты тұлғаның мерейтойы қарсаңында ол кісінің көзін көріп, мейірім-шапағатына бөленген ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері, Жезқазған қаласында тұратын Шабал Бейсенбековаға телефон шалып, әңгімесін жазып алуды жөн көрдік.
– Шабал апа, сіз Қаныш Сәтбаевпен бірнеше рет кездесіп, әңгімесін тыңдаған екенсіз. Сол естелігіңізді Aiqyn газетінің оқырмандарына да айтып берсеңіз деп едік.
– Хабарласып әңгіме сұрап жатқандарыңа рахмет! Мен Қаныш ағаны өмірімде үш рет кездестірдім. Қазақ «жақсыдан шарапат» деп жатады ғой. Шын мәнінде, ол кісінің шарапатын көрдім. Әйгілі академикті алғаш рет көргенде 7-сыныпта оқып жүрген едім. Ол кезде жазғы демалыста оқушыларды түрлі қоғамдық жұмысқа тартатын. Ұл-қызымыз аралас бір топ болып, колхоздың кірпіш құю жұмысына қолғабыс етіп жүрдік. Бір күні жұмыс басына атпен шауып келген бір адам: «Сүйінші, сүйінші бізге Қаныш Сәтбаев келе жатыр! Тура осы жерге келіп жұртпен амандаспақшы екен» деді. Үлкендер абыр-сабыр болып, қонақ күтуге дайындық істеп кетті. Ауылымызда Әбдіғаппар деген ақсақал бар еді. «Ау, ағайын, күтіп отырғанша тойды бастай берейік. Қазір ол кісі келгенде ауылдың алты ауызын айтатын қайсың бар?», – деді. Содан жалма-жан естеріне мен түстім. Мектептегі кештерде ән айтатынмын. «Қазір үлкен кісі келгенде әніңді айтасың, дайындала бер» деді. Кірпіш құйып жатқан жерден ауылымыз біраз қашық, атпен адам жіберіп, домбыра алғызды. Бір уақытта Қаныш аға келді, қасында бір топ адам жүр. Бойы ұзын, сом денелі кісі екен. Үлкендермен құшақтасып, қол берісіп амандасып жатыр. Түскі астың мезгілі ғой, колхозшылардың барлығы әйгілі академикті көрмекке жиналып тұрған. Қаныш аға жағалай көз тастап, жөн сұрасып, жұмыстың жайын білген соң алқа-қотан жайғастық. Басқарма басшысы: «Қанеке, мына қызыңыз өнерлі, біздің ауылдың алты ауызын айтсын» деп мені жетелеп апарып қасына отырғызды. Екі өлең айттым. «Тағы өлеңің бар ма, айта ғой» деді тағы айттым. Содан Қаныш аға риза болып, кекілімнен сипап отырып: «Таудай талабың бар екен, келешегің заңғардай биік болсын! Өнеріңді өшірме!» деп батасын берді. Сол күнгі ауыл адамдарының қуанышында шек болмады. Колхоздың жұмысында таңнан кешке дейін тыным таппай жүрген жандар бір жадырап қалды. Қаныш ағаны алғаш көрген кезім сол.
– Екінші рет қашан жолықтыңыз?
