Содан бері мемлекет ғалымдармен, сарапшылармен бірге салмақты жұмыс жүргізді. Міне, Адай жылқысы «дербес тұқым» ретінде танылып, арнайы патентке ие болып, ресми мәртебесі бекітіліп отыр.
– Халқымыз үшін жылқының орны қашанда ерекше. Қазақтың Адай жылқысын Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыстарында әрдайым бәйге алып жүр. Қазақы Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады! Сондықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асылтұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырамын, – деген болатын маңғыстаулықтармен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әділет министрлігі Адай жылқысының жалғыз емес, бірден 6 жаңа тұқымын «жаңа ұлттық бренд» ретінде тіркеп, патент берді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің Апробация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысы негізінде Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институты Адай жылқысының жаңа 6 тұқымын «селекциялық жетістік» ретінде тіркеді. Мұнда 3 патент – мініс аттарына, 2 патент – ішкітұқым түрлеріне және 1 патент «Адай тұқымы» жылқысына берілді. Соның негізінде 6 тұқым да селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркелді. Патент иеленушінің селекциялық жетістікті пайдалануға айрықша құқығын, оның басымдығы мен селекционердің авторлығын куәландыратын патенттер берілді», – деді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Оның айтуынша, патенттер беру туралы мәліметтер 2023 жылғы 29 желтоқсанда ресми бюллетеньде жарияланды. Осылайша, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл тапсырмасы орындалды.
Мұнымен іс бітпейді: Президент Маңғыстау облысына сапарының қорытындысы бойынша Үкіметке Адай асылтұқымды жылқысын ғылыми тұрғыдан дәлелдеумен ғана шектелмей, оның басын, өсімін молайту бойынша жедел жұмыс жүргізуді жүктеген болатын. Әйтпесе, Үкіметтің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №960 қаулысымен бекітілген 2030 жылға дейінгі «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасында» Қостанай, Адай жылқысы сияқты ұлттық брендтерді дамытуға жете көңіл бөлінбеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағдарламалық құжатқа бүгінде өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп жатыр. Әділет министрлігі өкілінің түсіндіруінше, «дербес тұқым» ретінде мойындалып, жаңа тұқымдарына патент берілуі және оның жаңа ұлттық бренд ретінде тіркелуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біріншіден, осының арқасында Адай жылқысы қарапайым мал ретінде құрып кетпей, дербес асыл тұқым ретінде сақталады. Бұған бұдан былай мемлекеттің өзі мән беруге тиіс.
Екіншіден, ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік құрылымдар мен ғалымдар Адай жылқысын селекциялап, іріктеуге, яғни жаңа тұқымдарын алуға күш салады. Бұған бюджеттен қаражат қарастырылады.
Үшіншіден, бұл асылтұқымды жануар Қазақстанның ұлттық бренді ретінде дәріптеледі. Мұны елдің бір киесі саналатын түрікменнің әйгілі Ақалтекесінің мысалында қарастыруға болады. Қ.Тоқаев 2021 жылғы 24 қазанда Түрікменстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Ашхабад қаласындағы Ахалтеке жылқысына арналған кешенге арнайы ат басын бұрып, аралап көрген болатын.
Елдің сол кездегі Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан лидеріне дәл ипподромда дастарқан жайып, түрікменнің осы тұқымдас арғымақ аттарының өнерін мақтана паш еткен еді. Ендеше қазақ елі де Адай тұқымын ары қарай асылдандырып, «бізде мынадай бар, мынадай бар!» деп бар әлемге мақтан тұта көрсете алады.
Қазақстанда өтетін ат жарыстарына негізінен ағылшын, араб тұқымдас жылқылар көбірек түсіп жүргені байқалады. Себебі бұл әлем таныған спорт жылқысы тұқымдары. Түрікменнің Ақалтекесі де жақын қашықтыққа атқан оқтай зулайды. Ал қазақ жылқысының, соның ішінде Адай жылқысының мінезі де, әлеуеті де оларға қарағанда мүлде ерекше. Кең тынысты, мол шабысты, табиғатынан темірдей төзімді, текті жануар бабы келіп, бауыры жазылып шапса, отты жанарымен айналасын шолып, ауыздығын қарш-қарш шайнап, жер апшысын қуырады. Әрі мінезді, намысқой: алдына қара түсірмеуге тырысады.
