Қазақстан автокөлік одағының хабарлауынша, 2023 жылдың 11 айында еліміздің автодилері 175,3 мың дана жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық техника, сондай-ақ жүк көлігі мен автобус сатқан. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 59%-ға артық. Одақтың мәліметінше, қараша айында 17,5 мыңнан астам автотехника сатылған. Бұл 2022 жылғы қарашаға қарағанда 54%-ға артық.
2023 жылдың 11 айындағы сатылым көрсеткіші тарихи рекорд болып отыр. Осы уақытқа дейін 2013 жылғы сатылым деңгейі рекордтық көрсеткіш болды – ол кезде бір жылда 165 мыңнан астам көлік сатылды. Жыл қорытындысы бойынша жаңа автомобильдердің жалпы жылдық сатылымы шамамен 193 мың бірлікті құрайды деген болжам бар. Бұған дейін 2013 жылы елімізде 165 мың жаңа автокөлік сатылып, тарихтағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелген болатын.
Ел азаматтарының жаңа көліктерді көбірек сатып ала бастауының басты себебі таңдаудың кеңеюінен дейді сарапшылар. Халықтың сатып алу қабілеті өзгеріссіз қалғанымен, нарықтағы ұсыныстың кеңеюі сауда көлемінің айтарлықтай артуына сеп болды. Көптеген бренд несиелеу және бөліп төлеу бағдарламаларын ұсыну арқылы сатылымды арттырды. Нәтижесінде, еліміздегі автомобиль паркі жаңара түсті. Қазір адамдардың таңдауы технологиялық машиналарға көбірек ауа бастады. Мәселен, жүргізуші ассистенті камералар мен сенсорлы жүйелер, сенсорлық экран дисплейіне көбірек көңіл бөледі. Сонымен қатар электромобильдердің жаңа тенденциясы пайда болды. Іс жүзінде ешқандай сұранысқа ие болған жоқ және нарықтағы ресми дилерлердің ұсыныстары да өте аз болды. Дегенмен нарықта тек электромобиль шығаруға мамандандырылған брендтер пайда болады. Сарапшылар алдағы жылы автокөліктерге тапшылық пен кезек болмайды деген пікірде. Дилерлер банкке қарағанда төмен пайыздық мөлшерлеме ұсына отырып, жаңа көліктерді несиеге сатып алуды субсидиялауды жалғастырады.
Қазақстандықтар «кімді» таңдады?
Қазақстан автокөлік одағының мәліметіне сүйенсек, қарашаның соңында елдегі автокөліктің орташа бағасы 14 млн 810 мың теңгеге дейін төмендеген. Бұл жағдай елдегі автокөлік саудасының артуына оң әсер еткен. Қазақстан мен Қытай арасында шекара ашылғаны себепті баға одан да төмендей түсуі мүмкін. Екі ел арасында ағылған адамдар көлік әкелуді де көздеп отырғаны жасырын емес. Одан бөлек, отандық авто өндірушілер сұранысқа заманауи көліктер шығаруда ешкімнен кем түспей отыр. Былтырғы қаңтар-қараша айларында елдегі автокөлік өндірісі жалпы құны 1,65 трлн теңгенің өнімін әзірлеген. Нәтижесінде, 124 мың жеңіл көлік құрастырылған. Жылдық өсім деңгейі 40 пайызға жуықтады.
Қазақстан автокөлік одағы ұсынған ресми деректерге қарасақ, былтыр нарық тұтынушылары арасында Cobalt көлігі айтарлықтай сұранысқа ие болған. 2023 жылдың 11 айында отандық зауыттар осы үлгінің 23 мыңнан астам данасын шығарған. Одан кейінгі орында – Hyundai Tucson және Kia Sportage.
Статистикаға қарап, соңғы уақытта қазақстандықтардың отандық өнімге деген сенімі арта түскенін көруге болады. Тұтынушыларды табыс деңгейіне қарап әртүрлі санатқа бөлуге болады. Бір бөлігі өз ақшасына қолма-қол сатып алса, екінші бөлігі банктер ұсынған несиелік өнімдер арқылы сатып алуды жөн санайды. Былтыр елімізде ең көп шығарылған жеңіл көлік Hyundai бренді болған. Алматылық кәсіпорындар бұл көлік түрінің 45 мыңнан астам данасын нарыққа шығарған. Одан кейінгі орында 37 мыңға жуық көлік өндірген Chevrolet маркасы, үшінші болып 23 мың шамасында көлік құрасстырған Kia жайғасқан. Бұл бестікті қытайлық JAC және Jetour көліктері аяқтайды.
