"ҚазАвтоЖол" қысқы жол жөндеу жұмыстарын уақытылы орындамағаны үшін филиал басшылығы жауапқа тартылды деген ақпаратқа түсініктеме берді.
"ҚазАвтоЖол" қыста жолдардың жабылуына байланысты жауапқа тартылғаны рас па?
1,528
оқылды

Компанияның айтуынша, жолдың қысқа дайын болмағаны туралы ақпарат жалған, – деп жазды Aiqyn.kz.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Жамбыл облыстық филиалы басшылығының жауапкершілікке тартылғаны туралы ақпарат таралған. Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар тасжолдармен жүру қамтамасыз етілген. Көліктер үшін жол қозғалысына шектеулер енгізілген жоқ", – деп хабарлады ұйым.

Сонымен қатар "ҚазАвтоЖол" Жамбыл облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау желісі 883 шақырымды құрайтынын алға тартты. Мұнда қысқы уақытта қар тазалауға 96 бірлік техника жұмылдырылып, көктайғаққа қажетті материалдар қоры жинақталған.

"Өздеріңізге белгілі, 2023 жылдың 11-17 желтоқсаны аралығында Жамбыл облысында ауа райының қалыптан тыс нашарлауы нәтижесінде (қатты қар жауып, дауылды жел мен тұманға байланысты) облыс әкімінің шешімімен Жамбыл облысында Қордай және Шу аудандарында жергілікті ауқымда табиғи төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты автомобиль жолдарының учаскелерінде жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 20 рет көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеулер енгізілді”, – деп қосты "ҚазАвтоЖол".

Сонымен қатар "ҚазАвтоЖол" жолдарды тазалау жұмыстары нормативтік мерзімге сәйкес жүргізілгенін алға тартты.

“Ауа райының нашарлауы кезеңінде қолайсыз ауа райының салдарын жоюға 120-дан астам техника жұмылдырылды, сонымен қатар көршілес облыстардан қосымша техника әкелінгенін атап өткен жөн. Қысқы жөндеу жұмыстарын уақытылы орындамағаны үшін адамдарды жауапкершілікке тарту туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", – деп түсіндірді "ҚазАвтоЖол".