– Ол кезде студентпін. Қасымда құрбы қызым бар, Жезқазғаннан Алматыға оқуға түсуге бардық. Құрбым көпбалалы отбасынан шыққан қыз болатын. «Екеуің бірге жүріңдер» деп жол шығынын, басқа да керек қаражатты менің әкем тауып берді. Ол кезде Алматыда қазіргідей ағайын-туыс жоқ. Атақты ҚазПИ-ге оқуға тапсырып, түсіп кеттік. Бірақ жатақханадан орын табу қиын болды. Екеуміз бір төсекке жатып, оқып жүрдік. Кейбір студенттердің араға кісі салып, орын тауып жатқанын естиміз. Содан не керек, «Қаныш ағадан көмек сұраймыз» деген ойға бекіндік, баяғыда 7-сыныпта оқып жүргенде алдында ән айтқаным бар ғой енді. Сұрастырып отырып, жұмыс орнын білдік. Кабинетінің алдына барып, хатшы қызға айттым, осылай да осылай, Жезқазған жақтан іздеп келіп тұрмыз деп. Көп күттірген жоқ, «кірсін» депті. Енді кіреміз деп тұрғанда қасымдағы қыз ұялып, кірмей тұра қашқаны, содан жалғыз кірдім. Сәлем беріп, жөнімді айтуға именіп тұр ем, бетіме бажайлай қарап: «Баяғы әнші қызым емессің бе?» дегені. Жады мықты екен. Қуанып кеттім. Содан әңгімеміз жараса жөнелді. Ол кісі біздің «Талап» колхозындағы адамдардың атын атап, түсін түстеп түгел сұрап жатыр сұрағын жаудыртып. Біраз отырған соң жайымды айттым, «екі қыз бір төсекке жатып жүрміз, орын табуға көмектессеңіз» деп. Бірден қаламын қолына алып, тілдей қағазға жазды да, «мынаны ректорларыңа апарып тапсырыңдар, мен айтты десеңдер көмектеседі» деді. Ол кезде ректорымыз – әйгілі ғалым, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин. Енді жаңағы дос қызымды ертіп, ректордың кабинетін іздедім. Хатшы қызға хат беріп кетіп бара жатсақ, артымыздан қуып жетті. «Сендерді ректор шақырып жатыр, жылдам жүріңдер деп. Кірдік, ректорымыз көңілді адам екен. «Қаныш ағаларыңа ән айтып берген қыз кім? Қане, маған да айтыңдаршы» деп күліп қарсы алды. Қаныш ағаны қатты сыйлайды екен, сол күні-ақ менің төсегімнің қасына бір төсекті артық қостырып қойдыртып берді. Осылайша, екінші рет Қаныш Имантайұлының шарапатын көрдім.
– Үшінші жолы кездесуіңіз қалай болды? Қай жылы еді?
– Ол – 1961 жыл. Қаныш Имантайұлы бір топ академикті ертіп, Жезқазған өңіріне келді. Сол жолы Үлкен Жезқазғанның келешегі туралы ғылыми конференция өткізді. Конференция болатынын, Қаныш Имантайұлы ғалымдарды өзі бастап келетінін алдын ала естіген соң мен іштей бекініп жүріп, ол кісіге арнап бір өлең жаздым. Алғысымды өлеңмен жеткізгім келді.
– Ол өлең есіңізде ме?
– Әрине есімде, тіпті сақтап қойғанмын. Оқып берейін, тыңдайсың ба?
– Оқыңыз, тыңдайық...
Тыңдасаң, қазір тауып алайын... Мінекей, өлең «Озық ойлы ағаға» деп аталады.
«Оң болсын, сапарыңыз Қаныш аға!
Жаһанға атың заңғар, таныс аға.
Телегей кенін ашып Жезқазғанның,
Елге құт, байлық бердің осыншама.
Жезқазған – мыс даласы, кен қаласы,
Өзіңе өңін ашты кең даласы.
Күміс те, қорғасын да рений де бар,
Секілді бір ананың көп баласы.
Паш еттің кен барлаудың неше түрін,
Ұлытау жайып салды, алуан сырын
Күнбе күн өміріңді өрістетіп,
Келесіз халық үшін таппай тыным.
...Сарқылмас еңбегіңіз қайнар бұлақ,
Сөнбейді өзің жаққан алуан шырақ.
Жасай бер, озық ойлы, асыл аға
Жыр – шоқ гүл арнау еттім,
өлең құрап», –
деп жазып қойдым, дайындап.
– Бұл өлеңді өзіне оқып бердіңіз бе?
– Иә, өлеңді жазуын жаздым ғой. Енді оны қалай ұсынамын деп басым қатты. Ол кезде бір дәстүр бар болатын. Өңірге барған лауазымды тұлғалар жұмыстың соңында жергілікті телеарнаға барып сұхбат беретін. Соны біліп алғам, облыстық телестудияның алдында күтіп жүрдім күні бойы. Кешке қарай келді. Амандасып, «өзіңізге арнауым» деп қағаздағы өлеңімді ұсындым. Оқып шықты да: «өзің әншілігіңнен бөлек, ақын екенсің ғой» деп күлді. Разы болып, алғысын айтты.
Осылайша, халқымыздың ұлы тұлғасын үш рет көру бақыты бұйырыпты. Қаныш ағаның бойындағы парасаттылық, кішіпейілдік, үлкен-кішіге бірдей көрсете алатын құрметі маған өмір бойы азық болды, қарағым.
– Әңгімеңізге рахмет, апа!
Сұхбатты жазып алған
Ұлағат БЕКБОЛАТ