Биыл – тұлғалар жылы! Қаныш Сәтпаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Бердібек Соқпақтаев секілді тұлғаларымыздың мерейтойы. Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл болса, белгілі ғалым, этнограф Әлкей Марғұлан мен көрнекті суретші Әбілхан Қастеевтің де мерейлі жылы.
Мерейлі мереке, баянды береке
1,678
оқылды

Мемлекет басшысы Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында: «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағам­бетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысы-ның іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа» екенін атап айтты.

Күй мен қара сөздің шеруі

Өткен жылы елді елең еткізген қуанышты жаңалықтың бірі – екі бірдей тұлғаның, яғни Нұрғиса Тілендиев пен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланатыны. ЮНЕСКО Бас конференциясының 42 сессиясында ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне 2024 жылы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың, 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстан ұсыныс жасаған еді. Бұл ұсыныстың қолдау тапқаны жөнінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеген еді. 

«Сессияда Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан мен Өзбекстанның «Диуани лұғат ат-түрк» атты түркі тілдерінің тұңғыш энциклопеди­ялық сөздігінің 950 жылдығын атап өту туралы берлескен ұсынысы да қабыл­данды. Сөздікті Махмұд әл-Қашқари 1074 жылы жазған. ЮНЕСКО Бас конференция­сының бұл шешімдері қазақ мәдениетінің дүниежүзініде дәріптелуіне септігін тигізері сөзсіз», – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Қазақ әдебиетінде Бердібек Соқпақбаев соқпағы бөлек: ол тыңнан түрен салды. Балалар әдебиетінде ойып орны қалды. «Менің атым Қожа» повесі әдебиет тарихына алтын әріптермен жазылды. Әдебиеттің ғана емес, киноның да Алтын қорында қалған баға жетпес туынды. Соқпақбаев пен Қарсақбаев тандемі «Менің атым Қожа» секілді ұлы туындыны тудырды. Соқпақбаевты білмейтін бала некен-саяқ. Олар Бердібек әлемі десе, «Балалық шаққа саяхатын», «16 жасар чемпионын» еске алады.

«Жазып та көрдім мен де өлең, 

Жазып та көрдім, қара сөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейді тек дана сөз» деп жазған Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиеті дейтін алып бәйтерекке нәр берген ерекше тұлға. Оның есімі ғасырдан ғасырға жалғаса берері сөзсіз.

Ән мен жырды зерттеген

Александр Затаевич – қазақтың інжу-маржанын зерттеген ғажайып жан. Затаевич өзі сегіз қырлы, бір сырлы адам болған: халық әртісі, этнограф, музыка зерттеушісі, композитор. Ол 1869 жылы Ресейдің Орел облысында дүниеге келген. Алғашқы музыкалық білімін сол қаладағы әскери гимназияда алған. Біраз уақыт Варшава консерватория жанынан шығатын «Варшава күнделігінде» музыка рецензенті болып қызмет атқарған. Орыс музыка тарихы мен батыс классиктерінің шығармаларын, сондай-ақ халық музыкасын насихаттаумен айналысқан.

Затаевич қазақ музыка әлеміне кездейсоқ келді. Бұл – 1920 жылдың басы еді. Орынборда жүрген Затаевичті аспаптық мұралардың тарихы қызықтыра бастайды. Жатақхана, мектеп, құрылыс, оқу орындарын аралайды, казармаларды қарап шығады. Түрлі съезге, конферен­цияға, кеңестерге келген қазақтардан ән жазады. Тіпті, базар, театр, концерт орындарын аралап кетеді. Кездескен талантты әнші-жыршылардың бәрінен де естігендерін жазып алуға тырысады. Бала жасынан қалыптасқан ерекше таланты болса керек, жасы елуден асқанша көрмеген елдің музыкасын жаза баспай, нотаға түсіруге мүмкіндік береді.

Ол қалада отырып, музыканы жазып алуды ғана мақсат тұтпаған. Ел аралап, көрген-білгендерін қағазға түсіруді жоспарлайды. Сөйтіп, Жайықтың бойы, Сыр, Ертіс өзендерін, Бөкей, Қарқаралы далаларын аралайды. Замандар бойы жабылып жатқан қазақтың ән қазынасын көтереді. Қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтап қалдырған, қазақтың музыка өнерінің ғасырдан-ғасырға жетуіне өлшеусіз еңбек сіңірді.

