Суда қайнап піскен еттің де, көкөністің де денсаулыққа пайдасы мол. Ал оның суы – сорпаны ішудің пайдасы одан да көп.
Дәмді сорпа дайындаудың құпиясы
massaget.kz
2,121
оқылды

Қуырылған майлы тағамдар және фастфудтардан мәртебесі жоғары сорпа суын әзірлеу де аса оңай емес. Әйткенмен, мына жазбадан оны әзірлеудің жолдарын үйренсеңіз, түк те қиындығы болмас деп ойлаймыз, деп хабарлайды Aikyn.kz massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Сорпаны түскі асқа ішу керек пе, әлде кешкі асқа ішу керек пе деген бәс осы күнге дейін аспаздардың даулы мәселесіне айналған. Көбі сорпаны кешкі тағам ретінде қолдануды ұсынады. Өйткені сорпаны аса ауыр тамақ деп санамайды. Ал кейбірі күні бойы күш-қуат беріп жүру үшін және тез сіңу үшін оны түскі асқа ішу керек деп жатады.

Аспаздардың енді бірі сорпаның дәмді болып шығуын етпен байланыстырып жатса, енді бірі оны оған қосатын дәмдеуіштерімен байланыстырады. Әркім өз асүйінің иесі, қожасы. Әйткенмен, біз бүгін асүй ханшайымдарына сорпаны қалай дұрыс пісіру керектігін айтпақпыз.

Сорпа үшін, әрине, еттің маңызы зор. Сорпаның дәмі дәмдеуішсіз-ақ әдемі болғанын қаласаңыз, етті қайнату арқылы пісірген дұрыс болады. Әйткенмен, сол секілді етті қуырып пісіретін де аспаздар бар.

Етпен жасалатын сорпаларға түрлі көкөністі қосып дайындау керек, ал балықтан жасалған сорпаларға теңіз орамжапырақтарын қосқан дұрыс. Картоптан жасалған сорпаға әртүрлі дәнді дақылды қосу керек.

Балықтан жасалған сорпаға ешқашан қамыр қосқан дұрыс саналмайды. Дайын макарон өнімдерін балықпен араластырып, үлкен қателікке жол беріп қоймаңыз.

Сонымен қатар  құс етінен жасалатын сорпалардың дәмі ерекше болады. Оны дайындау үшін етті алдымен салқын суда бірнеше рет жуып алу керек. Құс қанаттарын салқын суға салып, суды отқа қойып, кәстрөлге саламыз. Бетін жауып, қайнағанша қатты отта ұстаймыз. Су қайнаған соң көбігін алып, отты бәсеңдетеміз.

Сорпа дәмді болу үшін және бойындағы дәруменінен айырылмау үшін әр көкөністі салған сайын өз уақытымен, әрі ретімен қайнатып отыру керек.

Лавр жапырақтары, тұз, бұрыш секілді қоспаларды тағам пісуге жақындағанда салу керек.

Барлық көкөністі бірдей көлемде етіп турау керек. Картопты текшелеп, сәбізді төртбұрыштап, пиязды дөңгелектеп әрқайсысын әртүрлі етіп турауға әдеттенбеңіз. Мәселен дәнді-дақылдар қосылған сорпаға көкөністерді төртбұрыштап, ал макарон өнімдерінен дайындалатын сорпаға текшелеп тураған тиімді. Ал егер орамжапырақты да төртбұрышты етіп турасаңыз, онда қалған көкөністерді басқаша формада турауға болады. Егер орамжапырақты үлкендеу етіп турау керек болса, көкөністерді текшелеп тураған тиімді. Әйткенмен, бұл аспаздар «бекіткен» қағида. Өзіңіздің фантазияңызға біз шек келтірмейміз.

Сорпаға сәбіз бен пиязды алдын ала қуырып салған да дұрыс. Ол сорпаның түрін және демін ашады. Алдымен аз ғана майды қыздырып, 2 минуттан 5 минутқа дейін жұқа етіп туралған пиязды қуырып аламыз да, содан соң туралған сәбізді салып қуырамыз. Күйгенге жеткізбей қуырып біткен соң қызанақ немесе томат пастасын қосып тағы 10 минуттай жай отта ұстай тұрамыз. Өйткені томат көкөністерге сіңіп үлгеруі керек.

Мұның бәрін жасап болған соң суда қайнап пісуге жақындаған етке саламыз да қосып бір қайнатамыз. Одан соң капуста не картопты қосуға болады. Бір қайнаған соң бәрі толық піскенше жай отта жарты сағаттай ұстаймыз.

Аспаздардың дайындау тәсілі, міне, осылай: қарапайым, әрі дәмді. Сіздер де дайындап көріңіздер.