Импорт vs Экспорт
Соңғы уақытта темір тұлпар импорты да арта түскен. Былтыр қаңтар-қазан арасында 45 мың жеңіл көлік Қытайдан енген. Мемлекет басшысының Қытаймен арадағы келіссөздері нәтижесінде екіжақты сауда-саттық арта түскен. Еліміз шетелдік көлік импорты үшін ашық болғандықтан, тұтынушылардың да талғамы түрлі брендке тоқталады. Осы жылы қытайлық автоөндірушілер тарапынан премиалды брендтер бойынша бірқатар баламалы бренд бізге келді. Нарықтағы сұраныстың орны біршама толықты. Мамандар отандық автонарықтың болашағы жарқын екенін айтады. Жыл аяқталған соң былтырғы болжамдардың расталғанын көреміз. Автокөлік нарығын мониторингілеу және талдау орталығының мәліметінше, пандемияда әсерінен импорт әлсіресе де, отандық автонарық үшін 2022 жыл біршама табысты болған. Орталық мамандары алдағы уақытта жаңа көліктердің бағасы тұрақталады деген сенімде. Соңғы жылдары нарықтағы қатты тапшылық көлік құнының көтерілуіне себеп болып келді. Енді жекелеген брендтердің бірқатар үлгісіне баға тұрақтануы мүмкін. Отандық автозауыттар құрастырып жатқан өнімдердің басым бөлігі – жеңіл көлік. Мұның сыртында былтырғы 11 айда 8 200 жүк көлігі, 2 600-ден астам автобус, мыңнан астам тіркеме және 540 өзге де арнайы техника конвейерден шықты.
Қарымта бермеген «Қытай»
ҚАО деректеріне сай 11 айдың қорытындысы бойынша ең танымал брендтердің бестігіне барлық сатылымның 24% үлесі бар Hyundai, Chevrolet (22,8% үлесі), Kia (13,2% үлесі), Chery (6,2% үлесі) және Toyota (5,3%) кірді.
Қытай өндірушілерінің қаңтар-қараша айларындағы көліктері барлық сатылымның 24,7% – дан астамын құрады. 2023 жылы қытайлық автомобильдерді сатып алу бүкіләлемдік тенденцияға айналды.
Қытайлық автоөндірушілері 2024 жылы да үрдіс жалғасын табады деп сенеді, демек әлі де Қытайдан жаңа модельдер мен маркалар келуі мүмкін. 2022-2023 жылдары жергілікті автокөлік әуесқойлары арасында салыстырмалы түрде таныс автомобиль нұсқалары отандық нарыққа енді.
2023 жыл – Қытайдың автомобиль өнеркәсібі тарихындағы тағы бір маңызды кезеңге айналды. Электрлендіру, барлау және басқа салалардағы технологиялық және баға артықшылықтарының арқасында қытайлық автомобиль компаниялары дәстүрлі шетелдік автомобиль компанияларына қарағанда тезірек дамып, жетіле түсті. Бірінші рет жаһандық автомобиль картасында осындай тенденция пайда болды. Қытайдың автомобиль өнеркәсібі жылдар бойы жинақталған тәжірибесін 2024 жылы тағы бір рет көрсетіп, саланы серпін беруі бек мүмкін.
«Жылдамдығы» әлсіреген Жапония
2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қытай көлік экспорты жағынан Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы атанды. 2023 жылдың қорытынды деректері әлі жарияланбағанымен, әлемдік басылымдар Қытайдың Жапониядан асып түсетінін болжап отыр. Жақында ҚХР-дың 2023-2024 жылдардағы жыл сайынғы экономикалық конференциясында автомобиль экспорты 2023 жылы 5 миллионнан асып, жаңа тарихи рекорд орнатқаны мәлім болды. Бұл елдің автомобиль экспортына қатысты 2024 жылға арналған жоспары да орасан. Қытай автоөндірушілер қауымдастығының болжамы бойынша Қытайдың автомобиль экспортының көлемі 2024 жылы шамамен 5,5 млн автомобильге дейін ұлғаяды.