Затаевичтің есімі Алаш тұлғаларымен тығыз байланысты айтылады. Ол туралы профессор, ғалым Айгүл Ісмақова: 

«А.Затаевич қазақ жеріне келгенде Мәскеуде Әлихан Бөкейханов бастаған Орынборда тұратын Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов бар, барлығы музыка зерттеушісін қазақ өнеріне қатысты мағлұматтармен таныстырып, қай жерге барып, кіммен кездесуі керек екендігі туралы бағыт-бағдар беріп отырған. Міржақып Дулатов­тың да үйінде тұрғандығы туралы уақыты­сында Ду-латовтың қызы жазды. Этно­графтың еңбегінде «Наурызбай в старости» деген өлең бар. Наурызбай 27 жасында өлсе, мына шығармадағы атау қалай берілген деген сияқты қайшылық­тарды да ескертпе түрінде А.Затаевич түртіп отырған. Бұл ақпаратты ол қайдан алды? Әрине, Міржақып Дулатовтың «Қазақ тарихы» мақаласына сүйеніп айтып отыр. Ақан сері туралы, оның әндері туралы түсінік бере келіп, 1923 жылы Мағжанның жазған мақаласына сілтеме жасайды. Осындай деректерден-ақ, А.Затаевичтің бастаған ісінің оңға басуына Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты алашордашылардың тікелей атсалысқан­дығын көреміз», – дейді. 

Аймауытов әлемі

Биыл – Жүсіпбек Аймауытовтың да жылы. Көрнекті тұлғаға 135 жыл толып отыр. Көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ «қазақ әдебиетінің басында Жүсіпбектей алып тұр» деп жиі айтатын. Аймауытовтың ешкімге ұқсамайтын ерекше қолтаңбасын негізге алса керек. Рас, қазақ әдебиетіне жаңа леп, жаңа серпін әкелді. Жүсіпбектің романдары ақ өлеңмен жазылғанын ешкім жоққа шығармасы анық. «Ақбілек», «Қарт­қожақ» романдарын ел сүйсініп оқыды. «Ақбілектің» алғашқы тараулары 1927-1928 жылдары «Әйел теңдігі» журна­лында жа­рия­ланып тұрды. Роман туралы зерттеушілер: «Ақбілек» романы Алтай тауын жайлаған қалың елдің өмірінен алынып жазылған. Романда Ақбілек атты қазақ қызының қиын да, қызықты тағдырын суреттеу арқылы қазақ даласындағы ақгвардияшы­лардың айуандық әрекеттері әшкереленіп, Алтай өңіріне Совет өкіметінің орнауы, ел тұрмысы суреттелген» деп жазады. 

Ол 1889 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы Қызыл ту ауылында дүниеге келген. Арғы аталары Дәндебай мен Қуан ел арасында абыройлы, дәулетті кісілер болған. Ал әкесі Аймауыт кедейшіліктің қамытынан құтыла алмай, қиындық көрген. Отбасын­дағы жоқшылық Жүсіпбектің де өміріне әсер етпей қоймады. Ол жастайынан араб­ша хат таныса да, мектепке кеш барды. Бірақ алғашқы өлеңін 13 жасында жазған екен. Алғаш өлеңін әкесіне оқытқан. Ол туралы: «Ең алғаш 13 жасымда дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған бір кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп әкесін ренжіткен қызды (ол Жәмікен деген апам ғой) өлең қып жазғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде» деп жазған екен бір естелігінде. 

Үш бәйтерек – үш алып

Қазақтың қатар жайқалып өскен үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбет. Олар туралы: 

«Үш бәйтерек бір жыл туып, бір жыл өткен,

Зарлатып әйел-бала бірге кеткен.

Оларға «халық жауы» атақ тағып,

Түбіне үшеуінің бір күн жеткен», – дейді Тілеген Жұматов. 