Адай жылқысы халықаралық сарапшылар арасында да алысқа шабуға шыдас беретінімен жоғары бағаланады. Сол қасиетінің арқасында Қазақстан тарихында тұңғыш рет, 2022 жылғы 18 қыркүйекте басталып, 12 күнге созылған «Ұлы дала жорығы» аламанында Адай жылқыларын жаратып, жарысқа қосқан маңғыстаулық шабандоздар жеке-дара озды. Елордадан Түркістан қаласына дейінгі 1 200 шақырымнан аса қашықтықты шаршап, шалдықпай еңсеріп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Сөйтіп, 19 өңірден жиылған 200-ге жуық сәйгүлікті артқа тастады.
2023 жылғы «Ұлы дала жорығы» марафонында да Адай жылқылары жеңісті олжалауы мүмкін еді. Тұлпарларды баптауда ондаған жыл тәжірибесі бар атбегі Әлеке Бөлтековтің айтуынша, былтырғы республикалық марафонның 1 мың шақырымдайында маңғыстаулық команда алғашқылар қатарында келе жатқан. Бірақ жүйріктердің бірі жарақат алуы салдарынан бүкіл командаға жарыс жолынан шығуға тура келіпті.
Адай жылқысы осы уақытқа дейін де талай бәйгеде, соның ішінде халықаралық жарыстарда олжа салып, бас жүлделерді қанжығалап келеді. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан біріншілігінің бас жүлдесін жеңіп алды. 2013 жылы Ресейдің Рязань қаласында өткен халықаралық бәйгеде өзге қарсыластарын шаң қаптырып, тезек тергізіп, 1-орынды даусыз алды. 2015 жылы Франциядағы дүниежүзілік бәйгеде өнер көрсетіп, Латын Америкасынан, Сауд Арабиядан келген кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды.
Халықаралық стандарттар сақталды
Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Ташимов Адай жылқысына арнайы мәртебе алу үшін республикалық деңгейде үлкен іс тындырылғанын, жеке мемлекеттік комиссия құрылғанын еске салды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекция комитетінің бұйрығымен құрылған комиссия Маңғыстау облысының барлық ауданын аралады.
Өйткені «қарға баласын «аппағым» дер, кірпі баласын «жұмсағым» дер» дегендей, кез келген аттың иесі оның тұқымын «асыл» деп дәріптеуі мүмкін. Мұны ресми тану үшін халықаралық стандарттарға негізделген арнайы зерттеу жүргізіліп, ғылыми тұжырымдалуы тиіс.
– Осыған орай комиссия мүшелері 1 400-ге жуық Адай жылқысының дерек-мәліметтерін алып, жинақтады. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты заманауи технологияларды пайдаланып, әр жылқының генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді. Содан соң мемлекеттік комиссия Адай жылқысының тұқымы туралы патентті бекіту және алу үшін арнайы іс-шараларды ұйымдастырды. Аталған акт Ауыл шаруашылығы және Әділет министрліктеріне жолданды, – деді Қазбек Ташимов.
Адай тұқымы жылқыларына дербес «асыл тұқым» мәртебесін беру аясында бірнеше іс-шара қосымша ұйымдастырылды. Соның бірі – 2023 жылдың 4 қарашасында Кендірліде өткен, 100 шақырымға созылған халықаралық ат жарысы. Оның барысында шетелден, БАӘ-ден келген 6 төреші адайлық сәйгүліктерді сынады. Бұл тұқым жатжұрттық сарапшылардың биік бағасын алды.
Ал республикалық арнайы комиссия құрамына ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, сондай-ақ асылтұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлар кірді. Сонымен қатар комиссия жұмысына Ат спорты федерациясы мен қауымдастығының өкілдері қатысты.
«Бірнеше күн бойы біз ғылыми мақсатта Маңғыстау өңірін аралап шықтық. Деректер жинау үшін 1 400-ден астам жылқының өлшемдері, сынамалары алынды. Бұл жұмысты халықаралық стандарттар мен Ат спорты федерациясының критерийлеріне сәйкес жүргізіп, арнайы құралдарды қолдандық. Сапарымыз қатты аяз бен ызғарлы жел маусымына тап келді. Осы кезеңде мамандар бұл жылқы тұқымының қатал табиғи жағдайларға бейімделгенін, төзімді екенін байқады», – деді комиссия мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Сейілхан Рахманов.
Барлық процестің халықаралық стандарттар мен нормаларға сәйкес келуі маңызды болған.
Жаңа мәртебе не береді?