Қазір бұрын ресми өкілдіктері Ресей Федерациясында болған брендтер белгілі саяси себептер бойынша Қазақстан нарығын жоғалтқысы келмейтінін көрсетті. Орталық Азия аймағы автомобиль компаниялары үшін маңызды. Кейбір брендтер Қазақстанда өкілдіктерін аша отырып, тек Қазақстанға ғана емес, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға да назар аударады.
Автокөлік шығару шыңына жетті ме?
Edmunds халықаралық сараптама ортылығы автокөлік сатылымы 2024 жылы баяулайды деген болжамымен бөлісті. 2022 жылғы бүкіләлемдік логистика хаосы аяқталған соң автоөндірушілер өткен жылы салыстырмалы түрде көбірек көлік сатты. Дегенмен қазір жоғары пайыздық мөлшерлеме сатылым мөлшерін алқымға алады деген долбар бар.
Нарықты зерттеуші Edmunds орталығы бұл сала биыл 15,7 миллион автомобиль сатады деп күтеді. 2022 жылғы сатылым 15,5 миллионға жетіп, 12 пайызға өскен еді. Онымен салыстырғанда бұл қалыпты өсім саналады.
Орталық мамандарының айтуынша, нарық толық қамтылды деп айтуға әлі ерте. Бірақ несие ахуалын ескерсек, бұл сала биыл айтарлықтай өсім көрсетеді дей алмаймыз. Коронавирустық пандемия автомобиль бөлшектерінің жетіспеушілігіне себеп болды. Бұл өндірушілерге ауқымды көлемге автомобиль шығаруға мүмкіндік берген жоқ.
Жылдар бойы баға қымбаттаса да автокөлік сатып алу үшін нөл пайыздық несиелерді пайдалану мүмкіндігі сатылым деңгейін ұстап қалуға себеп болды. Бірақ Федералды резерв базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін нарық субъектілері мұндай құралдардан бас тартты. Edmunds деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың төртінші тоқсанында бөліп төлеуге сатылған жаңа көліктер барлық сатылымның 2,3 пайызын ғана құраған.
Алпауыттар арпалысы
Tesla 2023 жылы 1,8 миллион автомобиль сату арқылы Илон Масктің алға қойған жыл басындағы межесінен асып жығылғандай болды. Алайда қытайлық танымал BYD автокөлігі компаниялар арасындағы бәсекелестікте Tesla акцияларының бағасына тағы да соққы берді. Қаңтардың басында Tesla акцияларының бағасы 4%-ға төмендеді. Деректер Tesla-ның жаһандық өндірісі 2023 жылы шамамен 1,85 миллион автокөлікке жетіп, жыл сайын шамамен 35%-ға артады; жаңа көліктердің жеткізілімі шамамен 1,81 миллион көлікті құрайды және шамамен 38%-ға артады.
Дегенмен 2023 жылы Tesla Илон Масктың алға қойған міндетіне қол жеткізу үшін көп күш жұмсады. Мәселен, былтыр Tesla бағаны жиі арзандатып, Model 3 және Model У бағалары бір кездері ең төменгі деңгейге дейін төмендеді.
Қазір BYD-тің жаңа энергетикалық көлік құралдарын өндіру саласы әлемнің алты континентіндегі 70-тен астам ел мен аймақты қамтиды. Біраз уақытқа дейін BYD Tesla-дан асып түсіп, ел аузында болды. Бірақ Илон Маск BYD және Tesla сатылымдарын салыстырғандарға қатысты: «BYD және Tesla салыстыруға келмейді. Біз жасанды интеллект және робот компаниясымыз», – деп жауап қатқан. Алайда әлем көзқарасы бойынша, Teslа технологиялық компания деп мәлімдегенімен, қазір автомобиль сатылымы әлі де компанияның негізгі кіріс көзі болып отыр. Сондықтан Tesla-ны басқа да электрлі автокөлік компанияларымен салыстырмау қиын.
Сату көлемі ғана емес, сонымен қатар BYD және Tesla-ның 2023 жылғы үшінші тоқсандағы қаржылық есептері жарияланғаннан кейін де әлем екі компанияның кірісін есептеп, шамалас екенін көрді. Бірақ жалпы пайда тұрғысынан BYD 2023 жылдың үшінші тоқсанында 19,79%-ға жетіп, Tesla-ны үш тоқсан қатарынан басып озды.
Кәмила ЕРКІН