Брюссельде «Орталық Азиядағы мемлекеттік қызметті жетілдіру мақсатындағы әріптестік – Қазақстанның рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына Қазақстанның, Қырғызстанның өкілетті органдары, Бельгия үкіметі, Еурокомиссия, БҰҰ, Қазақстанның және ЕО мүше елдер дипломатиялық миссия өкілдері, Астана мемлекеттік қызмет хабы делегациясы қатысты.
Брюссельдегі БҰҰ Даму Бағдарламасы өкілдігінің директоры Барбара Песке-Монтейро өз сөзінде Астана хабы тұғырнамасы мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты нығайту үшін «ғажайып мүмкіндік» екенін айтты. Ол әсіресе жаңа технологиялар дамуы мен цифрландыру кезеңінде осындай біріктіруші тұғырнама айрықша маңызды екенін тілге тиек етті. Өйткені, «санқырлы мемлекеттік қызмет жүйесі әртүрлі құралдарды қажет етеді, ал іргелі жұмыс істеу тәсілдері – әркімде әр түрлі», - деді Песке-Монтейро.
Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов қазіргі таңда Хаб көпжақты жаһандық тұғырнама ретінде 42 қатысушы-ел мен 55 институционалды ұйымды жұмылдыратынын жеткізді.
Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан елшілігі Кеңесші-Уәкілі Ерболат Сембаев өз сөзінде «мемлекеттік басқару сапасы көп жағдайда кадрларды дайындау сапасымен анықталатынын» айтты. Осы контексте Қазақстан мен БҰҰ Даму Бағдарламасының кең ауқымды жобасы – Астана мемлекеттік қызмет хабы жұмысы өте өзекті екенін атап өтті. Кеңесші-Уәкіл өз сөзінде 15 наурызда 25 мемлекет пен 5 халықаралық ұйым Астана хабын құру туралы Декаларация қабылдағанына 7 жыл толатынын хабарлады.
Талқылау барысында Еурокомиссия мен бірқатар мемлекет өкілдері аймақтық ынтымақтастық тұрғысында Астана хабы жұмысын ұйымдастыру формалары мен тәсілдерін зерделеуге ықылас танытты. Жиынға қатысқан қатысушылар Хаб жұмысына жоғары баға бере отырып, әрі қарай ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Сонымен бірге қатысушылар мемлекеттік басқару саласындағы озық еуропалық тәжірибені зерттеу мен қолдану барысы бойынша пікір алмасты. Оған қоса Хабтың мемлекеттік қызмет саласында әлеуетті нығайту, зерттеулер жасау, білім мен тәжірибе алмасу бойынша жұмыстары мен жаңа сараптамалары қатысушылар назарына ұсынылды.
Тараптар ЕО елдерінің озық тәжірибесін таратуда және аймақ елдерінде тиімді мемлекеттік қызмет жүйелерін ілгерілету бойынша әріптестікті кеңейту жолдарын қарастырды. Еуропа Одағы - Астана мемқызмет хабы құрылтайшыларының бірі. Қазіргі таңда Еуропа Одағына мүше 11 мемлекет - Астана хабына қатысушы ел.