Тұрғындар жарықтың жиі өшетінін айтып жанайқайын жеткізгенімен Біржан сал ауданының әкімдігі жағдайдың бақылауда екенін айтып отыр.
"Жел соқса жарықсыз қаламыз": Біржан сал ауданында тұрғындар жарықтың жиі өшетініне шағымданды
770
оқылды

Үп еткен жел соқса болды электр жарығынсыз қалатын өңірлер Ақмола облысында көбейіп барады. Осыған дейін Зеренді ауданында ондаған жылдар бойы мыңдаған халықтың боран болса болды жарықсыз қалатынын жазғанбыз. Біржан сал ауданы тұрғындары да қатты жел соқса жарықсыз қалатынын айтып ащы жанайқайын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Тұрғындардың айтуынша жергілікті билік органдары жағдайды бақылауға алдық дегенімен түйткілді шешілмей келеді. Жел соқса үйдегі тұрмыстық техникалары күйіп кетіп жарамсыз бола ма деп қауіппен өмір сүретінін жасырмады. 

– Мен Степняк қаласында тұрамын. Үп еткен жел соқса болды жарық та жалп етіп өшіп қалады. Кейде тіпті қайта-қайта өшіп-жанып зәреңді ұшырады. Әр тұрғын үйіндегі тұрмыстық техникасы күйіп кете ме деп қатты қорқады. Оны сосын кім қалпына келтірмек? «Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» өте дұрыс сөз. Алайда бізде бәрі керісінше, тек сынып қалғанда барып жөндеуге кіріседі. Жыл сайын осы. Қалай бақылауға алғаны беймәлім, – дейді Степняк қаласының тұрғыны Наталья Королева. 

Тұрғындар жарықтың жиі өшетінін айтып жанайқайын жеткізгенімен Біржан сал ауданының әкімдігі жағдайдың бақылауда екенін айтып отыр. 

– Тұтас аудан бойынша электр жарығының бір мезетте өшуі болған жоқ. Ішінара электр жарығы өшірілгені рас. Алайда аудандық электр желілері қызметкерлері оларды ешқандай ауа райы жағдайларына қарамастан қалпына келтіруге кірісті. Бүгінде электр жарығының тіреу бағандарын, сымдарын ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Аталған мәселені аудан әкімдігі бақылайды, – деді Біржан сал ауданы әкімдігінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы