Халық арасында төрт жылда бір келетін бұл жыл турасында әртүрлі пікір айтылып жүр. Әлем халқы басқа жылдармен салыстыра қарағанда, басы артық күнге ие болған жылға ерекше көңіл бөліп, үреймен қарайды. Ал кейбіреулер керісінше, дәл осы жылды бақыт әкелетін жыл деп есептейді. Сонымен, кімдікі дұрыс, қайсысы бұрыс? Әлқисса…
Кібісе қандай жыл?
Күн сайын қолданып жүрген күнтізбеде көрсетілген әр айдың күн саны бірдей емес. Бірақ биылғы жылдағы ақпан айының үлесі бір күнге артық. Төрт жылда бір рет тәулік санының көп болатынын алғаш рет мысырлықтар ойлап тапты. Кейіннен астрономдар да бұл тұжырымды ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Аспан денелерінің тәулік санына қаншалықты әсер ететінін білу үшін әуелі мамандардың пікірін білдік. Шығыс Қазақстан облысы болжамды астрология орталығының қызметкері Таңатар Жүнісов аспан әлемі туралы әңгімені қызықтырып айтты. Оның айтуынша, Жер Күнді толық бір айналып шығуы үшін 365 тәулік 5 сағат 48 минут 46 секунд уақыт болады екен. Бұл уақыт үш жылға созылып, төртінші жылда есептелінбей қалған уақыттарды (шамамен 1 тәулік) қосып, жаңа жылдың алдындағы ақпан айының 29-тәулігі дейміз. Сонымен, биылғы қыс мезгілінің соңғы айы – ақпан 29 тәулікпен аяқталып, 366 тәуліктен тұратын 2024 жыл – кібісе жылға жатады.
«Аспанда бар-жоғы 13 шоқжұлдыз бар, соған сәйкес бір жылда 13 ай болуы керек. Күн аспан күмбезін сол шоқжұлдыздарды басып өтеді. Бірақ байқасаңыз, еуропалықтар бұл санды қырсықтық санына балап, көп жерде оны қолданыстан алып тастаған. Сол сияқты аспан күмбезіндегі 13-ші «Жыланбөктерген» аталатын шоқжұлдыз ескерусіз қалған. Мысыр санақшыларының зерттеуі бойынша, бұл артық күннің күнтізбеге қосылуы әр жылдағы тәулік санының тепе-теңдігін сақтайды. Егер бұл күн төрт жылға да енбесе, біз тойлап жүрген жаңа жыл наурыз айына тұспа-тұс келетін еді», – дейді Т. Жүнісов.
Көнеден «сәлем»
Халық арасында кібісе жылы туралы теріс пікірлер бар. Осы жылдан сақтанып, апат көп болады деп сендіретінін қайтерсің. Мәселен, 2012 жылғы кібісе де ұлу жылына сәйкес келген. Осыдан екі кібісе жыл бұрын адамзаттың соңғы жылы деп болжағаны санамызда сайрап тұрды. Тіпті, бұл туралы кино да түсірілген-ді. «2012 жыл 21 желтоқсанмен аяқталады», «ақырзаман болады екен» «бірнеше күн бойы күн шықпай, әлем қараңғы түнек құрсауында қалады» деген үрейге толы пікірлердің шегі болмады. Ертеңіне ұйқыдан аман тұрған халық мұндай үрейлі әңгімелердің бос сөз екеніне көз жеткізді. Кібіседен басқа жылдарда әлемге қауіп төндірген оқиғалар мен табиғи апаттар аз болмады. Яғни, мұндай оқиға кібісе жылына ғана тән деген ойдан алшақ болған жөн.
Одан бөлек, 1912 жылы «ертегі кемесі» Титаник суға батты, осы жылы қазақ даласының жарық жұлдызы Дінмұхамед Қонаев дүниеге келді. Яғни, осы кібісе жылы еліміз үшін үрейге емес, қуанышқа толы жыл емес пе?! Халықтың қисынға келмейтін пікіріне келіспейміз десек те, кейде қиялымызды дүрліктіріп отыратыны өтірік емес. Мысалы, белгілі болашақты болжаушы Бақыт Жұматованың айтуынша, 2024 жылы әлемде қауіпті жағдай болуы мүмкін.
