Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов Майқайың-Павлодар автожолында қызметтік автокөлігімен жол апатына ұшырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Жол-көлік апатының болғаны туралы Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова растады. Оқиға 9 қаңтар күні болған. Серік Барлыбайұлы Майқайыңдағы оқиға бойынша құрылған жедел штабтың мүшесі ретінде алтын кенішінде жүрген. Сол күні кешкілік қызметтік көлігімен Павлодар қаласына жолға шығады. Асфальттың тайғақ болуынан жеңіл техника жүргізушіге бағынбай, жолдан шығып кетіп, аунаған.
«Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов пен көлік жүргізушісі дін аман. Тек Серік Барлыбайұлы аздап жеңіл жарақат алған. Денсаулығына төніп тұрған ешқандай қатер жоқ», – дейді баспасөз қызметінің басшысы.
Ал өңірлік полиция департаменті аталған жол-көлік оқиғасы жайында жол полициясында ешқандай дерек тіркелмегенін хабарлады.
Серік Батырғожинов аталған лауазымды 2023 жылдың қараша айынан атқарып келеді. Бұған дейін бірнеше ауданның басшысы, Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметінде болған.