Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйге 500-дей кісі 3,5 миллиард теңге құйған.
Ақтөбеде құрылыс компаниясының басшысы алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Фото: almaty.tv
2,231
оқылды

Ақтөбе қаласында ісіне салғырт қараған құрылыс компаниясына қатысты сот процесі жүріп жатыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz Алматы арнасына сілтеме жасап.

500-дей кісі 3,5 миллиард теңге құйған тұрғын үйдің бірінде жобада жоқ 6-қабаты салынса, кейбірінің іргетасы ғана дайын. Мәселен, 3 ғимараттың құрылысы 2022 жылы бітуі керек еді. Ол да аяқсыз қалған. Үлескерден миллиардтап алынған қаржының қайда кеткені тергеліп, құрылыс компаниясының басшысы алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

«Құрылыс сағызша созылды. Қаншама уақыт өтті, нәтижесі жоқ. Құрылыс салушы да, жалған инвестор да қазір тергеуде екен. Бірақ істі сотқа жеткізе алмай жатқан көрінеді. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Экономикалық сараптама да өткізіпті. Бір қызығы, құрылысқа жауапты азаматтардан тиісті құжат табылмаған. Баспанамды күткеніме 3 жыл болды. Бұлардың кесірінен талай отбасы қиналып жатыр. Мен қазір жатақхана жағалап жүрмін», – деді үлескер Гүлбақыт Нәжитова.

Ал әкімдіктегілер мәселені шешу үшін арнайы жоспарымыз да дайын, құрылысты аяқтайтын компания да таптық деп сендірді.

«Бүгінде «Ақтөбе» құрылыс компаниясы нысанда жұмыс бастай алмай отыр. Сондықтан соттың шешімін күтуге тура келеді. Үкімнен кейін мәселені шешуге білек сыбана кірісеміз. Тиісті шаралар қабылданады. Осы жылдан бастап мәселе назарда болады», – деді қала әкімі Азамат Бекет.

Үлескерлердің арасында арыз бермегендер де бар. Ал әкімдіктегілер ертерек заңға жүгініп, мәселені шешуге атсалысуға шақырды. Басы дауға қалған құрылыс компаниясы бір пәтерді екі адамға сатты деген күдік те бар көрінеді.