Сенат депутаты Сәкен Арубаев Жамбыл облысы Сарысу ауданында кальцийленген сода өндіретін зауыт құрылысының барысымен танысты.
Экономиканы дамыту үшін өңірге инвестиция тарту аса маңызды
1,496
оқылды

Зауыт қызметкерлері кездесу барысында шикізатты тасымалдау үшін газ желісі мен теміржол торабын салу және зауыттың толыққанды жұмысы қажеттігі туралы мәселені көтерді.

«Инвестиция тарту, жұмыс орындарын құру, инвесторларды қолдау – басты міндет. Еліміздің Президенті инвестициялық ахуалды жақсартудың маңыздылығын әрқашан атап өтіп келеді. Мемлекет басшысы жақында берген сұхбатында да осы саланың дамуына ерекше назар аударды. Сондықтан осында көтерілген мәселелерді назарда ұстаймыз», деді сенатор.  

Депутат сондай-ақ Сарысу ауданындағы «Ынтымақ» су қоймасы маңында болды. Бұл күндері мұнда су қоймасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Аудан тұрғындарымен кездесу барысында ауыл тұрғындары су қоймасының мүмкіндігін одан әрі кеңейту және пайдалану жөнінде бірқатар ұсыныс  айтты.

Сенатор Арубаев өз кезегінде барлық нормативтер мен талаптарды ескере отырып, су қоймасын жаңғырту аясындағы жұмыстарды сапалы орындауға баса назар аудару қажет екенін атап өтті.