Халық АЭС салуға бейіл ме?

Бүгінде энергетика саласының сарапшылары болашақта энергия тапшылығын болдырмас үшін қазірден бастап қамдану қажет екенін баса айтады. Ал күні кеше Мемлекет басшысы Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында атом электр стансасының құрылысы біздің экономикамыздың болашағы мен оның энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды мәселе екенін айтып, құрылыс мәселесі бойынша тиісті қоғамдық тыңдаулар өткізілетінін жеткізді.

Атом электр стансалары – әлемдегі электр энергиясының маңызды көздерінің бірі екені даусыз. АЭС арқылы көптеген ел экономикалық және әлеуметтік дамуда негізгі мәселелерін шешіп, электр энергиясына деген тапшылықты жойып, көрші елдерге тәуелділіктен арылып жатыр. Бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. 

Сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС салу ел­дегі экономиканың дамуы мен әлеу­мет­­тік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірде. АЭС-тің арқасында ең ал­­­дымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Мамандардың пікіріне құ­лақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жа­ғынан көмір мен газдан әлдеқайда жо­ғары әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сон­дай-ақ уранның Қазақстанның өз ішін­де өндірілуі, қосымша қаржыны та­лап етпеуі де бұл саланың артықшы­лы­ғын көбейте түседі. Ендеше біз де са­ла мамандарына құлақ түріп көрдік.

Асуан СИЯБЕКОВ,

«Қазақстандық атом электр

стансалары» ЖШС жетекші инженері:

Жасыл энергетикаға көшудің ғаламдық үлгісі

– Тұрақты даму мақсаттарына қол жет­кізу және көміртексіз жасыл эко­но­микаға көшу елдің сенімді базалық энер­гиясынсыз мүмкін емес. Электр энер­гиясын генерациялайтын жабдық­тар­ға келсек, бізде таңдау көп емес, мә­селен  көмір, газ және мұнай сияқ­ты дәстүрлі негізгі энергия көздері бар, бірақ олар көміртек заттардан тұ­ра­ды. 

Жаңартылатын немесе баламалы энер­гия көздерін алып қарасақ, олар­дың электр жүйесінде өз орны бар, бір­ақ бел­­гілі болғандай, үздіксіз энергияны қам­­тамасыз етуге кепілдік берілмейді. Энер­­гетикалық қауіпсіздіктің анық­та­ма­­сын еске салайын: қажетті уақытта қа­­жетті жерде қажетті энергия мөл­ше­рі болуы керек. Бұл шарт тек 24/7 энер­гияны қамтамасыз ететін АЭС сияқ­ты үздіксіз энергия көздерімен орын­да­лады.

2023 жылдың 30 қарашасы мен 12 жел­тоқсаны аралығында БҰҰ-ның «Кли­маттың өзгеруі жөніндегі не­гіз­де­мелік конвенциясы» аясында Дубайда  өт­кен 28-ші конференция­сында (СОР  28) атом энергетикасы күн тәртібіне ен­­ген болатын. 

Осылайша, жасыл энергетикаға көшудің жаһандық күн тәртібі АЭС-ті ескере отырып қалыптасады деп айтуға болады, мұны атом энерге­ти­касының еуропалық жасыл таксо­но­мияға қосылуы дәлелдейді. Шынында да, атом электр стансалары ел эконо­ми­касының тұрақты дамуына негіз бо­латын тұрақты көміртексіз энергия көз­дері болып табылады.

АЭХА (Атом энергиясы жөніндегі ха­­лықаралық агенттік) болжамы бо­йын­­ша 2050 жылға қарай атом гене­ра­ция­сы екі есеге артып, 792 ГВт-қа же­теді, бұл жалпы әлемдік электр энер­гия­сын өндірудің 12%-ын құрайды. Егер салынып жатқан атом энергети­ка­лық блоктарының таралуын қарас­тыратын болсақ, атом энергетикасының Азияға ауысуы, сондай-ақ өздерінің атом-энергетикалық бағдарламаларын дамытатын жаңа мемлекеттердің пайда болуы байқалады. Жақсы дамыған атом өнер­кәсібі, ядролық ғылыми орталық­тар­дың тәжірибесі және кадрлар даяр­лау жүйесі бар Қазақстан, өзінің энер­ге­тика жүйесінде атом энергиясын тиім­ді пайдалану үшін алғышарттар бар еке­ні анық.

Біздің елімізде электр энергиясын ге­нерациялайтын жабдықтардың тозуы – 70%-дан асады. Сондықтан атом энер­ге­тикасын дамыту және атом стан­­­­са­сын салу барлық санаттағы тұтыну­шы­ларды, оның ішінде өнеркәсіптік кә­сіпорындар мен халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін неғұрлым қолайлы екені белгілі.

