Оның заңнамалық тұғыры түзіліп жатыр. Өйткені Президент Қ.Тоқаев Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жеткенін ескерткен болатын. Мемлекет басшысы айтқандай, Әділетті Қазақстанға халық алдындағы жауапкершілігін сезінетін, мемлекет пен экономиканы бірінші орынға қоятын бизнес керек.
Монополия неге марқайды?
Мұндай бизнеспен мемлекет «конструктивті диалогке және өзара тиімді серіктестікке әзір». Ал әділдікті аяқасты етіп, арамдық алға озатын, заңды белден басып, қара басының мүддесін ғана басшылыққа алатын қаржылық-өнеркәсіптік топтарға аяушылық болмағаны абзал.
Осы орайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі алда Мәжіліске «Кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасымен кірмек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген құжатта экономикалық шоғырланумен күреске баса мән берілген.
Республикада көп саланың монополияланғанын Парламент депутаттары жиі сөз етіп жүр. Ал ұлттық заңнама монополиялық жағдайдың туындауына және бәсекелестікті шектеуге жол бермеу тетіктері мен нормаларын қарастырады. Онда олар неге жарамады?
Өйткені 30 жылдан астам уақыт ішінде олигархтар ол тосқауылды айналып өтудің сан алуан жолын салып алды. Мысалы, монополияға қарсы заңнамаға және 2015 жылғы 29 қазанда елімізде алғаш рет қабылданған Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, монополияға қарсы орган, яғни қазіргі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі алпауыт бизнес объектілерінің бірін-бірі және өзге ұсақ компанияларды тегіс «жұтып» қоймауын, қосып алмауын бақылайды.
Сондықтан нарықтағы ірі ойыншы өзге алып қарсыласын өзіне қосып алғысы келсе немесе ұсақтау субъектілерді жаппай сатып алуға ынтықса, онда ол антимонополиялық органның рұқсатын алуы керек. Мұны «аса ірі мәмілелерді келісу» деп атайды. Ведомство мұндай сатып алудың соңы неге соқтыратынын, соның салдарынан нарықтың монополияланбауын бағамдап, не мәмілеге келісім береді немесе одан бас тартады.
Бертінде бұл талап біршама қатайтылды. Бұдан былай компанияны толықтай емес, оның акцияларының жартысын сатып алуды қаласа да мемлекеттен рұқсат сұрау қажет болады.
Мәселен, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, компания акцияларының, қатысу үлестерінің 50%-дан астамын сату-сатып алу бойынша ірі мәміле жасау кезінде монополияға қарсы органның алдын ала келісімі талап етіледі.
Кеңес құрамындағы «құпия»
Олигархиялық топтар монополияға қарсы органмен осы келісу рәсімін айналып өтудің, одан рұқсат сұрауға жүгінбеудің амалын тапты. Агенттік сарапшыларының пікірінше, бұған қолданыстағы заңнаманың өзі мүмкіндік береді.
Мұндай кесірлі норма Кәсіпкерлік кодексте қарастырылған. Бұл кодексті әзірлеуге алаяқтығы үшін күдікке ілігіп, Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының шешімімен 2023 жылғы мамырдан бері қамауда отырған, ұзақ жыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқарған Абылай Мырзахметов белсенді атсалысқаны мәлім.
Сонымен, дәл осы Кәсіпкерлік кодексінің 201-бабында: «егер мұндай мәмiле бiр тұлғалар тобының iшiнде жасалса, экономикалық шоғырлану деп танылмайды» деп бекітіліп, жеңілдік берілген. Яғни, сату-сатып алу мәмілелері компанияның өз ішінде, өз тұлғалары тобының арасында жүрсе, онда монополияға қарсы ведомствоның ешқандай келісімі талап етілмейді.
Сөйтіп, «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дегендей, жалпақ жұртқа жайыла бермейтін жасырын ойындарға жол салып берді.
Сарапшылар кодекстегі «тұлғалар тобы» деген ұғымының ауқымы кең екеніне назар аудартады. Халыққа білдірмей, тұтас салаларды шайнамай жұтып жатқан олигархия осыны пайдаланады: мысалы, бұрынғы билікке жақын болған тұлғалар мен бизнесмендер бәсекелес компанияны сатып алу үшін (басып алу үшін деп те оқуға болады) түрлі амалмен сол компаниялар тобының «Бақылаушылар кеңесінің» құрамына кіріп алады.