«Биылғы жылы табиғи апаттар да көп болады, әсіресе көп ел мен тұрғын үйлерді су басады. Ал кей елдерде, керісінше құрғақшылық болады. Бастысы, Қазақстанда ондай табиғи апаттар да, соғыс та болмайды. Басқаны білмеймін, мен үшін бастысы – тыныштық, бейбіт өмір. Ұлу жылы әлемде қиын-қыстау сәт болатынын көріп тұрмын», – деді Б. Жұматова. Бұл болжам ғана…
Мүмкіндікке толы жыл
Басы артық күннің үлесі берілген жылға қызығушылық пен үрейдің астарында не бар екенін көп адам біле бермесі анық. Бір қызығы, бұл жыл кейбір елдер үшін мүмкіндіктерге толы екен. Анығырақ айтқанда, Шотландияда, Англияда және Ирландияда 29 ақпан қыздар сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасай алатын жалғыз күн болып есептеледі екен. Және жігіттер өзіне айтылған өтініштен бас тартуға құқығы жоқ.
Ал кібісе жылында құрсақ көтеруге немесе нәрестені дүниеге әкелуге болмайды деген біртүрлі түсініктің де қисыны жоқ. Бір ғана мысал, кібісе жылы – қазақ халқы үшін Д. Қонаев, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков сынды біртуар перзенттер дүниеге келген жыл. Сондықтан биыл бала сүюдің еш қаупі жоқ екенін ескерген жөн.
Ақпанның үлесіне тиген ерекше күні дүниеге келген Хамит Қалдыбаев бұл күнге аса қатты көңіл бөлмейтінін айтады. Ол:
«Жеке куәлік алғанда туған күнімнің датасын өзгертемін деп ойладым. Бірақ бұл ойымды өзгерттім. 29 ақпан күні туғандықтан туған күнімді төрт жыл сайын бір рет атап өтемін. Бірақ жыл сайын құттықтаулар естимін. Биыл күнтізбеге сәйкес келетінін есептесек, он екінші туған күнімді тойлайды екенмін. Ал достарым 40 жасқа толады. Кейбіреулер осы жылы жолға шығуға болмайды деп жатады. Өз басым осы високос жылына қатысты ырымдарды елемеймін. Керісінше, кібісе жылында отау құрып, баспаналы болдым, биылғы жылға да артқан үмітім көп», – дейді қала тұрғыны.
Өлім емес, өмір сыйлайтын кібісе
Кібісе жылында дүниеден өтетін адам саны артады деген болжам бұрыннан бар. Бұл да кібісе жылына деген үрейден туа салған наным-сенім болса керек. Тап бір басқа жылдарда өлім-жітім болмайтындай-ақ. Биылғы кібісе жылына дейін халқымыздың саны әлдеқайда өсті ғой, сондықтан халық қиялынан туған бос сөзге еліктеу де құр әурешілік.
«Наным – адам табиғатында бұрыннан бар нәрсе. Жылдың жаманы болмайды. Әр жылдан үміт күтеміз. Төрт жылда бір келетін кібіседе қаншама тұлға дүниеге келді. Тіпті, дәл ақпан айының 29-да өмірге келгендер де бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл бойына 500 мыңға тарта сәби дүниеге келеді екен. Ал осыдан 2020 жылға тура келген кібісе жылында әлемдік дертке байланысты қайтыс болғандар саны көп болды. Орта есеп бойынша – 100 мың адам. Айтарлықтай айырмашылық та жоқ. Керісінше, бір тәулік болса да артық берілген жылды үнемді пайдаланып, жастар отау құрсын, халық айтты екен деп басыңызға келіп тұрған бақтан бас тартпайсыз ғой. Сондықтан кібісе жылының кесірі жоқ», – дейді тарих ғылымдарының докторы Сейітжан Шағдаров.
Дәйегі жоқ тыйымдар мен болжамдарға сенсеңіз, кібісе жылын жек көріп, бір жыл бойы үреймен жүруіңіз әбден мүмкін. Қысқасы, жылдың немесе күннің жаманы болмайды. Еуропалықтар тіліндегі високос жылы, яғни біздегі ұлу жылына сай келген кібісе жыл тіршілікке жайлы, игілікті оқиғаларға толы жыл болсын!
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