Жалпы, Адай жылқысы қолтума тұқым боп есептеледі. Яғни, жылқының жеке тұқымы ретінде табиғи түрде қалыптаспаған. Маңғыстаулық сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, атадан мұраға қалдырылған төл түлектерінің бірі саналатын қазақтың Адай жылқысы «дербес ұрпақ тобы» ретінде қалыптасып үлгерді. Бұл жылқылар Маңғыстау өңірінің қатал климаттық жағдайларына өте жақсы бейімделуімен ерекшеленеді, шөлді, ыстық, құрғақ климатқа шыдамды.
Ежелден бері халқымыз оның биологиялық ерекшеліктерін және жұмысқа деген жоғары қабілетін, төзімділігін кәдеге жарата білген. Оның генотиптік және фенотиптік шығу тегі ХІХ ғасырдағы әр елдің саяхатшылары мен ғалымдарының ғылыми-өндірістік зерттеу нәтижелерімен толық айқындалған. Табиғатының шыдамды болуы арқасында ұзақ қашықтықтағы халықаралық жарыстардың жеңімпазы болып жүр.
Қазақ мал шаруашалығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты жүргізген экспедициялық зерттеу қорытындысында «Адай» типтік жылқының саны 90 мыңға жуық басты құрайтыны анықталыпты. Аталған жылқыларды өз бетінше дара тұқымға сынау мақсатында институттың ғалымдары үш өнімді зауыт желісін құрды.
Мұның сыртында жылқы шаруашылығымен айналысатын азаматтардың күш салуы арқасында бұған дейін «Есболай жирен», «Есболайторы» және «Амандықторы» секілді Адай жылқыларының генелогиялық желілері 2010 жылы сынақтан өтіп, патенттеліпті.
Тек мәртебе жетіспей келген. Дербес тұқым мәртебесі болмаса, жылқы тексіз саналады.
Адай жылқысының жаңа мәртебесі оның алдынан халықаралық өрістерді де ашады. Мысалы, әлемде «Ақалтеке», «Араб», «Ағылшын» секілді өзге елдің асылтұқымды мәртебесі бар жылқылары мен олардың тұқымаралық будандары жоғары бағаланады. Жаһандық іс-шараларда, жарыстарда да солар көбірек қатысады. Енді қазақтың Адай жылқысы да солардың қатарынан лайықты орын алуға тиіс. Қазірдің өзінде Адай жылқысының ішінен шыққан тұлпарлары бірнеше миллион теңгеге сатылып жүр.
Үкімет алда Қамбар атаның асылтұқымды түлектеріне баса көңіл бөледі деген үміт бар. Премьер Әлихан Смайыловтың депутаттарға берген мәліметіне жүгінсек, 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында биыл алғаш рет жеке бағдарлама қолға алынбақ.
«Атап айтқанда, жалпы қаржыландыру көлемі 3 жылға 682,5 миллион теңгені құрайтын «Адай қазақ жылқылары мен Қостанай тұқымының салт мініс қасиеттерін сақтау және жетілдіру» ғылыми-зерттеу бағдарламасын іске асыру қолдау тапты. Нәтижесінде, салт мініс бағытындағы жылқылардың жаңа селекциялық сипаттамаларын алу жоспарлануда. Бұл жылқыларды халықаралық аренаға шығаруға мүмкіндік береді. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде Адай жылқысы тұқымын дамыту және жетілдіру мәселесі Үкіметтің бақылауында», – деді Үкімет басшысы Ә.Смайылов.
«Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңға және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларының жаңа тұқымдарын, типтеріне, желілері мен кростарына сынақ жүргізуді тәртібін бекіту туралы» шешіміне сәйкес, Адай типіндегі жылқылардың селекциялық жетістіктері мен Адай жылқысы тұқымын ресми тану «бұл құнды асылтұқымды ресурстарды дұрыс пайдалануға серпін береді».
Әлемде дәл қазақ сияқты жылқыға қарыздар бірде-бір ұлт жоқ шығар! Ата-бабамыз, әлемнің жартысын ен жайлаған көшпелілер арғымағының көмегімен ұлы даланы жаудан қорғап, ұрпағына мирасқа қалдыра алды. Жылқы малының қадір-қасиетіне жете білуі арқасында қазақ теңізге шығар жолына, бақ-байлыққа, Ұлы Жібек жолындай әлемдік сауданың орталығына қол жеткізді. Сондықтан Президенттің тапсырмасымен қазақтың Адай жылқысының арнайы патенттер алып, жоғары мәртебеге ие болуы – ұлтымыздың жеті қазынасының бірін ұлықтаудың үздік үлгісі болса керек.
Айхан ШӘРІП