Атырау облысында Индер ауданының тұрғындары мал іздеуге шығып, хабарсыз кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Адамдардың жоғалғаны туралы ақпарат 9 қаңтар күні сағат 23.05-те түскен.
Индер ауданының төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына тартылған.
Жоғалған үш адам (1990 ж.т., 1984 ж.т., 1977 ж.т.) сол күні сағат 08.00-де Toyota Land Cruiser-100 маркалы автокөлікпен Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Жанама ауылына қарай мал іздеуге шығып, кері оралмаған.
Іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижелі аяқталып, 10 қаңтарда таңғы сағат 05.20 шамасында жоғалған адамдар «Аю» қыстағының маңынан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Медициналық көмекті қажет етпеді.
Айта кетейік, «Аю» қыстағы Индербор кентінен 35 шақырым қашықтықта орналасқан.
«Біз мал іздеуге жолға шыққанбыз, жердің батпақты болуына байланысты автокөлігіміз батып, істен шықты. Сонымен қатар ұялы байланыс телефонымыз ажырап, еш хабарласа алмай қалдық. Бізді тез арада іздеп тауып, аман-есен елді мекенге жеткізген құтқарушыларға алғыс білдіреміз», – деп атап өтті табылған адамдар.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД Индер ауданы ТЖБ 5 қызметкері мен 1 техникасы, АПБ 2 қызметкері, 1 техникасы жұмылдырылды.
Баян Жанұзақова