Құрамына ену үшін бұрынғы жылдары компания қожайындарын қорқытып-үркіту, бопсалау, әкімшілік ресурсты, құқық қорғау органдарын, ақпарат құралдарын қолданып, қудалау сияқты қарау қарекеттерден де тайынбағаны енді әшкереленуде.
Ары қарай кеңес құрамына кірген жаңа тұлға сол компанияның акцияларын тегіс немесе бақылаушы пакетін өз қолына көшіріп алса, бұл «экономикалық шоғырлану» деп саналмайды. Тиісінше, антимонополиялық органның ол мәмілеге қол сұғуына, елге жариялауына заңмен тыйым салынған.
«Кодекске сәйкес, мәмілелер тұлғалардың бір тобының ішінде болған кезде монополияға қарсы органның келісімі талап етілмейді. Бақылаушылар кеңесінің құрамына сол адамдардың кіруі де жеткілікті. Болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін келісу шектерін қайта қарауды және экономикалық шоғырлану процестеріне бақылауды күшейтуді көздейтін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша шұғыл шараларды қабылдау қажет», – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сарапшылары.
Құзырың бар, қимылда, агенттік!
Заң жобасында ондай өзгерістердің тұтас тобы қарастырылған. Мәселен, аталған 201-бап түзетіледі. Мұның сыртында жаңа заң қабылданса, әлдебір тұлға кез келген нарық субъектiсiнiң, компанияның, кәсіпорынның, банктің және басқасының бұрынғыдай 50% емес, енді 25% дауыс беретiн акцияларын, жарғылық капиталға қатысу үлестерiн, пайларын сатып алса болды, осының өзі «экономикалық шоғырлану» деп есептелетін болады.
Яғни, антимонополиялық орган ол тұлғаның мәмілелерін «лупаның» астында, мұқият қарауы тиіс.
Антимонополиялық агенттік тағы бір құзырға ие болғалы тұр. Оған сәйкес, бұл ведомствоның келiсiмiнсiз жасалып, «нарық субъектiсiнiң немесе тұлғалар тобының үстем немесе монополиялық жағдайын орнықтыруға, бәсекелестiктi шектеуге алып келген экономикалық шоғырлануды» сот монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша жарамсыз деп танитын болады.
Осы және өзге де өкілеттіктерін тегеурінді қолдануы, сөйтіп, шектен шығып, астамсыған алпауыттарды жөнге келтіруі – агенттіктің қаншалықты пәрменді қимылдап, әділдікке құштарлық танытатынына байланысты болады.
Бұрынғы жылдары «жұтып қою және қосып алу» құбылысының белең алғанын келесі мәліметтен білуге болады: Қазақстанда компанияларды біріктіру және сатып алу мәмілелерінің (М&А мәмілелерінің) көлемі тек соңғы 10 жылда шамамен 45 миллиард долларға жетіпті. Мұндай төбе шашты тік тұрғызатын деректер «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – Qazaqstan Investment Corporation компаниясы Baker Tilly халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп дайындаған есепте айтылған.
Онда жазылғандай, жалпы сомасы 45 миллиардтай доллардың ішінде 4,8 миллиарды рrivate equity қағидаты бойынша жүзеге асырылған тікелей инвестициялық қорлар мен отбасылық кеңселердің қатысуымен жасалған мәмілелердің еншісіне тиіпті.
2012 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта М&А мәмілелерінің көлемі мен саны әр кезеңге байланысты айтарлықтай құбылып, бірде өршіп, бірде басылып тұрды. Соған қарамастан аталған онжылдық кезеңде follow-on инвестицияларын қоса алғанда, жалпы құны 49,7 миллиард долларға бағаланған акцияларға қатысты 360 мәміле жасалған екен. Осылайша, он жыл ішінде жылына орта есеппен 4,9 миллиард доллар көлеміндегі 36 мәміледен бекітіліп отырған болып шығады.
«Жұтып қоюға» құмар, жұтқыншағы терең алпауыттарды банк, қаржы секторы, мұнай, газ, энергетикалық кешендер сияқты қуат көздері, материалдар өндірісі сияқты салалар көбірек қызықтырған екен.
Әрине, жаңа заңнамалық түзетулер алда болатын жаңа мәмілелерді реттейді және болашақта нарық субъектілерінің бүкіл тізгіні бір қолда шоғырлануына тоспа құрудың шараларын көздейді. Бірақ бұрын бекітілген заңсыз мәмілелер де құзырлы органдардың назарынан тыс қалмағаны жөн. Онымен күрес Президенттің тағы бір бастамасы – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару аясында қолға алынды.
Елдос СЕНБАЙ