Биыл туғанына 130 жыл толып отырған үш бәйтерек бір жылда туып, бір жылда «халық жауы» атанып, атылып кеткен. Үшеуі де қазақ әдебиетіне айрықша үлес қосқан тұлғалар. Сөз өнерінде тыңнан түрен салған таланттар. Үшеуін бір-бірінен бөлектеп, ерекше қарай алмаймыз. Өйткені олардың әрқайсысы бірегей, өзгеше қалам иесі. Сырбаз, сұлу, дара Сәкеннің өмірі әнге де айналды. «Сәкеннің сәнін берсін» дейтін тіркес осыдан шықса керек. Қазақ әдебиетінде өлең боп өріліп келген тұлға көркемсөз өнерінің асқан шеберлерінің бірі екеніне ешкім шүбә келтіре алмайды. Ол – Жазушылар одағының негізін қалаған жанның бірі. Оның қаламынан туған «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы», «Көкшетау» шығармалары әдебиет тарихында қатталып қалды. 

Қазақ Ілияс Жансүгіровті «Поэзия Құлагеріне» теңеген. Қазақ саз, музыка өнерін асқақтата жырлады. «Әнші», «Күйші», «Күй», «Домбыра», «Құлагер» шығармалары – осының нақ дәлелі. Оқырманның ойына ой қосып, қиялына қанат бітірген нағыз суреткердің өзі еді. Амал не, оның өмірі келте болды. Тағдырына кеңестік зұлматтың жылдардың ауыр лебі тап келді. Халық үшін аянбай еңбек еткен тұлға «халық жауы» деген жалған айыппен атылып кете барды. Әйтпегенде, қазақ сөз өнерінде бұдан да биік мол шығармашылық әлеуетін көрсететін еді. 

Қазақ әдебиетіндегі есімі алтын әріптермен өрнектелген тұлғаның бірі – Бейімбет Майлин. Майлин прозасы – асқақ, дара, бөлек. Қазақ әңгімесінің хас шебері кім десе, Бейімбетті айтарымыз хақ. Оның «Шұғаның белгісінің» өзі өлеңмен жазылған көркем сурет. «Шұғаның белгісін» жатқа айтпаған қаламгерлер де сирек. Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы «Өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау» деп бастап, заулай жөнелетін. Дәл өстіп басталса, ары қарай не болар екен деп, оқуға ынтыға түсесің. «Күлпашы» арқылы ашаршылық жылдардағы нәубетті тарихқа таспалап жазып кетті. 

«Ащы мысқылды әңгіме-өлеңдерінде аямай төгілткен ұлт жанашыры сол заман халқының аянышты жағдайын, ұлт санасын ояту мақсатында, өзіндік ерекше стильмен осылай жеткізген. Реалист жазушы жаман мінезді сықақ ету, әділетсіздікке қарсы тұру, адамгершіліктің үнін асқақтата білді», – деп жазады зерттеушілер. 

Қаныш, Әлкей, Әбілхан

Қаныш Сәтпаев – 125, Әлкей Марғұлан мен Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығын атап өтеміз. Қаныш Сәтбаев Баянауыл ауданы Павлодар облысында туған. Геолог ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Қазақ КСР Ғылым академиясын құрған, оның тұңғыш президенті атанған тұлға. Қазақтан шыққан тұңғыш академик. 

Әлкей Марғұлан – қазақ археология ғылымның негізін қалаған жан. Текті адам­ның тегі де осал болмаған. Әкесі Хақан – атақ­ты Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Әлкейдің әкесі Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын жатқа білген, үйінде халық әндері мен Абайдың әндері жиі шырқалған екен. Бес жасында оқып, жазуды үйреген. «Қобылан­ды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жатқа білген. Бұлардың шаңырағында қазаққа белгілі тұлғалар жиі бас қосып тұрған. Олардың арасында Мәшһүр Жүсіп Көпеев, жаяу Мұса, Имантай Сәтбаевтар болған. 

Қастеев – қазақ сурет өнерінің атасы. Қазақтың әйгілі кескіндемеші, график суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салды. Ол 1929-1931 жылдары Қастеев Николай Хлудовтың көркемсурет студиясын­да оқыды. Кейін білімін Мәскеу қаласындағы Крупская атындағы көркемсурет студиясында жалғастырды. Қазақстанның халық суретшісі атанды. 

Биылғы мерекелер көшінде Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаев та бар. Бұл қатарды Әлия Молдағұлова, Рабиға Сыздық, Әбдіжәмсіл Нұрпейісовтер те толықтырып тұр. 

Айна ХАСАН