Атом электр энергиясын генерация­лау­дың артықшылығы – үздіксіз энер­гиямен қамтамасыз ету, сондай-ақ пар­ник­тік газдар шығарындыларының болмауы. Қазақстан аумағында АЭС-ті пай­далануға беру, көмір мен газ не­гі­зіндегі электр энергиясын өндіруді ал­­мас­тыру есебінен атмосфераға кө­мір­қыш­қыл газы шығарынды­лары­ның жал­­пы көлемін орта есеппен жы­лы­­н 8 млн тоннаға қысқартуға ықпалын ти­гізеді.

Қазақстанда АЭС салу эконо­ми­ка­ның барлық саласына, сондай-ақ ғы­лымға, білімге, әлеуметтік салаға оң муль­типликативтік әсер етеді, жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді. 

Қазақстанда АЭС салу атом индус-т­рия­сы үшін және тұтастай алғанда елі­міздің бүкіл экономикасы үшін жаңа мүм­кіндіктер ашады.

 

АЭС салу:

• Елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың өсуіне;

• Құрылыс кезінде 8 000 адамға дейін жаңа жұмыс орындарын және пай­­далану кезеңінде 2 000 адамға дейін са­палы кадрларды құруға;

• АЭС салу кезінде 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10-нан астам жұмыс орнын құрады;

• Жергілікті өнеркәсіпті дамыту;

• Меншікті отын базасының әлеуе­тін кешенді пайдалану;

• Тұтынушыларды 60 жылдан астам се­німді энергиямен жабдықтауды қам­та­масыз ету;

• Парниктік газдар шығарын­ды­ла­рын жылына 8 млн тоннаға дейін тө­мен­дету. Және басқа да бірқатар эко­но­микалық, әлеуметтік, техни­ка­лық және экологиялық артықшылық­қа ие.

Жыл сайын өсіп келе жатқан энер­гия тапшылығын, Қазақстан Үкіметі рес­ми түрде қабылдаған көміртексіз энергетикаға көшу бағытын, сондай-ақ елде шикізат және өндірістік базаның болуын ескере отырып, Қазақстанда атом-энергетика саласын дамыту қи­сын­ды және заңды қадам болып табы­лады деп ойлаймын.

Бұл туралы Мемлекет басшысы бір­неше рет мәлімдеді. Біз қазір Қазақ­стан­да АЭС салу мүмкіндігін жүйелі түр­де зерттеп келеміз және барлық мүд­делі тараптың пікірін ескеруге ты­рысамыз.

Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,

Мәжіліс депутаты, Экология мәсе­лелері және

табиғат пайдалану комитетінің мүшесі:

Энергия импортына тәуелділікті жояды

– Ең алдымен, жүйелі шараларды жү­­зеге асыруға мүмкіндік беретін энер­ге­тика саласының даму стратегиясын әзір­леу қажет. Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу сынды маңызды мә­селе бойынша да өз ұстанымын біл­дірді. Біздің еліміз үшін энергетикалық қуат­тардың тозғанын және атом энер­ге­тикалық әлеуетінің барын ескере оты­рып, атом электр стансаларын салу қа­жетті шара деп есептеймін. Еліміз өт­кен жылдың өзінде ғана Ресейден 3 млрд-қа жуық электр энергиясын им­порттаған. Қазақстандағы 50-60 жыл­дарда салынған жылу электр орта­лық­тары бүгінде тоз-тозы шығып, апат ал­­­­­дын­да тұрғаны жасырын емес. Меніңше, оларды қайта-қайта жөндеу­ден өткізгеннен гөрі түгелімен жойып, жаңа, заманауи электр стансаларымен то­лықтырған жөн. Атом электр стан­са­ла­рын салу қоршаған ортаға зиян кел­тір­мейтіні дәлелденіп отыр. Бүгінде көп­теген дамыған және дамушы мем­ле­кет осы атом энергиясын тиімді пай­да­лануды мақсат етіп отыр. Әсіресе, АҚШ, Еуропа елдері бұл жағынан көш тұр. Мен көптеген өзге мемлекеттің атом электр стансаларын көріп та­ныс­тым. Мәселен, Түркияның «Аққую» электр стансасы да бүгінде сол мем­ле­кет­тің қажеттіліктерін өтеуге бағыттал­ған. Құрылысы 2010 жылдың мамыр айында басталған «Аққую» АЭС-і BOO (Build – Own – Operate = Сал – Еге бол – Іске асыр) моделі бойынша жүзеге асы­рылған әлемдегі алғашқы атом электр стансасы. Оның жалпы қуаты 4800 МВт болатын 3+ бу қысымды су энер­гети­калық реакторларымен (VVER-1200) жабдықталған төрт энергоблоктың құ­рылысын салу белгіленген. Атом электр стансасы барлық ықтимал әсер­лерді ескере отырып салынуда: өрт­тер­дің, теракттердің және табиғи апат­тар­дың қаупі есептелген. Стансаның энергоблоктарына ұшақтар құлаған жағдайда да сыртқы қорғанысы төтеп бере алады. Осындай өзге мемлекеттегі тәжірибелерді ескере отырып, біз де өзіміздің жобамызды іске асыруымыз қажет. Бүгінде ел арасында атом электр стансасына деген қауіп бары жасырын емес. Бірақ бәрі негізсіз деп ойлаймын. Мәселен, көпшілік АЭС Балқаш маңын­да салынса көл суына зиянын ти­гізеді, су тапшылығына әсерін тигі­зе­ді деп санайды. Көл суы тек сондағы реактрлерді суыту үшін пайда­ла­ны­ла­тын­дықтан, аса көп мөлшерде су қажет етпейді. Ол жерде су алмасу болмайды. Тек Балқаштан су толтыру жұмыстары жүр­гізіледі. Бұл – бір жақты процесс. Ра­диация мен мұнара арасында үш кон­тур бар, соңғысы көлмен байланыста болмайды. Яғни, радиация Балқашқа түс­пейді. Тұтынуға келетін болсақ, мұ­нараны жылдық су көлемімен толық­тыру қажет, бұл көлдің табиғи булануы­ның небәрі 0,5%-ын құрайды. АЭС-і бар өзге мемлекеттердің сол стан­са­лар­дың кесірінен су тапшылығына ұшы­рап­ты дегенді осы уақытқа дейін есті­ме­дім. Қазір Ресей, Франция, Қытай, Оңтүстік Кореядағы компаниялардың бүкіл әлем бойынша атом электр стан­са­ларын жобалау, салу және пайдалану үшін бай тәжірибесі мен ресурстары бар. Бұл тұрғыда біз әлі өзімізге тиімді жа­ғын көбірек ойлағанымыз жөн. 

Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Атом электр стансалары климаттың өз­геруінің негізгі себебі болып табы­ла­тын көмірқышқыл газы (СО2) сияқты пар­никтік газдарды атмосфераға шы­ғар­майды. Олар іс жүзінде ауа мен су­дың ластануына ықпал етпейді, бұл қор­шаған ортаға әсерді азайтады. Кө­мір және газ электр стансалары сияқты дәс­түрлі энергия көздерімен салыс­тыр­ғанда, атом электр стансаларында кү­кірт және азот оксидтері сияқты зиянды заттардың шығарындылары төмен. Атом электр стансалары тұрақты және тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді, бұл тұрақты энергия қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін маңызды. Олар ұзақ уақыт бойы үздіксіз жұмыс істей алады, бұл электр қуатын өшіру қаупін азайтады. Атом электр стан­салары уран сияқты ядролық отын­ды тиімді пайдаланады және жа­нар­майдың бір зарядымен көп жыл бойы жұмыс істей алады. Бұл отынды жиі ауыстыру қажеттілігін азайтып, эко­­номикалық үнемдеуге әкеледі. Атом электр стансалары ірі қалалар мен өнер­­кәсіптік аудандардың энерге­ти­калық қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын үлкен көлемдегі электр энергия­сын өндіруге қабілетті. Өздерінің атом электр стансалары бар елдер энергия им­портына тәуелділігін азайтып, энер­гетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе ала­ды. Тағы бір пайдасы, атом энер­ге­тикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергиямен қамту деңгейі артады деп есептейміз.

ТҮЙІН: 

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқан 27 елдің ішінде бірінші АЭС-ті салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұр. Ал өз шешімін қабылдаған 10 мемлекет инфрақұрылымын салуда келісімшартқа қол қойып, жақын арада бірінші атом электр стансасының құрылысын бастамақшы. Мамандардың зерттеуінше, бір АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 келі уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Бағамдасақ, бұл электр стансасының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екеніне көз жеткізуге болады.  Біріншіден, бүгінде еліміздегі көмір электр стансаларының көпшілігінің тозуы 70 пайызға жетті. Эко­логиялық зардаптар қаупіне байланысты оларды қайта құруды қаржыландыру шек­телген. Екіншіден, қазір ол  1,6 миллиард киловатт-сағат болып отыр. 2029 жылға қарай 5,5 миллиард киловатт-сағатқа жетеді деп күтілуде, электр энергиясын өндіру қуа­тында олқылықтар бар. Дегенмен Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында атмос­фераға зиянды заттардың шығарындыларын азайтуға міндеттеме алғанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда халық үніне құлақ асатынын жеткізді. Енді «халықтың қуаты – бірлікте» екенін сезінетін уақыт жетті.

Наурызбек САРША